Онлайн-платформалардағы заң бұзушылық: Қандай жаза қарастырылған?

Онлайн-платформалардағы заң бұзушылық: Қандай жаза қарастырылған?

Бас прокурор Берік Асылов «Егемен Қазақстан» газетіне берген сұхбатында онлайн-платформаларды пайдаланушылардың қорлайтын және балағат сөздерді қолданатын жағдайға құқықтық ықпал ету тетіктері туралы баяндады, деп хабарлайды turkystan.kz.

"Бұл өзекті мәселе және біздің азаматтарымызды ғана емес, бүкіл әлемді алаңдатып отыр. Маған кейде кейбір адамдар виртуалды әлемнің тек өздеріне ғана арналған тар кеңістік емес екенін, олардың сөздері басқа пайдаланушылардың сезімін жарақаттап, намысы мен қадір-қасиетіне тиетінін түсінбейтіндей көрінеді.

Ашығын айтсам, егер адамның мәдениеті, құндылық тұрғысынан төмен болса, онда заң мен тәртіп басқаларды оның құқыққа қарсы әрекеттерінен қорғауға тиіс. Әлеуметтік желілерге еркін қол жеткізу мүмкіндігін пайдаланған адам өз іс-әрекетіне жауапты екенін, қорлау, әдепсіздік немесе қоғамға қарсы мінез-құлық заңға сәйкес салдарға әкелетінін түсінуі қажет. Заңнамада мұндай пайдаланушыларға ықпал ететін құралдар жеткілікті. Мұндай тетіктер мен жауаптылық Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексте, Қылмыстық кодексте, сондай-ақ масс-медиа туралы, ақпараттандыру, онлайн-платформалар және онлайн-жарнама, мәдениет туралы және өзге де заңдарда қарастырылған.

Қоғамдық орында балағат сөздерді қолдану, басқаларды қорлайтын әрекеттер жасау, қоршаған ортаға құрметсіздік танытатын кез-келген басқа мінез-құлық, яғни қоғамдық тәртіп пен азаматтардың тыныштығын бұзатын әрекет әкімшілік құқық бұзушылыққа жатқызылады.

Ашық интернет кеңістігінде қорлайтын және балағат сөздерді орналастыру қоғамдық тәртіпті бұзудың және басқаларды құрметтемеудің айқын көрінісі. Жылына мұндай әрекеттер үшін бірнеше мың азамат әкімшілік жауаптылыққа тартылады. Жарияланған материалдардың мазмұнына байланысты, мысалы, қорлау, әлеуметтік, ұлттық немесе діни алауыздықты қоздыру, сондай-ақ билік өкілін қызметтік міндетін орындау кезінде ашық түрде қорлау сияқты құқық бұзушылықтар үшін қамауға алу немесе бас бостандығынан айыруға дейін қылмыстық жауаптылық қарастырылуы да мүмкін.

Біздің міндетіміз заңды бұзған адамды жазалау ғана емес, біз құқық бұзушылықтың алдын-алу, заңның бұзылуына жол бермеу, құқықтық мәдениетті көтеру және тәрбиелік жұмысқа баса назар аударамыз. Азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау мақсатында бұқаралық ақпарат құралдары арқылы үндеу жасаймыз. Қазіргі таңда азаматтарды заңнаманы сақтауды, цифрлық ортада қоғамдық мораль мен өзара құрмет нормаларын ұстануды, балағат сөздер, қорқыту, қадір-қасиетті қорлайтын немесе өзге құқыққа қарсы материалдар жарияламауға шақырамын.

Менің ойымша, Конституция жобасында сөз бостандығы және ақпаратты тарату бостандығы басқа адамдардың қадір-қасиетіне, қоғамның моральдық нормаларына немесе қоғамдық тәртіпке зиян келтірмеуі керек деген норманы енгізудің негізгі алғышарттары интернетте таралатын осындай қоғамға жат құбылыстарға байланысты болып отыр", – деді ол.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары


Жаңалықтар