Орал қаласындағы «Жайық Арена» спорт кешенінде «Әділетті әрі Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» атты жалпыұлттық коалиция мүшелері Батыс Қазақстан облысына сапары аясында креативті және белсенді жастармен кездесті. Делегацияны Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі, Жалпыұлттық коалиция төрағасының орынбасары Аида Балаева бастап барды. Кездесуге Мәжіліс депутаттары, Конституциялық реформа жөніндегі комиссия мүшелері, қоғамдық сектор мен сарапшылар қауымдастығы қатысты, деп хабарлайды turkystan.kz.
Өңірдегі жастар бірлестіктері, креативті индустрия өкілдері, волонтерлік қозғалыс, медиа және қоғамдық ұйымдармен өткен әңгіме барысында жоба нормаларының басым бөлігі дәл бүгінгі жастарға арналғаны ерекше атап өтілді.
Аида Балаева қолданыстағы Конституция өзінің тарихи миссиясын орындағанын, ал жаңа Конституция білімге, ғылымға, мәдениетке және инновацияға негізделген жаңа даму моделіне көшуге бағытталғанын айтты.
«Президент елдің ұзақмерзімді бәсекеге қабілеттілігін ғылымды, технологияны және білімді ілгерілету арқылы қамтамасыз етуді стратегиялық міндет ретінде айқындап отыр. Өйткені шынайы табысты мемлекет – бұл интеллектуалдық әлеуеті мықты, мәдениеті жоғары, жаңаша ойлайтын ұлт. Бұл үдерісте сіздердің рөлдеріңіз аса маңызды. Сондықтан конституциялық бастамаларда ғылым мен білімге қатысты негізгі қағидаттардың – ғылыми шығармашылық еркіндігінің, ғалым мәртебесінің, білімнің адам мен азаматтың ажырамас құқығы ретінде танылуының бекітілуі стратегиялық мәнге ие. Бұл – болашақ ұрпақ алдындағы мемлекеттің ұзақмерзімді жауапкершілігі, ұлт сапасына, адами капиталдың қуатына және елдің зияткерлік әлеуетіне бағытталған жүйелі инвестиция», – деді вице-премьер.

Сонымен қатар Аида Балаева цифрландыру мен жасанды интеллект дәуірінде Конституция жобасында алғаш рет цифрлық қауіпсіздікке, дербес деректерді қорғауға және интернет-алаяқтыққа қарсы нормалар бекітілгенін тілге тиек етті.
«Жаңа Конституция жобасында Мемлекет басшысының ерекше бақылауындағы зияткерлік меншікті қорғау мәселесі де көрініс тапты. Бұл норманы Ата заң деңгейінде бекіту – креативті индустрияны дербес әрі экономикалық маңызы бар сала ретінде қарастырудың айқын дәлелі. Өнер, ғылым, цифрлық технологиялар, дизайн, медиа және мәдени контент саласында қызмет ететін жастар үшін бұл құқықтық кепілдіктердің күшейгенін білдіреді», – деді А.Балаева.

Жиында «Ассамблея жастары» жастар қанаты жетекшісінің орынбасары Залина Алиева да сөз сөйледі. Ол жастардың балалармен атқарылатын жобаларын, этносаралық келісімді нығайтуға бағытталған бастамалары туралы айтып, референдумға қатысты жастардың ұстанымын жеткізді.
«Алдымызда референдум тұр, оның маңызын түсінеміз және бұл шешімді қолдайтынымызды атап өткім келеді. Жастардың білімін, құқықтарын және шығармашылық еркіндігін қорғауды мақсат ететін құжат елдің әрі қарай дамуына тың серпін береді деп сенемін. Бүгінде жастар мен қоғамдық ұйым өкілдері жауапкершілікті сезініп, еліміздің тарихи дамуын қолдауы тиіс», – деді Залина Алиева.

БҚО Өңірлік коммуникациялар қызметінің басшысы, жас ақын Әділет Орынбасаров саналы таңдау ақпаратқа деген сенім мен белсенді азаматтық ұстанымнан басталатынын, ал референдум әр азаматтың жеке жауапкершілігі екенін атап өтті.
«Конституцияның 3-бабында «Мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы – халық» деп нақты көрсетілген. Бұл ел тағдырына қатысты маңызды шешімдер халықтың еркімен айқындалатынын білдіреді және әрбір азаматқа үлкен жауапкершілік жүктейді. Референдумға қатысу – жай формалды рәсім емес. Бұл – азаматтық ұстаным. Әр дауыс маңызды. Әр таңдау – ортақ шешімнің бір бөлігі. Болашақ өздігінен қалыптаспайды – біз оны бүгінгі таңдауымыз арқылы жасаймыз», – деді Ә. Орынбасаров.

Отырысқа қатысқан өзге спикерлер де Ата заңды уақыт талабына сай жаңартуды қолдады. Конституция жобасы құқықтар мен бостандықтарды нығайтуға, адами капиталды дамытуға, жастардың мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталғаны, сондай-ақ цифрлық қауіпсіздікке, экологиялық жауапкершілікке және қоғамдық ынтымақты күшейтуге қатысты нормаларды қамтитыны талқыланды.
Кездесу соңында қатысушылар сұрақтар қойып, өз ұсыныстарын айтты. 2026 жылғы 15 наурызда өтетін республикалық референдумға жастардың белсенді қатысуының маңызы сөз болды. Себебі елдің конституциялық дамуының алдағы бағытын азаматтардың таңдауы айқындайды.