Экономика өсімінің басты ұстындары

Экономика өсімінің басты ұстындары

Экономика өсімінің  басты ұстындары
ашық дереккөзі
262
Сейсенбі күні ҚР Премьер-министрі Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен Үкімет отырысы өтті. Жиында үстіміздегі жылдың І тоқсанындағы әлеуметтік-экономикалық даму және республикалық бюджеттің атқарылу қорытындылары сөз болды. Үкімет басшысы жиынның басында еліміздегі су басу қаупі бар және су басқан өңірлер әкімдерінің, Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымовтың есебін тыңдады. Премьер-министр жыл сайын қайталанатын су тасқынының алдын алу мәселесін шеше алмай отырғандарға қатаң ескерту жасады. «Баяғы жартас – бір жартас» деп жауаптыларды тұқыртқан Бақытжан Әбдірұлы жауапты мемлекеттік органдар мен әкімдіктерге төтенше жағдайларға жол бермеу үшін барлық шараларды қабылдау туралы тапсырма берді. «Жұмыс жүргізіп жатырмыз, қатаң бақылауда деп үнемі айтамыз. Бірақ келеңсіз жағдайлар орын алып отыр. Апат айтып келмейді десек те, соған қарсы өзіміздің іс- шараларымыз дайын болуы тиіс. Көп жағдайда өзімізден кеткен қателіктерден осындай жайттар орын алуда. Сондықтан, әкімдер, Ішкі істер министрлігі жағдайды қатаң бақылауда ұстап, төтенше жағдайдың әрі қарай өршуіне жол бермеуі тиіс», – деді Үкімет басшысы. Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымовтың мәліметтеріне сүйенсек, бүгінде 7 облыстың 52 елді мекеніне тасқын судың кесірі тиген. «Өңірлерде 1949 тұрғын үйді су басып, 120 автомобиль жолын су шайды. Қазір оның 68-і қайта қалпына келтірілді. Ең күрделі жағдай Ақмола облысында орын алуда. Онда 26 елді мекенде 893 үйді су басып, 2 418 адам қауіпсіз жерге көшірілді. Мұнда күрделі жағдай Атбасар қаласында болып отыр. Бұл жер- де Жабай өзенінің су деңгейі күрт көтеріліп, өткен жылы салынған қорғаныс бөгетін бұзып кетті, 269 үй су астында қалды, 130-дан астам үйді су басу қаупі бар», – деп атап өтті Қалмұханбет Қасымов. Министрдің айтуынша, қазір су басқан өңірлердегі 6 мың адам көшіріліп, 87 мыңнан астам мал басы қауіпсіз жерге шығарылған. Ал су тасқыны салдарын жою мақсатында қауіпті учаскелерге 3 мыңнан астам адам жұмылдырылған. Ішкі істер министрі Нұра, Есіл, Жабай және Колутон өзендеріндегі су деңгейінің артуы болжануына байланысты Қарағанды мен Ақмола облыстарындағы жағдайдың қиындауы мүмкін екендігін де атап өтті. Сонымен қатар, министр Астана қаласын су басып қалмау үшін жасалып жатқан жұмыстарға тоқталды. «Астананы және қала маңындағы елді мекендерді су басып қалуын болдырмау мақсатында тасқын суды астаналық контрреттеуішке бұрып әкету қимылдары басталды. 132 миллион текше метр су жолай соған бұрылды. Контрреттеуіштің шекті нормасы – 450 миллион текше метр. Астаналық су қоймасынан судың көп көлемде тасып төгілуі ары қарай жалғасса, контрреттеуіш үш тәулік ішінде-ақ толып қалады да, оның бұзылу қаупі туындайды. Осыған байланысты Астана және Ақмола облысының төменде орналасқан елді мекендері арқылы артық суды қауіпсіз өткізуді қамтамасыз ету бойынша шұғыл шаралар қабылдау талап етіледі», – деді министр. Қазіргі уақытта су тасқыны салдарын жою мақсатында ІІМ Төтенше жағдайлар комитетінің, жергілікті атқарушы органдардың, жергілікті полиция қызметінің, Ұлттық Ұланның, Қорғаныс министрлігінің күштері мен құралдары жұмылдырылуда. Министр су тасқынына себеп болып отырған жайттарды да санамалап шықты. Қалмұханбет Қасымовтың пікірінше, биыл қар өте көп жауып, шекті нормадан 3 есе асып кеткен. Ал өткен аптаның бейсенбі, жұма, сенбі күндері жаңбыр жауып, ол қардың күрт еруіне себеп болды. Соның салдарынан өзендер мен су қоймаларындағы су деңгейі көтеріліп кеткен. «Салынған жолдар бөгет ретінде пайдаға жарады. Бірақ еріген сулар сол жолдардың бойында жиналып, суағарлардың болмауы салдарынан жолдарды шайып кетті», – деді Қалмұханбет Қасымов. Министр атап көрсеткен келесі себеп – су қоймаларының дұрыс есебінің болмағандығы. Су қоймаларының иелері жазда суды егіншілікпен айналысатындарға және өнеркәсіптерге сату үшін көп жинап алуға тырысқан. Алайда су қоймаларына судың мол мөлшері түсіп, бөгеттің бұзылмауы үшін мәжбүрлі түрде суды көптеп ағызуға тура келді. Ал тасқын су өзен арналарының төмен сағаларына жайылып, елді мекендерді басып қалған. Министр мен әкімдіктегілердің сөзін тыңдаған Премьер-министр Бақытжан Сағынтаев аймақтарда төтенше жағдайларға жол бермес үшін барлық қажетті шараларды қабылдап, су тасқыны жағдайын ерекше бақылауға алуды міндеттеді. Бұл ретте облыс басшылары су тасқынынан зардап шеккендерге қажетті көмек көрсетіліп жатқандығын айтты. Бұдан кейін Үкімет мүшелері күн тәртібіндегі негізгі мәселені талқылауға кірісті. Еліміздің биылғы жылдың І тоқсанындағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары бойынша Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов баяндама жасады. Сөз басында Тимур Сүлейменов аталған мерзім ішінде ел экономикасында байқалған сыртқы жағымсыз әсерлердің толығымен жойылғандығын атап өтті. Ұлттық экономика министрі келтірген деректерге сүйенсек, 2017 жылдың І тоқсанында елдің ішкі жалпы өнімі 3 пайызға өскен, ал өткен жылдың бұл кезеңінде аздаған қысқару байқалған. «Өнеркәсіп, құрылыс, көлік және сауда салалары экономика өсімінің негізгі күшіне айналды. Биылғы жылдың басында тау-кен өнеркәсібі нашар көрсеткіштерден жақсы көрсеткіштерге ауысқан және өнеркәсіптік өндіріс қарқынында үдерісті жалғастыруда. ІЖӨ өсіміне ауыл шаруашылығындағы өндірістің 2,9 пайызға артқаны да оң әсерін тигізген. Бұдан өзге, құрылыс саласы да жақсы ықпал етті», – деді министр. Министрдің деректеріне иек артсақ, еліміздің халықаралық резервтері жыл басынан бері 2 пайызға немесе 92,6 миллиард долларға дейін ұлғайып, қалыпты деңгейде сақталуда. Оның ішінде Ұлттық қордың шетелдік валютадағы активтері 2,2 пайызға, яғни, 62,6 миллиард долларға дейін өсті. Ары қарай Үкімет мүшелері Қаржы министрі Бақыт Сұлтановтың бюджеттің орындалуына байланысты баяндамасын тыңдады. Қаржы министрі ұсынған деректерге сүйенсек, үстіміздегі жылдың І тоқсандық қорытындысы бойынша мемлекеттік бюджет кірістері жоспарланған көрсеткіштерден асқан. Мемлекеттік бюджет кірістері есептік кезеңде 113 пайызға, оның ішінде республикалық кірістер 105 пайызға, жергілікті бюджеттер 134 пайызға асыра орындалды. Республикалық бюджетке 1157 миллиард теңге сомасында кіріс түсті. Бұл жоспардағыдан 52 миллиард теңгеге артық, ал өткен жылдың І тоқсанымен салыстырғанда 137 миллиард теңгеге көп. Жоспарды асыра орындауға импорт көлемінің 25 пайызға артуы, металл бағаларының өсуінен және тауарларды өткізуден түскен айналымдар әсер етіп отыр. Мемлекеттік бюджет шығындары 97 пайызға орындалған. Республикалық бюджет бойынша игеру 98 пайызды құрап отыр. Министрдің айтуынша, бұл жергілікті бюджеттерге қарағанда жақсырақ. Биыл жергілікті қаржы тиімсіз басқарылып, оны жоспарлаудың сапасы төмендегенін білдіреді. «Жергілікті бюджеттердің шығыстары 857 миллиард теңгеге игерілді. 27 миллиард теңге орындалмады. Өңірлердің шоттарындағы қалдықтар 339 миллиард теңгені құрап, жыл басымен салыстырғанда екі есе өсті (135 миллиард теңге). Өсу барлық өңірлерде орын алды. Бұл жергілікті қаржы-қаражатты тиімсіз басқаруды және жоспарлаудың сапасы төмендегенін көрсетеді. Бюджеттерді уақытында нақтылау кезінде осы қаражат басым шығыстарды қаржыландыруға бағытталатын еді», – деп атап өтті Қаржы министрі. Ал Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев мемлекеттік органдарда бюджет қаражатының толық игерілмеуі негізсіз екенін алға тартты. «Бізде сол бір нәрсе жылдан-жылға қайталанады – сапасыз жоспарлау мен конкурстардың уақытылы өткізілмеуі орын алады. Орталықтандырылған деңгейде еш проблема жоқ. Демек, мәселе әкімшілер мен жергілікті жерлерге келіп тіреледі», – деді Бақытжан Сағынтаев. Осы ретте Премьер-министр «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыруды қаржыландыру жоспарын түзету қажеттігін атап өтті. Бұл биылғы жылдың бірінші жартыжылдығында қаржыландыруды арттыру арқылы жүзеге асуы қажет. Үкімет басшысы бюджеттік бағдарламалар әкімшілеріне мемлекет қаражатын тиімді әрі уақтылы игеру бойынша шаралар қабылдау туралы тапсырма берді. Үкімет отырысында Премьер-министр Энергетика министрі, Ауыл шаруашылығы вице-министрі, Инвестициялар және даму министрі, Білім және ғылым министрі, Денсаулық сақтау, Мәдениет және спорт министрлерінің баяндамаларын тыңдады. Жиынды қорытындылаған Үкімет басшысы 24 мақсатты көрсеткіштердің 9-ы бойынша артта қалу байқалғандығын алға тартты. Бақытжан Сағынтаевтың айтуынша, ел экономикасының өсімі 0,55 пайыздық пунктке жетуі мүмкін еді. «Біз мұндай тәжірибені алғаш рет енгізіп отырмыз, ешқандай себептер қабылданбайды, бізге нәтиже керек. Мемлекет басшысы орташа мерзімде экономиканың 5 пайыз өсімін қамтамасыз ету міндетін қойды. Сондықтан, министрлік басшыларының назарын әрбір көрсеткіштің орындалуы үшін жеке жауапкершілік жүктелетіндігіне аударамын», – деді Бақытжан Әбдірұлы.   Әсел ӘНУАРБЕК

Серіктес жаңалықтары