Шығыс Қазақстан облысы Алтай ауданына қарасты Северное ауылында жол тазалайтын мекеме жүргізушісі қайтыс болды, деп хабарлайды turkystan.kz Sputnik Қазақстанға сілтеме жасап.
Қайғылы оқиға 21 ақпанда тас жолды қардан тазалау жұмыстары аяқталғаннан кейін, арнайы жол техникасына қызмет көрсету кезінде болған. Жүргізуші ауыр жарақат алған. Оқиға орнына жедел жәрдем дер кезінде шақырылып, қажет шаралар қабылданғанымен, оны құтқару мүмкін болмады. Ер адам бұл салада 25 жыл еңбек еткен.
Марқұм жұмыс істеген бөлімше №30 республикалық маңызы бар "Өскемен – Алтай – Рахман қайнары" автожолына қызмет көрсетеді. Бұл ең күрделі учаскелердің бірі, дейді Қазавтожолда.
"Оқиға бойынша қызметтік тексеріс басталды. Арнайы комиссия құрылып, жағдайдың мән-жайы мен себептері жан-жақты қарастырылып жатыр. Оқиға орнында құқық қорғау органдары мен прокуратура қызметкерлері жұмыс істеп жатыр. Ақпарат уәкілетті мемлекеттік органдарға, оның ішінде еңбек инспекциясына жолданды", – деп хабарлады "ҚазАвтоЖол".
Ал полиция қылмыстық іс қозғаған.
"Абайсызда адам өліміне әкеп соққан еңбекті қорғау қағидаларын бұзу фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Тиісті сот сараптамалары жасалып жатыр", - дейді Шығыс Қазақстан облыстық полиция департаментінде.