Акбаржон Исмаилов: Ризашылық білдіру – өткеннің өнегесін ұлықтап, бүгінгі бейбітшіліктің қадірін білу

/
Акбаржон Исмаилов: Ризашылық білдіру – өткеннің өнегесін ұлықтап, бүгінгі бейбітшіліктің қадірін білу

Алғыс айту күні – жай мереке емес, тағзым мен тағылымға толы мереке. Қазақстан Халық Ассамблеясының кеңес мүшесі, Тәжіктердің Республикалық этномәдени орталығының төрағасы Акбаржон Исмаилов Алғыс айту күні – елдігімізді бекемдейтін бірлік пен ризашылықтың қадірін ұғындыратын күн екенін айтты, деп хабарлайды turkystan.kz.

«Біз бүгін Алғыс айту күнін тек мереке ретінде емес, елдігімізді бекемдейтін терең тағзым күні ретінде қарсы аламыз. Ризашылық білдіру – өткеннің өнегесін ұлықтап, бүгінгі бейбітшіліктің қадірін білу. Қазақ жері – талай тағдырды тоғыстырған, талай ұлтқа сая болған киелі мекен. Алмағайып заманда тағдыр талқысымен осы өлкеге табан тіреген ата-бабаларымыз қазақ халқының кеңдігі мен бауырмалдығының кеңінен сезіне білді. Өзі де қиындық қыспағында жүрсе де, келгенді жатсынбай, бір үзім нанды бөліп жеу – тек текті халықтың ғана қолынан келетін ерлік деп білемін. Біздің бабаларымыз бұл жерден пана тауып қана қойған жоқ, олар осы топыраққа тамыр жайып, нағыз Отанын тапты», – дейді Акбаржон Исмаилов.

Сондай-ақ ол еліміздегі тәжік этносының 100 пайызы мемлекеттік тілді – қазақ тілін еркін меңгергенін зор мақтанышпен айтатынын атап өтті.

«Халық қаһарманы, еліміздің даңқты батыры Бауыржан Момышұлы: «Бөлінгенді бөрі жейді, бірлігі жоқ ел тозады» деп бекер айтпаған. Достық пен татулық – Қазақстанның ең басты байлығы. Бүгінде біздің егемен еліміз – бір шаңырақ астында жүзден астам ұлт пен ұлыстың мәдениетін, салтын, тілін гүлдетіп отырған теңдессіз мемлекет. Осы орайда, еліміздегі тәжік этносының 100 пайызы мемлекеттік тілді – қазақ тілін еркін меңгергенін зор мақтанышпен айтамыз. Бұл – біздің қасиетті қара шаңыраққа, қазақ рухына деген ең жоғары құрметіміз бен адалдығымыздың белгісі. Біз мемлекеттік тілді қастерлеп, қазақ халқының салт-дәстүрін өз болмысымызбен ұштастыра отырып, ортақ Отанымыздың дамуына үлес қосуды перзенттік парызымыз санаймыз. Өйткені, батыр бабамыз айтқандай, елдің тұтастығы мен ертеңгі бағыты әрқайсымыздың ортақ іске деген адалдығымыздан басталады.

«Бірлік болмай, тірлік болмас» – бұл біздің бабалардан қалған бұлжымас қағидамыз. Бүгінгі берекелі бірлігіміз – тек ізгі тілектердің жемісі емес, ол –тарихтың тезінен өткен, қиындықта шыңдалған ең асыл қазынамыз. Осынау баға жетпес байлығымызды ертеңгі күннің сын-қатерлерінен қорғау үшін бізге бүгін мызғымас құқықтық іргетас қажет», – дейді ол.

 

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары


Жаңалықтар