Ақтөбе жастары жаңа Конституцияны қолдайды

Ақтөбе жастары жаңа Конституцияны қолдайды
Жалпыұлттық коалиция

Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» Жалпыұлттық коалициясы мүшелерімен бірге Ақтөбе облысының жұртшылығымен бірқатар кездесу өткізді, деп хабарлайды turkystan.kz.

Мемлекеттік кеңесшімен бірге өңірге Жалпыұлттық коалиция мүшелері – Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі Төрағасының орынбасары Дания Еспаева, Әділет министрі Ерлан Сәрсембаев, Президент Телерадио кешенінің директоры Раушан Қажыбаева, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің проректоры Индира Рыстина, театр және кино актері Асылхан Төлепов, продюсер әрі кәсіпкер Алмас Жали, Uni-Q Group медиахолдингінің бас директоры Мұхамедқали Тауан, «Ұлттық рух» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Аят Сүгірбай барды.

Сапар аясындағы негізгі іс-шара – өңір активімен өткен кездесу. Оған мыңнан астам адам қатысты. Олардың қатарында өңірдің көрнекті қоғам қайраткерлері, еңбек ардагерлері, мәслихат депутаттары, қоғамдық кеңестердің, этномәдени бірлестіктердің, саяси партиялар мен үкіметтік емес ұйымдардың мүшелері, білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт, бизнес салаларының өкілдері, жас көшбасшылар және өзге де азаматтар бар.

Кездесу Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаровтың баяндамасымен басталды.

Өз кезегінде, Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин Жаңа Конституция жобасын әзірлеу барысына және оның ел болашағы үшін стратегиялық маңызына жан-жақты тоқталды. Ол Жаңа Конституция білім беру, ғылым, инновациялар мен адам капиталын дамыту ісін басым бағыттар ретінде айқындай отырып, ел дамуына тың серпін беретінін мәлімдеді. Сондай-ақ Жаңа Конституция еліміздегі барша азаматтың, барлық әлеуметтік және кәсіби топ өкілдерінің мүддесі мен сұранысын қамтитынын ерекше атап өтті.

«Жаңа Конституция жобасында адам капиталын, білім беру ісін, ғылым мен инновацияларды дамыту мәселесі негізгі стратегиялық басымдықтар ретінде айқындалды. Осылайша, Жаңа Конституция мемлекет дамуына тың серпін береді. Жаңа Конституцияның мәні мен маңызы – оның еліміздегі барша азаматтың, барлық әлеуметтік және кәсіби топ өкілдерінің мүддесі мен сұранысын қамтуында», – деді Ерлан Қарин.

Парламент Мәжілісі Төрағасының орынбасары Дания Еспаева бірпалаталы Парламент – Құрылтай құруға қатысты институционалдық өзгерістерді және оның биліктің заң шығарушы тармағын нығайтудағы, меншік құқығы мен ұлттық экономика мүддесі қорғаудағы маңызын түсіндірді.

Әділет министрі Ерлан Сәрсембаев азаматтардың құқығы мен бостандығы кепілін күшейту, заң үстемдігін қамтамасыз ету және жаңа конституциялық нормаларды тәжірибе жүзінде іске асыру мәселелеріне назар аударды. Сондай-ақ Министр әділет жүйесіндегі тәуелсіз адвокатураның рөлін нығайту мәселесіне тоқталды.

Ақтөбе облысының тумасы, Еңбек Ері Аманғос Төлеуов Жаңа Конституция мазмұнының әлеуметтік бағыты мен адамға негізделген бағдарын атап өтті.

Театр және кино актері Асылхан Төлепов жаңа конституциялық нормалардың мәдениетті, шығармашылық еркіндікті және креативті индустрияны дамытуға қатысты маңызына мән берді.

Сапар аясында «Ақтөбе рельс – арқалық зауыты» кәсіпорнында теміржол саласының қызметкерлерімен кездесу өтті. Әңгімелесу барысында Ерлан Қарин Жаңа Конституция мемлекеттік саясаттың әлеуметтік бағдарын күшейтіп, азаматтардың еңбек құқығын қорғау кепілдіктерін бекіту арқылы еңбек адамының мәртебесін арттыратынын атап өтті.

Кейін Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінде студенттер қауымымен мазмұнды кездесу ұйымдастырылды. Ерлан Қарин Қазақстан тарихының көптомдық академиялық жинағының негізгі жаңашылдықтарына тоқталып, мемлекеттің тарихи дамуына біртұтас көзқарас қалыптастыру жолындағы отандық ғалымдардың ауқымды әрі тыңғылықты еңбегіне назар аударды. Ол конституциялық реформа осы тарихи сабақтастықты жалғастыра отырып, мемлекеттілік құндылықтарын бекітетінін және Қазақстанды заманауи, әділетті әрі прогрессивті мемлекет ретінде одан әрі дамытуға құқықтық негіз қалыптастыратынын атап өтті.

Сонымен қатар өңірдегі креативті сектордың өкілдерімен де кездесу өтті. Aktobe IT Hub алаңында Коалиция мүшелері мәдениет саласының, ІТ-сектордың және креативті индустрияның өкілдерімен жүздесті. Талқылау барысында адам капиталын дамыту, инновацияны қолдау және Жаңа Конституцияда ғылым, технология және шығармашылық еркіндік басымдықтарын бекіту мәселелері қозғалды.

Аймаққа сапар барысында тағы бір маңызды нысан – Ақтөбе ЖЭО болды. Жалпыұлттық коалиция мүшелері қала өмірінің тұрақтылығы тікелей осы ұжымның жұмысына байланысты екенін ескере отырып, қызметкерлермен кездесті.

Барлық кездесу барысында Ақтөбе облысының тұрғындары Жаңа Конституция жобасы қоғамның әділдік пен институционалдық тұрақтылыққа деген сұранысына жауап беретінін және мемлекетті одан әрі жаңғыртуға қажет берік құқықтық негіз қалыптастыратынын атап өтті.

Жалпы, өңірде өткізілген кездесулер Жаңа Конституция жобасына кең қолдау бар екенін және жұртшылық 2026 жылы 15 наурызда өтетін республикалық референдумға белсенді қатысуға жоғары қызығушылық танытып отырғанын көрсетті.

Жалпыұлттық Коалицияның баспасөз қызметі

Суретті түсірген: Әли Ғалым

Дайындаған: «AMANAT MEDIA GROUP» ЖШС

Тапсырыс беруші: М.Ж. Оспанов

«AMANAT» партиясы» ҚБ қаражатынан төленді

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары