Ақмола облысы Жібек Жолы ауылында бір отбасы мүшелерін өлтірді деген күдікке ілінген адам бұған дейін сотталған Бұл туралы ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов мәлімдеді, деп хабарлайды turkystan.kz.
«Осы факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Ерекше ауыр санаттағы қылмыс – кісі өлтіру. Қазіргі уақытта күдікті соттың санкциясымен ұсталды: ол қамауға алынды, қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр (…) Күдіктінің бұрын сотталғанын айта аламын. Сот санкциясымен ол екі айға қамауға алынды», – деді Әділов бейсенбі күні Сенат кулуарында.
Министрдің орынбасары оқиға орнында үшінші тәулік қатарынан жедел-тергеу тобы жұмыс істеп жатқанын да айтты.
Еске салайық, 2026 жылдың наурыз айының басында Ақмола облысы, Аршалы ауданындағы Жібек Жолы ауылында бір отбасының төрт адамы өлтірілген болатын. Қаза тапқандардың туысы болуы мүмкін деген күдікпен бір адам ізін суытпай ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.