Қасым-Жомарт Тоқаев: Еліміздің барлық бағытта әлеуеті нығайып келеді

Қасым-Жомарт Тоқаев: Еліміздің барлық бағытта әлеуеті нығайып келеді
Ақорда

Мемлекет басшысы барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының ІІІ республикалық форумында еліміздің барлық бағытта әлеуеті нығайып келе жатқанын атап өтіп, ендігі мақсат осы даму қарқынын сақтау керек екенін баса айтты, деп хабарлайды turkystan.kz.

«Бірлік, жауапкершілік, төзімділік, өзара қолдау және сенім рухы – біздің қоғамға тән асыл құндылықтар. Бұл қағидаттардың ел ертеңі үшін мәні зор. Мұны жастарымыздың терең түсінетіні қуантады. Біз дарынды ұл-қыздарымыздың спортта, өнерде, ғылымда, бизнес пен технология саласында бағындырған белестеріне шын жүректен қуанамыз. Олардың жетістіктерін тұтас ел болып атап өтеміз, мемлекеттік наградалармен марапаттаймыз. Төл мәдениетіміздің, технология саласындағы табыстарымыздың, ырысты ынтымағымыздың жарқын мысалдары Қазақстанды болашаққа қол созған прогрессивті әрі өркениетті ел ретінде танытады. Өздеріңізге мәлім, жұмыс кеңестері мен кездесулерде, халыққа арнаған Жолдауымда барлық атқарушы органның жұмысындағы кемшін тұстарды ашық айтып, талдау жасаймын. Бұл – дұрыс. Әйтсе де көзге айқын көрініп тұрған жетістіктерді де атап өткеніміз жөн. Еліміздің барлық бағытта әлеуеті нығайып келеді. Ендігі міндет – даму қарқынын сақтап, жаңа мақсатқа жету үшін алға ұмтылу. Биыл тәуелсіз ел болғанымызға 35 жыл толады. Осы уақыт аралығында жағымды және жағымсыз көптеген оқиғаға куә болдық. Мерейімізді өсірген, жігерімізді жасытқан сәттерді де бастан өткердік. Бастысы, біз шыңдалып, әлем елдерімен терезесі тең мемлекет ретінде өмір сүруді үйрендік. Алайда дүние бір орында тұрмайды. Әлем көз ілеспес жылдамдықпен өзгерді, адамзаттың дүниетанымы да жаңарды. Демек, бізге, яғни Қазақстан азаматтарына да өзгеру қажет. Халқымыздың болашағы осы үдерістің қаншалықты табысты жүзеге асатынына тікелей байланысты», – дейді Президент.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары


Жаңалықтар