Президент барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының ІІІ республикалық форумында жаңа Конституция жобасындағы басымдықтарға тоқталды, деп хабарлайды turkystan.kz.
«Алғаш рет білім мен ғылымды, инновацияны дамыту мемлекет қызметінің конституциялық қағидаты ретінде танылмақ. Мемлекеттің, әсіресе, білім беру жүйесінің зайырлы сипатқа ие болуы айрықша маңызға ие. Біз төрткүл дүниенің дарындарын өзімізге тартып, инвестициясын игеретін мықты елге айнала аламыз. Оған әлеуетіміз жетеді. Бұл – адам капиталының сапасын арттыру бағытындағы жұмыстың маңызды бөлігі. Сондықтан зияткерлік меншікті тұңғыш рет Конституция деңгейінде қорғау ұсынылып отыр. Бұл, өз кезегінде, креативті экономиканың дамуына тың серпін береді. «Азаматтарға жаңа міндеттер жүктейтін немесе олардың жағдайын нашарлататын заңдардың кері күші болмайды» деген норма енгізілді. Осылайша, біз тұрақты әрі түсінікті құқықтық, инвестициялық орта қалыптастырамыз. Азаматтарымыз өз құқы бұзылмайтынын, қорғалатынын біліп, олардың алаңсыз өмір сүруіне және кәсіпкерлікпен айналысуына жағдай жасалады. Сонымен қатар жекелеген аумақтар мен «қарқынды дамитын қалалар» үшін арнаулы құқық режимін белгілеу ұсынылып отыр. Осы нормаға байланысты еліміздің аумақтық тұтастығына қауіп төндіреді деген қауесет тарай бастады. Әдетте мұндай ауыр айыптауды әлемдік тәжірибеден мақұрым, заңнамалық сауаты жоқ адамдар айтады. Айтпақшы, жаңа Конституция жобасында орыс тілінің мәртебесін төмендетіп жатыр-мыс деген күңкіл әңгімеге қатысты да осыны айтуға болады. Бұл жайында жазылған мақалаларды оқудың өзі қызық. Стилистикалық және грамматикалық қателерден аяқ алып жүре алмайсың. Жарияланым авторлары орыс тілі үшін қам жейді, бірақ өздері оны дұрыс меңгермеген. Түптеп келгенде, жаңа Конституция мәтінінің ресми құжат ретінде бірдей заңды күшке ие қазақ және орыс тілдерінде жариялануы көп нәрсені аңғартпай ма? Бұл жерде түсініктеме беріп, ақталудың өзі артық», – дейді Президент.