310
3 айда 373 мемлекеттік қызметкер жемқорлықпен ұсталған
3 айда 373 мемлекеттік қызметкер жемқорлықпен ұсталған
Биылғы жылдың алғашқы 3 айында 373 мемлекеттік қызметкер жемқорлықпен ұсталып, жауапқа тартылған, – деп хабарлайды Астана арнасы.
Мұндай мәліметті Сенат отырысында Мемлекеттік қызмет істері және жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары Алик Шпекбаев жариялады.
Агенттік тарапынан жемқорлыққа қарсы заңнаманы жетілдіруде бірқатар өзгерістер енгізу ұсынылып отыр. Квазимемлекеттік сектордағы қылмыстардың 55 пайызы сатып алулармен байланысты екен. Сондықтан, агенттік өкілдері аталмыш саладағы сатып алуларды реттейтін заң қажет екендігін алға тартады.
Сонымен қатар, қылмыстық істердің кейбір түрін жемқорлық қылмысқа ауыстырып, жазаны да қатаңдатуды ұсынды. «Қылмыстық істердің кейбір құрамын жемқорлық қылмысқа ауыстыру керек. Мәселен, өзіне сеніп тапсырылған біреудің мүлкін талан-таражға салу немесе иемдену. Ол аса ірі көлемдегі мүлік болуы мүмкін. Бірақ ол жемқорлық қылмыс нормасынан түсіп қалған. Сондықтан біз мұны жемқорлық қылмысқа жатқызуды ұсынамыз. Ондай адамдар мемлекеттік қызметтен өмір бойына аластатылуы керек», – дейді ҚР мемлекеттік қызмет істері, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары Алик Шпекбаев.
Заң жобасын талқылауға қатысқан қоғам өкілдері жемқорларға деген жазаны күшейтпей, парақорлардың азаймайтынын айтты. «Жемқорлық үшін айыппұл төлейді бізде. Ал олардың кесірінен адамдар өліп жатыр. Балаларына көлік жүргізушісінің куәлігін сатып әпереді, олар адамдарды басып жатыр. Дипломды сатып алған дәрігер, мысалы, қанша адамның өліміне себепші болады. Біз, міне, осы тұрғыдан қарауымыз керек», – деп атап өтті «Қазақстанның азаматтық альянсы» заңды тұлғалар бірлестігінің президенті Нұрлан Ерімбетов.