Президент халықты ауыз сумен қамтамасыз ету үшін қолға алынған шараларды атады

Президент халықты ауыз сумен қамтамасыз ету үшін қолға алынған шараларды атады
egemen.kz

Биыл су шаруашылығы нысандарын салу және жаңғырту жұмыстары бойынша 220-дан астам жоба жүзеге асырылып жатыр. Бұл туралы Президент барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының ІІІ республикалық форумында айтты, деп хабарлайды turkystan.kz.

«Мемлекет ел өміріне қажетті аса маңызды инфрақұрылымды жаңғырту үшін бұрын-соңды болмаған ауқымды шараларды қолға алды. Су – тіршілік көзі екенін баршаңыз жақсы білесіздер. Қазақстан жер көлемі жағынан ірі мемлекет болғанымен, елімізде су көздері аз, тіпті, тапшы деуге болады. Сондықтан халыққа сапалы ауыз су беру, экономика салаларын су ресурсымен қамтамасыз ету еліміздің алдында тұрған стратегиялық маңызы бар міндеттер саналады. Былтыр Кендірліде су тұшыту зауыты іске қосылды, соның арқасында Жаңаөзен қаласы тұрақты ауыз сумен қамтылды. Биыл күзде Шардара су құбыры жұмыс істей бастайды, яғни қаланың 30 мың тұрғынына таза ауыз су беріледі. Жалпы, мемлекет еліміздегі бүкіл су инфрақұрылымы жүйесін дамыту үшін нақты шаралар қабылдауда. Атап айтқанда, Түркістан облысындағы Көксарай су қоймасында жаңғырту жұмыстары басталды, сондай-ақ Қызылорда, Жамбыл облыстарында су қоймалары салынып жатыр. Ауыл шаруашылығына орасан зор пайда әкелетін осы жобалар келесі жылы аяқталып, ел кәдесіне жарай бастамақ. Биыл су шаруашылығы нысандарын салу және жаңғырту жұмыстары бойынша 220-дан астам жоба жүзеге асырылып жатыр», – дейді Мемлекет басшысы.

Сонымен қатар Президент Үкімет коммуналдық және энергетикалық инфрақұрылымдарды кең ауқымда модернизациялауға кіріскенін де сөз етті.

«Жұмыс істеп тұрған 37 жылу электр стансасы жөнделді, кейбіріне жөндеу жүргізу жоспарланып отыр. Көкшетау, Семей және Өскемен қалаларына тездетіп жаңа жылу электр орталықтарын салу міндеті қойылды. Түркістан мен Қызылорда облыстарындағы бу-газ қондырғылары базасында жаңа электр станциялары іске қосылмақ. Биыл 440-тан аса қосалқы станцияны және 17 мыңнан астам шақырымды құрайтын электр желісін жаңғырту қарастырылған. Қазақстанды қуат көзімен жеткілікті қамтамасыз етудің және экономиканы әртараптандырудың басты факторы ретінде атом энергиясы өндірілмек. Еліміздің азаматтары 2024 жылы өткен референдумда Қазақстандағы алғашқы атом электр станциясын салу жөнінде стратегиялық шешім қабылдады. Бейбіт атом, сондай-ақ таза көмір өндірісі – еліміздің энергетикалық дербестігін қалыптастыратын сала», – дейді Президент.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары


Жаңалықтар