Суытылған макарон несімен пайдалы?

/
Суытылған макарон несімен пайдалы?
сурет: istockphoto.com

Суытылған макарон, күріш немесе картоп ішекке пайдалы болуы мүмкін. Себебі оларды тоңазытқышта салқындатқанда құрамында резистентті крахмал көбейеді. Бұл ағзада баяу қорытылатын, талшыққа ұқсас крахмал түрі, деп хабарлайды turkystan.kz Washington Post-қа сілтеме жасап.

Кәдімгі крахмал аш ішекте тез ыдырап, қанға сіңеді. Ал резистентті крахмал тоқ ішекке жетіп, сол жерде пайдалы бактериялар арқылы ашытылады. Соның нәтижесінде қысқа тізбекті май қышқылдары түзіледі. Олар қабынуды азайтып, қант пен холестерин деңгейін төмендетуге, 2-типті диабет, жүрек аурулары және семіздік қаупін азайтуға ықпал етеді. Сонымен қатар ішек шырышты қабатын нығайтып, зиянды заттардың қанға өтуіне жол бермейді.

Ғалымдардың айтуынша, тәулігіне шамамен 15 грамм резистентті крахмал тұтыну ұсынылады. Алайда көпшілік бұл мөлшердің үштен біріне де жетпейді. Оның табиғи көздері бұршақ, жасымық, ноқат, жаңғақ, дәндер, көк банан, картоп және тұтас дәнді өнімдер.

Крахмалға бай тағамдарды (күріш, картоп, макарон) пісіріп, кейін тоңазытқышта салқындату «ретроградация» деп аталатын үдерісті іске қосады. Осы кезде крахмал молекулалары тығыз құрылым түзіп, қорытуға төзімді болады. Нәтижесінде пайдалы крахмал мөлшері екі-үш есеге дейін артуы мүмкін.

Зерттеулер көрсеткендей, салқындатылып, қайта жылытылған күрішті жеген адамдарда қандағы қант деңгейі жаңа піскен күріш жегендерге қарағанда әлдеқайда баяу көтерілген. Дәл осындай әсер макарон мен картопта да байқалады.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары