Ғалымдар саңырауқұлақтың адам ағзасына тигізетін пайдасы бұрын ойлағаннан әлдеқайда көп екенін анықтады. АҚШ-тағы Пенсильвания штаты университетінің зерттеушілері жүргізген зерттеу нәтижесі Food Chemistry ғылыми журналында жарияланды, деп хабарлайды turkystan.kz.
Зерттеу барысында саңырауқұлақтардың құрамында жасушаларды зақымданудан қорғайтын екі күшті антиоксидант – эрготионеин мен глутатион өте жоғары мөлшерде кездесетіні белгілі болды. Бұл заттар ағзадағы тотығу стрессін азайтып, жасушаларды еркін радикалдардың әсерінен қорғайды. Ал дәл осы еркін радикалдар қартаю процесінің жеделдеуіне, сондай-ақ қатерлі ісік, жүрек-қан тамырлары аурулары және Альцгеймер сияқты нейродегенеративті дерттердің дамуына ықпал етеді деп есептеледі.
Ғалымдардың айтуынша, саңырауқұлақ – осы екі антиоксидант бірдей көп мөлшерде кездесетін сирек тағамдардың бірі. Олардың деңгейі саңырауқұлақтың түріне байланысты өзгереді. Мәселен, ең жоғары концентрация ақ саңырауқұлақтарда анықталған. Ал кең таралған шампиньондарда бұл заттар сәл аз болғанымен, олардың мөлшері басқа көптеген азық-түліктермен салыстырғанда әлдеқайда жоғары.
Зерттеу авторларының бірі Роберт Билманның айтуынша, саңырауқұлақты пісіру оның пайдалы қасиетін айтарлықтай төмендетпейді. Себебі эрготионеин жоғары температураға төзімді келеді.
Ғалымдар алдағы уақытта әртүрлі елдердегі саңырауқұлақ тұтыну деңгейі мен нейродегенеративті аурулардың таралуы арасындағы байланысты тереңірек зерттеуді жоспарлап отыр. Алдын ала байқауларға қарағанда, Италия мен Франция сияқты саңырауқұлақ жиі тұтынылатын елдерде Альцгеймер мен Паркинсон аурулары сирек кездеседі. Ал саңырауқұлақ аз тұтынылатын АҚШ-та бұл аурулардың деңгейі жоғары.
Зерттеушілердің болжамынша, нейродегенеративті аурулардың алдын алу үшін күніне шамамен бес шампиньон жеу жеткілікті болуы мүмкін.