Жаңа Конституция – болашақтың кепілі

/
Жаңа Конституция – болашақтың кепілі

Елордада «Әділетті және прогрессивті Қазақстанның халықтық Конституциясы үшін!» жалпыұлттық коалиция өкілдері құрылыс саласының мамандарымен жүздесті. Кездесу барысында конституциялық реформалардың мәні мен еңбек адамдарына беретін мүмкіндіктері талқыланды.

Астаналық құрылысшылармен өткен жиынға қоғамдық пікір көшбасшылары мен заңгерлер: Мәжіліс депутаты Марат Бәшімов, Астана қаласы мәслихатының төрағасы Табиғат Зейнұлқабден, қалалық мәслихат депутаты Владислав Сергеев, Астана қаласы Қоғамдық кеңесінің мүшесі Назгүл Мақжан, заң ғылымдарының докторы Ермек Әбдрасулов қатысты. 
Кездесуде сөз алған Назгүл Мақжан бұл реформалардың стратегиялық маңызына тоқталды. Оның айтуынша, жаңа Конституция – бұл жай ғана заңдар жиынтығы емес, ұрпақ алдындағы жауапкершілік.
– Елімізде кеңінен талқыланып жатқан Конституция – сіз бен біздің қоғамға деген жанашырлығымыз, ұлтжандылығымыз. Болашақта балаларым қауіпсіз елде өмір сүріп, қызмет етіп, елінің патриоты болғанын қалаймын. Бұл – әрбір қазақстандық үшін тарихи сәт, – деді Назгүл Мақжан. 
Құрылыс саласының алыбы Mabetex Group компаниясы Қазақстан нарығында 1996 жылдан бері жұмыс істеп келеді және еліміздің құрылыс саласында қызмет атқаратын ірі шетелдік компаниялардың бірі. Қазір мұнда 14 мыңға жуық адам еңбек етеді. Қалалық және мемлекеттік маңызы бар ондаған жобаны жүзеге асырып, бірқатар маңызды нысанның құрылысы мен қайта жаңғырту жұмыстарын атқарды. 
Жиын барысында құрылысшыларды Конституцияның жаңа жобасы саланың дамуына қалай әсер ететіні толғандырды. Сұрақтарға жауап берген Табиғат Зейнұлқабден жаңа заңда еңбек қауіпсіздігін нығайту мен жұмысшылардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға ерекше көңіл бөлінгенін тілге тиек етті.
Компанияның тәжірибелі инженері Дінмұхаммед Алтынбекұлы бұл бастаманы қолдайтынын жеткізді:
– Мен жаңа Конституция жобасын қолдаймын. Жаңа Ата Заң біздің өмірімізді жақсартады. Көптеген салаға өзгеріс алып келеді. Сондай-ақ ол сыртқы саясатқа да әсерін тигізеді деп ойлаймын, – деді компанияда 3 жылдан бері жұмыс істейтін инженер Дінмұхаммед Алтынбекұлы.

А.Бименді

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары