Ел дамуы – тұрақтылық пен бірліктің нәтижесі

Ел дамуы – тұрақтылық пен бірліктің нәтижесі

«AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалы мәслихатының депутаты Талғат Ысқақов Астанада Мемлекет басашысының қатысуымен өткен барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының ІІІ республикалық форумында айтқан ұстанымы еліміздің халықаралық бе­делін көтеріп, әлемдік қауымдастықтағы орнын нығайта түсетінін айтады, деп хабарлайды turkystan.kz.

"Тәуелсіздік сарайында өт­­кен жиында Мемлекет бас­шысы еліміздің халықаралық арена­да­ғы орны, ел ішіндегі тұрақтылық пен қоғам дамуының негізгі бағыттары туралы маңызды ой айтты. Президенттің айтуын­ша, қазіргі Қа­зақ­стан көптеген мемлекеттен көш ілгері тұр. Қазір елі­міздің экономикалық дамуы орнықты, саяси ахуалы тұрақты және түрлі дін мен мәдениетке құрметпен қарайтын мем­лекет ретінде әлемге танылып отыр.
Мемлекет басшысы Қазақстан әрдайым бейбітшілік пен өзара түсіністік қағидаттарын ұстанатынын атап өтті. Елі­міз өркениетаралық және дінаралық диалогты дамытуға, ха­лықаралық құқық нормаларын сақтауға және мем­лекет­тер арасындағы сенім мен қауіпсіздік шараларын нығайтуға ерекше мән береді. Сонымен қатар Қазақстан ядролық қару­ды таратпау саясатын қолдап, бейбіт қатар өмір сүру идея­сын алға тартып келеді.
Менің ойымша, мұндай ұстаным еліміздің халықаралық бе­делін көтеріп, әлемдік қауымдастықтағы орнын нығайта түседі. Қазақстанның бейбітшілікке негізделген саясаты мемлекетіміздің тұрақты дамуына және сыртқы саясаттағы се­німді әріптес ретінде танылуына ықпал етіп отыр.
Мемлекет басшысы өз сөзінде еліміздің басты құн­дылығы бірлік пен татулық екеніне де ерекше тоқталды. Қазақстан – ешкімді жатырқамайтын, өзара сыйластықты жоғары қоятын мемлекет. Біздің қоғамда түрлі этнос пен мәдениет өкілдері бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүріп келеді. Бұл – еліміздің басты жетістігінің бірі.
Президенттің айтуынша, қазір Қазақстан азаматтары әлемнің көптеген елінде білім алып, кәсібін жүргізіп, түрлі салада жетістікке жетіп жүр. Бұл еліміздің халықаралық деңгейдегі беделі жоғары, мүмкіндігі мол мемлекет екенін көрсетеді. Шын мәнінде, азаматтардың еркін жүріп-тұруы мен білім алуы – елдің дамуы мен тұрақтылығының айқын белгісі.
Менің ойымша, мұндай жетістіктер Қазақстанның дұрыс даму бағытын таңдағанын көрсетеді. Тұрақтылық пен келісім сақталған жерде ғана қоғам дамып, халықтың әл-ауқаты артады. Сондықтан мемлекетіміздің бейбіт­шілікке, бірлікке және өзара құрметке негізделген саясаты алдағы уақытта да ел дамуының негізгі тірегі бо­ла береді.
Қорытындылай келе, Қазақстанның басты күші оның бірлігі мен тұрақтылығында дер едім. Осы құндылықтарды сақтай отырып, еліміз халықаралық аренадағы беделін көтеріп, азаматтарына жаңа мүмкіндіктер ашатын дамыған мем­лекет ретінде алға қадам баса береді", – дейді депутат.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары