Мемлекет басшысы АҚШ-қа жұмыс сапары аясында Ashmore Group компаниясының бас директоры Марк Кумбсты қабылдады, деп хабарлайды turkystan.kz.
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ashmore Group халықаралық инвестициялық компаниясының басшысы Марк Кумбс өзара тиімді бірлескен жобаларды іске асыру мәселелерін талқылады.
Президентке Ashmore Healthcare International компаниясы мен «Самұрық-Қазына Инвест» ЖШС-інің бірлесіп, Қазақстанда халықаралық клиника салу жоспары жөнінде мәлімет берілді. Бұл бастамаға әлемдік деңгейдегі медицина операторы – Mount Sinai Health System компаниясын тарту көзделген.
Мемлекет басшысы Үкіметтің аталған маңызды жобаға жан-жақты қолдау көрсетуге дайын екенін айтты.
Марк Кумбс Қазақстан экономикасының стратегиялық секторларында ынтымақтастық орнату үшін зор әлеует бар екеніне назар аударды.
Сонымен қатар экономиканың басымдыққа ие және жоғары технологиялы салаларын дамытуға бағытталған Ашық инвестициялық серіктестік бағдарламасы аясындағы ықпалдастық перспективасы жайында пікірін бөлісті.