"Басып озуыма мүмкіндік бермеді": Пара шаңғышы Ербол Хамитов "алтыннан" қалай қол үзіп қалғанын түсіндірді

/
"Басып озуыма мүмкіндік бермеді": Пара шаңғышы Ербол Хамитов "алтыннан" қалай қол үзіп қалғанын түсіндірді

2026 жылғы қысқы Паралимпиада ойындарының қола жүлдегері Ербол Хамитов сайыс жарыс жолындағы кедергілер жайында жазды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Оның айтуынша, спортшының Паралимпиада алтынын иеленуге небәрі 1 секунд жетпей қалған.

"2022 жылы Бейжіңде өткен Паралимпиада ойындарында мен спринтте тіпті квалификациядан да өте алмадым, 15-орын алдым. Ал 2026 жылғы Паралимпиада ойындарында спринтте біз қола жүлдені жеңіп алдық. Осы ойындарда квалификацияда 6-орын алдым, жартылай финалда 1-орын, финалда 3-орын. Мені 2-орыннан бар болғаны 0,03 секунд бөліп тұрды, ал алтын жүлдеге дейін 1 секунд жетпей қалды. Шынымды айтсам, бұл ойындардағы бәсекелестік өте жоғары болды. Бұл ойындарға әлемнің ең мықты спортшылары жиналды. Мен үшін бұл қола жүлде алтыннан да қымбат. Алтын алған қытайлық спортшы жартылай финалда менімен бірге жүгірді және ол 4-орын алған еді. Негізі ол финалға өтпеген болатын, бірақ канадалық спортшы дисквалификацияланғаннан кейін ол 3-орынмен финалға өтті. Ал финалда ол жарысты жеңіп шықты", - деді Ербол Хамитов.

Сондай-ақ ол өзіне бәсекелестерінің бірі қысым көрсеткенін де айтты.

"Старттан кейін бір спортшы үнемі жолымды жауып, басып озуыма мүмкіндік бермеді. Сол себепті финиш алдындағы соңғы өрге дейін мен көп күш жұмсадым. Ал арт жағымда келе жатқан қытайлық спортшы прокатпен келіп, жағдайды бақылап отырды және фиништік түзуге күшін сақтап кіріп, жақсы жұмыс істеді. Бұл жерде мен көбірек тактикалық жағынан ұтылып қалдым. Бірақ бұл — спорт. Бұрын маған «шаңғы спорты қазақтың спорты емес» деген сөздер жиі айтылатын. Мен әрқашан алдымен өзіме, кейін адамдарға бәрі мүмкін екенін дәлелдегім келді. Ең бастысы — сену және алға қарай жүру. Қазақстанның намысын қолдан бермейміз. Алға, Қазақстан!", - деп жазды пара шаңғышы әлеуметтік желідегі парақшасында. 

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары