Владимир Смирнов: Шайдоровтың 32 жылдан соң жетістігімді қайталағанына қуандым

Владимир Смирнов: Шайдоровтың 32 жылдан соң жетістігімді қайталағанына қуандым
Olympic.kz

Бір апта бұрын 21 жастағы мәнерлеп сырғанаушы Михаил Шайдоров Қазақстан құрамасының қоржынына қысқы Олимпиада ойындарының тарихындағы екінші алтын жүлдесін салды. Оған дейін шаңғышы Владимир Смирнов Қазақстан тарихындағы тұңғыш әрі  жалғыз қысқы Олимпиада ойындарының чемпионы болатын. Ол 1994 жылы Норвегияның Лиллехаммер қаласында өткен Ақ Олимпиадада 1 алтын, 2 күміс медаль еншілеген-тін. Осылайша, араға 32 жыл салып, Қазақстан әнұраны Қысқы Олимпиада төрінде шырқалып, көк Туымыз әлем алдында биікке көтерілді. Осынау тарихи сәтті үйінде тікелей эфирде отырып бақылаған 1994 жылғы Лиллехаммер Олимпиадасының чемпионы Владимир Смирнов ізінше қазақстандықтарға құттықтауын жеткізді. Қазір Швецияда тұрып жатқан даңқты шаңғышыға хабарласып, аз-кем әңгімелескен едік.

– Михаил Шайдоровтың тарихи жеңісін тікелей эфирден бақы­ла­дыңыз ба? Әлде жаңалықтардан есті­діңіз бе?

– Әлбетте, тікелей эфирден бақы­ла­дым. Жалпы, мен Олимпиада сайын қа­зақ­стандық атлеттер қатысатын барлық жа­рысты мүлт жібермеуге тырысамын. Сол секілді мәнерлеп сырғанаудан ерлер мен әйелдер арасындағы сынды да қа­рай­мын. Михаилдың кілең мықтыларға толы жа­рыста көрсететінін білдім. Оның жа­рыс­қа араласқанын әйелім екеуіміз те­ле­дидардан бірге қарадық. Басында алтын жүл­деге ілінетінін кесіп айту қиын болды, себебі бұл спортта бәсеке көркі қызып тұр. Де­генмен Мишаның рейтингтегі орны ке­мі бір медаль болатынына сендірді. Де­се де, алтын жүлде болады деп ой­ла­мадым. Өздеріңіз көргендей, еркін бағ­дар­лама кезінде чемпиондыққа үміт­кердің бірі құлағанда қола жүлдегер атанатынын сездім. Екінші үміткер де құлағанда күміс қал­тада деп ойладым. Сосын тіпті үшін­шісі сәтсіз өнер көрсеткенде алтын жүлде екенін бірден түсіндім.

– 32 жыл бойы ешкім мұртын бұза ал­маған рекордыңызды Михаил жаңартып, тарихи нәтиже тіркеген кезде не сезіндіңіз?

– Әрине, қатты қуандым! Отандасым үшін бойымды мақтаныш кернеді. Себебі Михаил да, мен де – Қазақстан тумасымыз. Біз сонда тудық, өстік, өндік. Біз бөтен ел­ден көшіп келгеніміз жоқ. Біз тәрбие, жұ­мыс, спортпен айналысу арқылы Қа­зақ­станнан бар жақсысын алдық. Әлбетте, ту­ған еліңде қысқы спорт түрлерінен тағы бір Олимпиада чемпионы шығып жатса, мақ­таныш емей немене?! Онымен қоса, Олим­пиадада өз жерімізде туып-өскен спорт­шының медаль ала алатын әлеуеті бар екені кімді де болса талпындырады. Сол үшін мен Михаилдың бұл айтулы же­­­­­тістігіне қатты қуандым!

– Желіде Михаил чемпион атанған күні жіберген құттықтауыңызды кө­ріп қалдым.

– Иә, ортақ чатқа құттықтау жіберген едім. Әрі «Вечерняя Алматы» басылымынан хабарласқандарға құттықтау айттым. Мен үшін қазақстандық атлеттің Олим­пиаданың ең биік тұғырына шыққанын көру – мақтаныш әрі абырой.

– Өкініштісі сол, Италияда өтіп жат­қан Олимпиадада шаңғышы­ла­ры­мыздың нәтижесі көңіл көнші­тер­лік емес. Бұл жайында не айтар едіңіз? 

– Әлбетте, мен де жаман деген баға бе­рер едім. Бұрынғы Олимпиадаларда нәти­­желер әлдеқайда жақсы болған еді. Қа­зір елде шаңғы спорты түрлері тұралап тұр. Бас­ты себеп аз уақыт бөлінуі деп ойлай­мын. Әсіресе, қысқы спорт түрлерін да­мы­тудың дұрыс бағыты жоқ. Мұндағы басты нәр­се – қыста әр спорт ерекше жағ­дайды та­лап етеді. Шаңғы жарыстары, биат­лон, тау шаңғысы секілді қысқы спорт түр­ле­рі­нің әрбіріне жеке стадион, жеке трасса қа­жет. Тиісінше, білікті бап­кер­лер мен тех­персонал да ауадай қажет. Ал бұл бізде же­тіспейді. Жазғы спорт түр­лерін жанына се­рік еткендерге кез кел­ген уақытта дайын­далуға оңайырақ, се­бебі бір ста­дион­да балуандар да, бокс­шы­­лар да жат­тыға алады. Жеңіл атлет те, ауыр атлет те сон­да шыныға алады. Олар­дың бәрі бір ста­дионның радиусында ше­берлігін шың­дай алады. Оларға анау айт­қандай үлкен жағ­дай қажет емес. Ал қыс­қы спортта жағ­дай тіпті бөлек. Мұнда спорт инф­ра­құры­лымы дамымаса, жат­тығу қиын. Бар­лығы балаларға да бейім­дел­­ген болуы ке­рек. Бапкерлер бір орында тұра­лап қал­май, үнемі біліктілігін арт­тыру­­ға тиіс. Біз­де осы нәрсе жетіңкіре­мейді.

– 2030 жылы Францияның Альпі тау­­ларын­да өтетін келесі Қысқы Олимпиа­дада нә­ти­жені жақсарту үшін біздің спорт бас­шы­лығына, спортшыларға не істемек керек?

– Спорт басқармасына жетекшілік ете­тін мамандардың алдымен ойлау қа­білеті өзгеруге тиіс. Неге бізде белгілі бір спорт түрлеріне басымдық беріледі де, ал кейбір спорттарға мән берілмейді? Жеке-дара қарамай, бәріне бірдей көңіл де, ақша да бөлінуге тиіс. Бізге мәселенің түп те­реңіне үңілу қажет. Басты проблема неде еке­ніне талдау жасау қажет. Бапкерлердің деңгейі қандай? Біліктілігі бар ма? Спорт­шылардың құрал-жабдықтары жаңарған ба? Бүгінде олардың жабдықтары қымбат тұрады. Мен спортпен айналысқан кезде біз­ге екі шаңғы жеткілікті-тін. Екеуімен де жат­тығып, сайысқа араласа беретінбіз. Қазір заман басқа. Бүгін әр шаң­ғышыға кем дегенде 5 шаңғы қажет. Клас­сикалық жарыс, скиатлон, масс-старт се­кіл­ді шаңғыдан жарысатын түрлі сайыс­қа көп әрі сапалы шаңғы қажет-ақ. Бүгінде олардың бағасы қымбат екені – басты проб­лема. Десе де, бәрібір Қазақстанда қыс­қы спорт түрлеріне аз көңіл бөлінеді, жа­сыратыны жоқ. Жоғарыда айтып өт­кенімдей, жазғы мен қыс­қы спорт түр­ле­рін бір деңгейге қоюға бол­майды. Оларға жұм­салатын шығынды да салыстыруға кел­мейді. Әр спортты же­ке қарау керек. Тағы бір айта кетерлігі, ай­мақтарды бел­гілі бір спортты дамытуды мін­детті етіп қой­са, жақсы болар еді. Мы­салы, «Мына ай­мақ тау шаңғысын да­мы­туға жауапты», «Ал мына бір аймақ конь­ки­шілерді бап­тау­ға жауапты болсын» деп аумағы кең елі­­мізді спорттық аймақтарға бөлсе дей­мін. Әр аймақ белгілі бір спортты да­мы­туға жауапты болса тиімді болар еді. СҚО, Ақмола, Павлодар, Өскемен секілді об­лыс­тар­да шаңғы, биатлон, тау шаңғысы, ко­нь­ки спортын дамытуды басты назарда ұстау керек. Түркістан облысынан шаңғы­шы­­ны баптап шығаруға тырысудың қаже­ті жоқ. Ол облыс өзінше мықты. Онда жаз­­ғы спорт түрлерінен бөлек, керемет ка­­налдарында жаттығуға мүмкіндік бере­тін су спорты қарқын алып келеді.

Владимир Смирнов

– Бұл күндері отандық БАҚ пен әлеу­­меттік желілерде Шайдоровпен қа­тар, сіздің аты-жөніңіз де аталып жүр. Қазақстандық телеарналардың бірінде сіз туралы деректі фильмнің екі күн қатарынан қойылғанын көріп қал­дым. Сіз туралы жазып, айтып жат­­қандарды оқып-ести алдыңыз ба?

– Жаңалықтардан оқымадым. Десе де, Facebook-тегі жазбалардан көріп қалдым. Со­нымен қатар блогерлердің парақ­ша­лары­на мен туралы салған бір-екі дүние­ле­рін көзім шалып қалды.

– Михаил бір сөзінде сізбен кез­дес­­кісі келетінін айтып қалды.

– Мүмкіндік болса, әрине менің де оны­­мен кездесіп, жеке құттықтағым келе­ді. Себебі мен қатты уайымдадым. Оның өзі­­нен кейінгі өнер көрсеткендердің нә­ти­жесін күтіп отырған кезінде уайымдап отыр­ғанына қарап мен де уайымға беріл­дім. Оның бет-әлпетінен қатты толқып отыр­­­ғаны көрініп тұрды. Михаил жүріп өт­­кен жолды мен де жүріп өттім. Сон­дық­тан оның нәтижелер өзгеріп жатқанда не се­зіп отырғанын елестеттім. 

– Бүгінге дейін 32 жыл бойы қыс­қы спорт түрлерінен тұңғыш әрі әзірше жалғыз Олимпиада чемпионы деп тек сізді айтып келдік. Тарих беті жаңарып, енді басқаша айтатын бо­ла­мыз.

– Қысқы спорттан тұңғыш әрі 32 жыл бойы Олимпиада чемпионы болуы – мен үшін үлкен мақтаныш. Әрине, арада 32 жыл уақыт өткен соң, бәрібір сезім бұрын­ғы­дай емес. Михаил секілді атойлау, бөр­кім­ді аспанға лақтыру сол кезде болды. Ал қазір тіптен басқаша сезім.

– Десе де, «Олимпиада чемпионы» де­ген атақ мәңгіге ғой.

– Дәл солай. Ол атақ мәңгіге өзімде қа­лады. Дегенмен, спорт мансабымды аяқ­таған соң, алдымда басқа мақсаттар тұр­ды. Қазір сол кезде тіркеген нәтижеме қа­расам, әлбетте, оның биік әрі көптен күт­кен жетістік екенін түсінемін. Деген­мен ондай жетістіктен соң, өзімді жоғал­тып алмауды, өмірімнің екінші бөлігін дұрыс өрбітуді ойладым. Еңбек жолымды жалғастырдым, бала тәрбиеледім, бүгінде не­мере бағып отырмын. Олимпиада чем­пионы атанған кездегі эйфория қазір жоқ.

– Жаңа бір сөзіңізде «Михаил жең­ген кезде өзімді еске алдым» деп қал­дыңыз...

– Әрине, ол жеңімпаз деп жарияланған кез­де спорт мансабымдағы ең ыстық сәт есі­ме оралды. 1994 жылы Лиллехаммерде Олим­пиада чемпионы атанған кезімде өз бойы­ма сыймай тұрған қуаныш пен мақ­та­ныш өз алдына. Сол кезде менің жеңі­сім­нің бүкіл Қазақстан халқына әсер ет­ке­нін көріп, жүрегім ерекше тулады. Сол кез­дегі Президент Нұрсұлтан Назарбаев мен чемпион атанған күні кешке құттық­тау жеделхатын жолдады. Бүкіл Қазақстан мен үшін шынайы қуанды. Сондықтан өзімнің сол кезде сезгенімді Михаилдың өт­кен аптада сезінгенімен салыстырдым. «Бәл­кім, ол да кешке мен секілді Прези­дент­тен құттықтау жеделхатын алатын шы­ғар» деп ойладым. Расында да, оны Мем­лекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев, күллі қазақстандықтар айрықша құттықтады. Оның жеңісіне менікіне қуан­ғандай барлығы қуанды. Ол да елге кел­ген соң сыйлық  алады. Құрмет көр­се­тіледі. Десе де, бұл жеңістің материалдық тұсын эмоциялық жағымен салыстыруға келмейді. Бүгін Михаилда эмоция көп. Ол ең үлкен арманы – Олимпиада чемпионы ата­ғына қол жеткізді. Ол да мен секілді ба­ла күнінде Олимпиада чемпионы болу­ды армандағаны хақ. Бірақ ол уақытта бұл орындалмастай көрінетін. Араға бәленбай жыл салып, ол арманы іске асты. Арманы­на адал, бүкіл қиындыққа төтеп беретін адам дегеніне жетпей қоймайды. Михаил сол адамдардың қатарынан бола білді. Кез келген адам Олимпиада чемпионы бола алмайды. Тек өзіне не керегін білетін, көп жаттыққан таңдаулылар ғана бұл атаққа қол жеткізеді.

– Қазір қайда тұрып жатырсыз? Қан­дай іспен айналысасыз?

– Мен 1991 жылдан бері Швецияда тұ­ра­мын. Қазақстанға отбасыммен келіп, көп уақыт бойы келісімшартпен жұмыс іс­тедім. Шаңғы мен биатлон федерация­сын басқардым. Мен басшылық еткен тұс­та 2010 жылы Елена Хрусталева Олим­пиа­да күмісін еншіледі. Сондықтан мен тек спортшы ретінде ғана емас, сонымен қа­тар басшы ретінде де жақсы нәтиже тір­кедім. Мен мұны мақтан тұтамын. Оны­мен қоса, елге Скавия деген мықты ком­панияны «алып» келіп, өзім бас дирек­торы болдым. Бүгінде олар елде өндіріс орнын ашты. Сондықтан спортты қойған соң да, елге көп жетістік әкелдім. Алайда, бұл туралы аз жазылды. Ал спорт жаңа­лық­тары Қазақстанда үнемі басты назар­да. Бірақ мен елде өнімді әрі тиімді жұмыс істегеніме, көп жетістікке жеткеніме әрі шетелден де көп көңіл бөлуге атсалысқа­ны­ма мақтанамын.

Михаил Шайдоров

– Су жаңа Олимпиада чемпионы Ми­хаилға қандай тілек айтар едіңіз?

– Михаилға эмоцияны тыйып ұстауды ті­лер едім. Себебі эмоция көп, қуаныш көп. Ол ертең елге келген соң, үлде мен бүл­деге оранады. Пәтер, көлік, марапат бері­леді. Көп жерге шақырады. Сондай кез­де әрдайым Олимпиада чемпионы әрі адам қалпында қалса деймін. Олимпиада чем­пионы атағы үлкен жүк пен жауап­кер­шілік артады. Сонымен қатар тәртіптілік, әдептілік, парасаттылықты қатар алып жүруі керек. Белгілі бір әдеп нормаларынан шық­пауға тиіс. Олимпиада чемпионы де­ген дардай атақты иеленген адам күллі елге үлгі, жағымды, әрдайым тек жақсы қы­рынан танылуға тиіс. Оны бүкіл Қа­зақстанға, спорт басшылары өскелең ұр­пақ­тың алдында үнемі мысал ретінде ай­тып жүреді. Сосын, әлбетте Михаил мен оның отбасына денсаулық, бақыт әрі сау­лық тілеймін! Спорттан тыс өмірінде тек жақсылық болсын! Спорттан соң да өзін жо­ғал­тып алмасын!

– Шайдоровтың триумфынан кейін, жалпы Олимпиада ойын­да­рын­­да рекордтан рекорд тіркеп жат­қан шетелдік атлеттердің өнеріне тән­­ті болған көпшілік желіде «Балам­ды мына қысқы спорт түріне бере­мін», «Ұл-қызымды мына секцияға апа­­рамын» деп жарыса жазып жатыр. Осы ретте баласының болашағын спорт­пен байланыстырғысы келетін ата-аналарға қандай ақыл айтар едіңіз?

– Ата-аналарға мүмкіндігі аз, көптігіне қара­мастан балаларыңызды спортқа бау­лыңыздар дер едім. Қазақстанда не көп, тегін секция көп. Кел де, жаттық, сосын жарыс. Балаларыңызды қай спортқа болса да, секцияларға апарыңыздар. Кішкентай күнінен тек бір спортты таңып, мәж­бүр­ле­меңіздер. Себебі бала өскен соң өзінің оң жамбасына келетін спортты таңдап ала­ды. Бастысы – бала спортпен айналыс­сын, белсенді болсын, шынығып, шымыр жүр­сін. Сол кезде пайдасын көресіздер. Де­ні сау бала өсе келе ішімдікке де, есірт­кіге де жоламайды. Ал шындап кірісіп, спорт десе ішер асын жерге қоятын дең­гей­ге жетсе, мені мен Михаил секілді чем­пион болып шығады.

– Әңгімеңізге рахмет! Осылайша, тарихи жетістіктерді сүйіншілеп жет­кізер себеп көп болсын!

Сұхбаттасқан – 
Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ

Суреттер Olympic.kz сайтынан алынды.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары