Мүмкіндігі шектеулі азаматтарға дауыс беруді жеңілдету шаралары талқыланды

Мүмкіндігі шектеулі азаматтарға дауыс беруді жеңілдету шаралары талқыланды

19 ақпанда Орталық сайлау комиссиясы жанындағы Мүмкіндігі шектеулі  адамдардың сайлау құқықтарын қамтамасыз ету жөніндегі жұмыс тобының отырысы өтті, turkystan.kz.

Жұмыс тобының отырысында қоғамдық бірлестіктер мен уәкілетті органдар электоралдық науқандарды өткізу кезінде учаскелерді бірінші қабатта орналастыру, көтергіш құрылғылармен, пандустармен, тактильді бағыттағыштармен, кіреберістегі шақыру батырмаларымен және автокөліктерге арналған арнайы тұрақ орындарымен жабдықтау арқылы мүмкіндігі шектеулі  адамдарды қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз ету бағытында Орталық сайлау комиссиясы тарапынан жүйелі жұмыс жүргізіліп жатқандығын атап өтті.

Аумақтық комиссиялардың ақпараты бойынша учаскелерде мүмкіндігі шектеулі  адамдарға арналған бұрыштар тиісті жабдықтармен (үлкейткіштер, құлаққаптар, өткізіліп жатқан науқан туралы ақпараттық материалдар, тірек-қимыл аппараты бұзылған азаматтардың қолжетімділігін ескере отырып жабдықталған дауыс беру кабиналары) қамтамасыз етілген.

Ағымдағы науқан дауыс беру учаскелерінде көру қабілеті бұзылған адамдарға арналған аудиоақпарат, есту қабілеті бұзылған адамдарға арналған сурдоаудармасы бар бейнематериалдар, кресло-арбамен жүретін азаматтар үшін бейімделіп орналастырылған ақпараттық материалдар түрінде қолжетімді форматтағы ақпараттық материалдармен сүйемелденуде.

Референдум комиссиялары референдум туралы барлық қажетті ақпаратты қамтитын QR-коды бар шақыру қағаздарын әзірлеуде, сондай-ақ үйлерді аралау барысында азаматтардың арнайы қызметтерге мұқтаждығы нақтыланатын болады.

Жиын барысында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Виктория Шегай inva.gov.kz порталының Қолжетімділік картасындағы өзекті мәліметтер туралы ақпаратпен бөлісті.

Бюллетеньге Брайль қарпімен трафареттер әзірленеді және олар елдегі барлық сайлау учаскелерінде ұсынылатын болады, бұл формат толықтай көрмейтін азаматтар мен нашар көретін дауыс берушілердің қажеттілігін қамтамасыз етеді, сондай-ақ әр дауыс беру учаскесінде міндетті түрде аудиобюллетень қолжетімді болады.

Сонымен қатар ҚР Президенті жанындағы Халықтың әлеуметтік жағынан осал санаттарының құқықтары жөніндегі уәкіл, Мәжіліс депутаты Кенжеғұл Сейтжан Конституция жобасы мәтінінің аудионұсқасын барлық референдум учаскелерінде орналастыру бастамасын қолдады.

Сондай-ақ барлық деңгейдегі референдум комиссияларының мүшелері үшін мүмкіндігі шектеулі  адамдардың сайлау құқықтарын қамтамасыз ету мәселелері бойынша бейнекурс ұйымдастырылды.

Жұмыс тобының отырысында Ақтөбе және Павлодар облыстарының учаскелерде электрондық үлкейткіштер, есту қабілеті төмен азаматтарға арналған индукциялық ілмектер, жарықтық және дыбыстық ақпараттандырғыштар, сондай-ақ Брайль қарпімен көрсетілген учаске сызбалары түрінде инновациялық құралдармен жабдықтау тәжірибесі туралы есептері тыңдалды.

Қазір мұндай тәжірибелерді басқа өңірлерде енгізу жұмыстары тиісті жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, пысықталуда.


 

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары