Алматыда полиция түнгі клубтың қызметін тоқтатты

/
Алматыда полиция түнгі клубтың қызметін тоқтатты
polisia.kz

Алматы қаласында кәмелетке толмағанды қоғамға жат әрекеттерге тарту фактісіне байланысты түнгі клубтың қызметі уақытша тоқтатылды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Тексеру іс-шаралары мен келіп түскен материалдарды зерделеу барысында кәмелетке толмаған азаматтың түнгі ойын-сауық мекемесінде болғаны, сондай-ақ оның құқыққа қайшы әрекеттерге тартылғаны расталды.

Аталған дерек бойынша қажетті құжаттар мен дәлелдемелер жинақталып, соның негізінде қатаң шаралар қабылданды.

Алмалы аудандық полиция басқармасының бастығы Мақсат Пшанның айтуынша, кәмелетке толмағандарды, әсіресе түнгі ойын-сауық орындарында, қоғамға жат әрекеттерге тарту – заңды өрескел бұзу.

– Мұндай жағдайларға формалды түрде қарауға немесе ескерту жасаумен шектелуге болмайды. Егер кәсіп иесі заң талаптарын елемей, балалардың қауіпсіздігіне қатер төндірсе, мұндай нысанның қызметі тоқтатылады, – деді басқарма бастығы.

Оның сөзінше, полиция бұл бағытта "нөлдік төзімділік" қағидатын ұстанады.

– Мәселе тек кәмелетке толмағандардың белгіленген уақыттан тыс жерде болуында емес. Бұл – қылмыс пен қайғылы жағдайларға алып келуі мүмкін қауіпті ортаның қалыптасуына жол беру. Мұндай салдар үшін мекеме иелері жауап береді, – деп атап өтті спикер.

Қазіргі уақытта түнгі клубтың қызметі тоқтатылды. Осыған ұқсас құқық бұзушылықтарды анықтау және жолын кесу жұмыстары жүйелі түрде жалғасады.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары