Өскемен қаласындағы Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінің базасында, «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» жалпыұлттық коалициясы мүшелерінің сапары аясында облыстың туризм саласының өкілдерімен дөңгелек үстел өтті, деп хабарлайды turkystan.kz.
Делегацияны ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Мәдениет және Ақпарат министрі Аида Балаева басқарды.
Қатысушылар қатарында Шығыс Қазақстан облыстық мәслихатының төрағасы, облыстық коалиция жетекшісі Денис Рыпаков, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Ұлықбек Тұмашинов және Сергей Пономарев, ҚР Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин және облыстың туризм саласы өкілдері болды.
Аида Балаева жаңа Конституция жобасы адамды, оның құқықтарын, қауіпсіздігін және болашағын ел дамуының негізгі басымдығы ретінде негіздейтінін атап өтті. Сонымен қатар, жаңа Конституция елдің мемлекеттік құрылымының нығаюы мен экономикалық дамуы үшін құқықтық және институционалдық негіз қалыптастырады. Премьер-министрдің орынбасары туризм саласы үшін құқықтық тұрақтылық, инвестиция мен табиғи-мәдени мұраны қорғау ерекше маңызды екенін айтты.
«Табиғатты қорғау қағидатын бекіту үлкен маңызға ие. Бұл туристік сала үшін стратегиялық маңызы бар мәселе. Қоршаған ортаны қорғау тек экологиямен байланысты ғана емес, ұлттық қауіпсіздік пен болашақ ұрпақтың мәселесі. Табиғат – экономикалық ресурс қана емес, біздің ұлттық бірегейлігіміздің, тарихымыз бен мәдениетіміздің бір бөлігі. Оны сақтау –міндетіміз, ал оны жан-жақты дамыту – өскелең ұрпақ алдындағы жауапкершілігіміз. Туризм саласы үшін ерекше маңызды дүние – алдын ала пайымдау мен сенім. Инвесторлар мен кәсіпкерлер заңның айқын болуына, меншік құқығының қорғалуына және мемлекеттік шешімдердің тұрақтылығына сенімді болуы тиіс», – деп атап өтті Аида Балаева.
Лұқбек Тұмашинов өз сөзінде туризмнің тұрақты дамуы табиғи аумақтарды қорғаумен қатар, бизнестің инфрақұрылымға, қызмет көрсету сапасына және жаңа бағыттар ашуға инвестиция салуына мүмкіндік беретін құқықтық негіздердің болуын талап ететінін атап өтті.
«Туризм туралы сөз қозғалғанда, әсіресе Шығыс Қазақстан секілді ерекше аймақ туралы айтқанда, бір нәрсе маңызды. Табиғат қорғалуы тиіс, ал кәсіпкер ертеңгі күніне сенімді болуы керек. Экожолдар, сапаржайлар, қызмет көрсету, қауіпсіздік, цифрлық платформалар арқылы дамыту – мұның бәрі сенім мен тұрақты ережелерге негізделген. Егер Конституцияда табиғатқа жауапкергілікпен қарау және «Заң мен тәртіп» бекітілсе, бұл салаға ұзақмерзімді даму мен инвестициялар үшін мықты негіз береді», – деп атап өтті депутат.

Конституциялық реформа комиссиясының мүшесі Сергей Пономарев бір палаталы парламент – Құрылтай туралы ұсынылған үлгісіне толығырақ тоқталып, өзгерістер артық бюрократияны азайтуды және депутаттардың жауапкершілігін күшейтуді мақсат ететінін айтты.
«Бір палаталы парламент – Құрылтай – бұл тиімді үлгіге көшу. Екі палаталы жүйеде бір заң жобасы бірнеше оқылымнан өтіп, палаталар арасында келісімдер мен қайта қараулар болуы мүмкін, бұл процесс ұзарып, артық әкімшілік кезеңдерге ұласады. Ал бір палаталы жүйеде осы артық әрекеттер азайып, кәсібилік пен нақты жауапкершілікке басымдық беріледі. «Құрылтай» атауы біз үшін жақын, тарихи мәні бар ұғым. Онда маңызды шешімдер қабылданған. Ал бүгінде бұл заманауи институционалдық құрылымға айналмақ», – деді ол.
Жиын соңында Шығыс Қазақстан облысының туристік сала өкілдері конституциялық реформаны қолдайтындарын білдіріп, алдағы референдумға азаматтардың қатысуы қоғам сенімін арттырып, инвестициялық ахуалды жақсартуға және өңірлердің орнықты дамуына ықпал ететін маңызды қадам екенін атап өтті.