Шиелідегі емханаларға жөндеу жұмыстары жүргізіліп отырады

Шиелідегі емханаларға жөндеу жұмыстары жүргізіліп отырады

Шиелідегі емханаларға жөндеу жұмыстары жүргізіліп отырады
ашық дереккөзі
608
Осыдан бір ай уақыт бұрын (16-23 наурыз, 2017 жыл, №11-12(1181-1182)) газетімізде «Ескірген емхана, ажарсыз аурухана» атты мақала жарық көрген еді.  Мақалада еліміздегі ғимараты ескірген, тозығы жеткен медициналық мекемелер мәселесі көтерілген болатын. Аталмыш мақалада Қызылорда облысы, Шиелі ауданындағы екі мыңға жуық тұрғыны бар Алмалы ауылдық округіндегі іргетасы 50 жыл бұрын қаланған емхана да сөз болған. Осыған орай редакциямызға Шиелі аудандық Ішкі саясат бөлімінің басшысы Б. Әбдіқадыров мырзаның қолы қойылған жауап хат келді. Редакциямызға келген хатта медициналық мекемелерге қатысты жағдайдың оң нәтиже көрсетіп келе жатқандығы айтылған. Өз кезегінде мұндай жаңалықтың көпшілікті қуантатыны анық. Сондықтан, хаттың толық мәтінін оқырмандар назарына ұсынғанды жөн көрдік. «Ағымдағы жылдың 16 наурызында «turkystan.kz» сайтында «Ескірген емхана, ажарсыз аурухана» тақырыбында мақала жарияланған болатын. Мақалада Шиелі ауданындағы екі мыңға жуық тұрғыны бар Алмалы ауылдық округінде іргетасы 50 жыл бұрын қаланған емхана ғимаратының әбден тозығы жеткендігі, тұрғындарға аудан әкімдігі тарапынан ескірген медициналық мекемелерге толыққанды жөндеу жұмыстарын жүргізу, жаңа ғимарат салып беру туралы уәде жыл сайын берілетіндігі, алайда нәтижесі жоқ екендігі баяндалған. Осыған байланысты, Шиелі ауданы, Алматы елді мекенінде орналасқан «Алмалы» дәрігерлік амбулаторияға алдағы уақытта жаңа ғимарат салыну жоспарлануда, 2016 жылы ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп, қазіргі таңда «Алмалы» дәрігерлік амбулаториясы қауіпсіз, апатты жағдайда емес. Сонымен қатар, денсаулық сақтау құрылымдық бөлімшелеріне 2011-2017 жыл аралығында 7 жаңа ғимарат салынып, барлық қажетті құрылғылармен жабдықталып, жаңа үлгідегі емхана пайдалануға берілді. Атап айтсақ:
  1. Шиелі аудандық емханасы 2013 жыл;
  2. «Жақаев» дәрігерлік амбулаториясы 2013 жыл;
  3. «Сұлутөбе» дәрігерлік амбулаториясы 2013 жыл
  4. «Бидайкөл» дәрігерлік амбулаториясы 2013 жыл
  5. «Қодаманов» дәрігерлік» амбулаториясы 2017 жыл;
  6. «Еңбекші» дәрігерлік амбулатория 2017 жыл;
  7. «Ақмая» дәрігерлік амбулаториясы 2017 жыл.
Сондай-ақ, 2017 жылы Шиелі кентінен 150 төсектік аудандық ауруханасы мен Жөлек ауылында орналасқан «Жөлек» дәрігерлік амбулатория ғимаратын салуға сметалық жобалық құжатын дайындауға жергілікті бюджеттен қаражат бөлініп, бүгінгі таңда тиісті жұмыстар атқарылуда. Шиелі ауданында орналасқан емхана мен ауылдық дәрігерлік амбулаторияларға алдағы уақытта кезең-кезеңімен жөндеу жұмыстары жүргізіліп отыратындығын хабарлаймыз».  

Серіктес жаңалықтары