Дәрумендер дәуірі

Дәрумендер дәуірі
сурет: istockphoto.com

Соңғы онжылдықта адамзаттың денсаулыққа деген көзқарасы түбегейлі өзгерді. Дәріхана сөрелеріндегі түрлі-түсті құтылар мен «сиқырлы» капсулалар өміріміздің ажырамас бөлігіне айналды. Медицина дамыған сайын халықтың табиғи емес қоспаларға, яғни биологиялық белсенді қоспаларға (ББҚ) деген сұранысы артып келеді. Бүгінде ББҚ нарығы миллиардтаған доллар айналымы бар алпауыт индустрия. Алайда, ғылыми ортада бұл мәселе әлі де болса үлкен пікірталас тудырып отыр. Бір топ ғалымдар мен дәрігерлер «тағамның құнарсыздығынан белсенді қоспаларды ішу өмірлік қажеттілік» десе, екінші топ «бауырға артық жүктеме» деген позицияны ұстанады. Біз бүгін ББҚ индустриясындағы ең өткір және жабық тақырыпты талқылап, аргументтерін саралап, ақиқаттың қайда екенін анықтауға тырысамыз.

Пандемия феномені

Әлемде биологиялық белсенді қос­па­ларға деген сұраныс 2020 жыл­дан бастап күрт өсті. COVID-19-ға дейін дәру­­­мендерді негізінен спортшылар не­месе нақты ауруы бар адамдар ішетін. Бір­ақ карантин жағдайды түбегейлі өз­герт­ті. Вирусқа қарсы нақты дәрі болмаған соң, адамдар «иммунитетті көтеру» арқылы өзін қорғағысы келді. Көпшілік ауруханаға барудан қорықты, сондықтан «алдын алу ем­деуден жақсы» деген принциппен ББҚ-ны жаппай сатып ала бастады. Үйде отыр­ған халық әлеуметтік желілердегі «ден­сау­лық блогерлерін» көбірек тыңдағандықтан, сұ­ра­ныс еселеп артты. Осылайша, D, C дәру­мендері мен мырыш (Zn) сатылымы ре­кордтық көрсеткіштерге жетті.
Пандемияға дейін (2018-2019 ж) әлем­дік ББҚ нарығы тұрақты, бірақ баяу өсіп отырғанын мына статистикадан байқауға болады. Пандемия кезіндегі ББҚ нары­ғы­ның өсуі жай ғана тренд емес, бұл нағыз «эко­номикалық жарылыс» болды. 2021 жы­лы жаһандық ББҚ нарығы шамамен 152 мил­лиард АҚШ долларын құрады. Ал 2020 жы­лы сатылым 2018 жылмен салыс­тыр­ғанда 50 пайызға өсіп, 220 миллиард дол­лар­дан асып түскен. Бұл – рекордтық көр­­сеткіш. С дәруменін тұтыну әлем бойын­­ша 40 пайызға, ал мультиви­та­мин­дерді тұтыну 82 пайызға артқан. 
Google Trends деректері мен сатылым есеп­тері бойынша 2020 жылы D дәру­ме­нін іздеу сұраныстары 40 пайызға өскен. Әсіресе, күн сәулесі аз Нор­вегия, Ұлыбри-тания және Германияда ре­кордтық саты-лым болды. С дәруменіне деген қызығу-шылық 85 пайызға артқан. Малайзия мен Филиппин сияқты Азия елдерінде рекорд-тық көрсеткіштер тір­кел­ді. Ал мырыш сатылымы орташа есеппен 29,3 пайызға өскен. Көптеген адам оны вирус­қа қарсы «негізгі қалқан» деп есептеді. 
Қазақстан да бұл трендтен қалыс қал­ған жоқ. 2021 жылы еліміздегі дәріханалық заттар сатылымының жалпы көлемі 624 мил­лиард тең­геге жеткен. Оның ішінде ББҚ-ның үлесі 8,9 пайыз (шамамен 55 млрд теңге) болды. Елімізге өнімді негізі­нен Қытай (42,5 пайыз) мен Ресей (36,8 пайыз) им­порттайды. Бір ғана 2024 жыл­дың дерегі бойынша қазақстандықтар осы екі елден келетін дәрумендерге 1 мил­лион доллардан астам қаражат жұм­саған. Бұл рекордтық сум­малар адамдардың «сау­лық­ты сатып алу­ға» тырысқанын көр­сетеді. Мұн­дай өсім фармацевтикалық ком­па­ниялар үшін «ал­тын ғасыр» болға­ны­мен, ме­дициналық тұр­ғыдан бұл жап­пай бақы­лаусыз қол­дану­дың бастауы болды. 

Бақылау бар ма?

Иә, бүгінде ББҚ нарығы – әлемдегі ең жылдам дамып жатқан сектор­лар­дың бірі. Ковид адамдардың бойындағы қорқынышты оятып, дәрумендерді өмір сүруге қажетті құралға айналдырды. Осы сәтте маркетинг пандемия тудырған сұранысты шебер пайдаланып, ББҚ-ны сәнді өмір сал­тының ажырамас бөлігіне айналдырды. Ковид нарықты дайындап берді, ал мар­кетинг сол нарықты жаулап алды. Қазір ББҚ ішу бұл медициналық қажеттіліктен көрі, әлеуметтік трендке көбірек ұқсайды. Осылайша, маркетинтің алтын ғасыры басталды. Олар «Бұл химия емес, табиғи шөптер мен минералдар» деген ұранмен адамдардың бойындағы қауіпсіздік сезімін оятады (бірақ бұл оның зиянсыз екеніне кепілдік бермейді). Мар­кетинг шаршауды, ұйқысыздықты, шаш­тың түсуін тек дәру­мен тапшылы­ғы­мен бай­ланыстырады. Адам дәрігерге барып тек­серілгеннен гөрі дайын кешенді сатып алғанды оңай көреді. Сондай-ақ дәрігер­лерге қарағанда, әдемі көрінетін блогер­лердің «күнделікті ішетін дәрумендері» туралы видеолары сенімдірек көрінетіні тағы бар. 
Қазіргі қоғам тез нәтиже алғысы ке­ле­ді. Ұйқыны түзеу, дұрыс тамақтану, спорт се­­кілді өмір салтын өзгертетінін әдеттерді қа­лыптастыру қиын және ұзақ процесс. Ал таңертең 5 таблетка ішу – жеңіл. Адам өзі­не: «Мен кеш жатсам да, дұрыс тамақ­тан­­басам да, мына «сиқырлы» капсулалар­ды ішсем, бәрі орнына келеді» деп ойлайды. ББҚ ішу арқылы өз ден­сау­лығына «қам-қор­лық жасап жатқандай» ты­ныштық таба­ды. Бірақ бұл иллюзия, психологиялық тұр­ғыдан өзіңді алдау, жауапкершілікті таб­леткаға ысыра салу. Алайда ББҚ сиқыр-лы таяқша емес, бұл тамақтанудың жетіс-пейтін бө­лігін толықтыру. Егер сіздің ір­ге­тасыңыз қи­сық болса, яғни күніне 5 сағат қана ұйық­тасаңыз, үнемі стрессте жүрсеңіз және қозғалмасаңыз, ең қымбат деген дәру­­мендердің ешқайсысы да құт­қарып қалмайды. 
Биологиялық белсенді қоспалар дәрі­лік затқа жатпайды, сондықтан олар FDA (АҚШ), EFSA (Еуропа) немесе Қа­­­­зақстанның Денсаулық сақтау ми­нистр­лігі тарапынан дәрілер сияқты қатаң кли­никалық сынақтан өтпейді. Өндірушіге тек «өнім құрамында адам өміріне қауіпті улы заттар жоқ» деген тағамдық қауіпсіздік сертификатын алу жеткілікті. Ал кап­су­ла­ның ішіндегі заттың мөлшері сыртында жазылғанға сәйкес пе, ол нақты емдей ме, оны ешкім мемлекеттік деңгейде тексер­мейді.
Зерттеулер негізінен дамыған ел­дер­дегі тәуелсіз зертханалары мен мем­лекеттік ба­қылау органдары тарапы­нан жүргізіледі. Мә­селен, АҚШ-та Labdoor, ConsumerLab сияқ­ты тәуелсіз ұйымдар нарықтағы ББҚ-ны сатып алып, құрамын тексереді. Нәти­же­сінде, көптеген «табиғи» арықтататын шөп шайлардың ішінен медицинада тыйым салынған сибутрамин (пси­хот­роп­тық зат) немесе гормондар табылған. Со­нау 2015 жылы Нью-Йорк Бас прокура­тура­сы ірі желілік дүкендердегі (Walmart, Target) шөп қоспаларын тексеріп, олардың 80 пайызының құрамында жапсырмада көрсетілген өсімдіктің ДНҚ-сы мүлдем жоқ екенін анықтады. Оның орнына күріш ұны мен бұршақ ұнтағы тол­тырылған. Аустралия мен Ұлыбрита­ния­да допингке қарсы агенттіктері спорттық ББҚ-ны тексергенде, құрамында көр­се­тіл­меген анаболикалық стероид­тар­дың «ізін» жиі табады. Бұл – «нәтиже тез бол­сын» де­ген мақсатта өндірушілердің жа­сайтын астыртын айласы. 
Ауыр металдар (сынап, қорғасын,   мы­­шьяк) көбіне теңіз өнімдерінен жаса­латын (Омега-3) немесе шөптік ББҚ-дан табыла­ды. Мәселе өндірушінің қасақана қосуында емес, шикізаттың лас болуында. Мысалы, мұхиттан алынған балық майы моле­кула­лық деңгейде тазартылмаса, ол пайда әке­лудің орнына ағзаны сынаппен улайды.
Қазақстанда ББҚ-лар «тағамдық өнім» ре­­тінде тіркеледі. Олардың құрамын әр пар­тия сайын молекулалық деңгейде тек­се­ретін тәуелсіз ресурс жоқ. Тексеру тек тір­­кеу кезінде (құжат жүзінде) және са­ни­тарлық-эпидемиологиялық бақылау ая­сында (улы емес екеніне) жүргізіледі. Олар тек заң бұзылғанда немесе біреу улан­ғанда ғана әрекет етеді. Комитеттің соң­ғы жыл­дары (2022-2023 ж) жүргізген рейд­тері заңсыз нарық белең алғанын көр­сетеді. Инстаграм мен базарларда са­тылатын арықтататын шөп шайлар мен кап­сула­лар­дың құрамынан тыйым са­лын­ған си­бутра­мин заты бірнеше рет табылды. Бұл зат жүрекке өте ауыр салмақ салып, ин­сультке әкелуі мүмкін. Мемлекеттік тір­кеуі жоқ (мысалы, Қытайдан немесе араб елдерінен келетін арықтататын немесе «еркек қуа­тын арттыратын» өнімдер) қос­палар өте қауіпті. Олардың ішінде допинг те, ауыр металл да болуы әбден мүмкін. Сонымен қатар тексерілген өнімдердің жар­тысына жуығында қазақ тіліндегі нұс­қаулық жоқ немесе құрамындағы қоспалар толық көр­сетілмеген. 
Еліміздегі ББҚ саласындағы ең беделді тұл­ға марқұм Төрегелді Шарманов болды. Қазақ тағамтану академиясы жылдар бойы нарықтағы өнімдердің сапасын бақылап келді. Ғылыми мекеменің зерттеулері бойын­ша Қазақстан нарығындағы ББҚ-ның 40 пайыздан астамы жарнамада ай­тылған қасиеттерге ие емес. Олар көбіне «ем­дейді» деп жарнамаланғанымен, шын мә­нінде тек тағамдық қоспа ретінде тір­­кел­ген.
Елімізде дәрумендерді тереңдете тек­серетін тәуелсіз зертханалардың жоқ­ты­ғының да бірнеше себебі бар. Біріншіден, тех­нология қымбат. Қоспа құрамындағы ауыр металдар мен жасырын гормондарды табу үшін өте қымбат спектрометрлер мен реагенттер керек. Екіншіден, заң жүзіндегі статус маңызды. Яғни, дәрумендер дәрі емес, тамаққа қосымша болғандықтан, мем­лекет оған «улы болмаса болды» деген та­лап қояды. Оның ішіндегі дәруменнің мөл­шері 100 мг ба, әлде 10 мг ба, ол үшін өн­діруші қылмыстық жауапқа тартыл­майды. Үшіншіден, «логистика» мәселесі. Көп өнімдер жеке чаттар мен әлеуметтік же­лі арқылы сатылады, оларды ресми тек­серу­ге алу өте қиын. Сондықтан бізде тұ­тынушы «өз қауіпсіздігіне өзі ғана жауап­ты». Егер өнімнің Еуразиялық эконо­ми­ка­лық одақтың бірыңғай реестрінде тіркеуі болмаса, оны ішу өз денсаулығыңа қастан­дық жасаумен тең.
Тәуелсіз халықаралық сертификаттары (GMP, NSF, USP) жоқ ББҚ-ны сатып алу ло­терея ойнаумен тең. Сіз ішкен капсуланың ішін­дегі заттың тазалығына тек өндіру­шінің ары ғана кепіл. Өйткені ББҚ нарығы – жауап­кершілігі шектеулі аймақ. Егер дәрі­нің әрбір грамы үшін мемлекет жауап бер­­­се, дәрумендердің құрамы үшін тек тұ­­­тыну­шының соқыр сенімі «жауап» береді. 

Алма неге «арықтады»?

Теория жүзінде біз барлық дәрумен мен минералды тамақтан алуымыз керек. Алайда заманауи супермаркет сөре­лері нутриенттік дефициттің көрмесі іс­пет­тес. Сыртқы келбеті мінсіз, көлемді жә­не ұзақ сақтауға болатын жеміс-жи­дек­тердің іші жылдан жылға «бос ка­лорияға» айналып барады. Ғылыми дерек­­терге сүйенсек, 50-70 жыл бұрын біздің ата-әже­леріміз жеген бір алманың құнарлылығын алу үшін, бүгінде шамамен 5-10 алма жеуі­міз керек. Бұл – жай ғана пессимистік бол­жам емес, ғылыми дәлел­денген факт.
Профессор Дональд Дэвис бастаған Техас университетінің зерттеу тобы 1950-1999 жылдар аралығындағы АҚШ Ауыл шаруашылығы департаментінің дерек­терін салыстыра отырып, 43 түрлі бақша дақы­лының биохимиялық профилін талдаған. Нәтиже көңіл көншітпейді. 13 негізгі нут­риент­тің, соның ішінде ақуыз­дың, ка­льций­дің, фосфордың, темірдің және С дәруменінің деңгейі статистикалық тұр­ғыдан айтарлықтай төмендеген. Бұл құбы­лыстың екі басты себебі бар. Біріншісі то­пырақтың тозуы. Қазіргі ауыл шаруа­шы­лығы жерді демалдыру принципінен бас тар­тып, максималды өнім алуға көшті. Топырақтан минералдарды сорып алатын өсімдіктер оның орнын толтырып үл­гермейді. Химиялық тыңайтқыштар (азот, фос­фор, калий) өсімдіктің тез өсуіне кө­мектескенімен, оның микроэлемент­тер­мен (мырыш, магний, селен) қанығуына мүм­кіндік бермейді. Топырақ – минерал­дық ресурс, егер оның қоры жаңартылмаса, өсім­дік өзінде жоқ затты жеміске бере ал­­­майды. 
Екіншіден, генетикалық сұрыптау. Се­лекционерлер ондаған жыл бойы же­містің «құнарлылығына» емес, оның кө­леміне, түріне және төзімділігіне басым­дық берді. Нәтижесінде, алмалар үлкен, қызыл және ұзақ сақталатын болды, бірақ оның ішін­де­гі пайдалы заттар сумен және қант­пен ал­масты. Ағза калорияға тояды, бірақ жасу­шалар микроэлемент тапшы­лы­ғынан «ашығады». Бұл феномен ме­дици­на­да «жасырын аш­тық» деп аталады. 
Біз жейтін көкөністер мен жемістер кө­біне піс­пей жа­тып жиналады және ұзақ жол жүреді. Сақтау жә­не термиялық өңдеу (пісіру, қуыру) кезінде дәрумен­дер­дің 30 пайыздан 90 пайызға дейіні жойылып кете­ді. Ақ ұн, ақ кү­ріш және қант сияқты өңдел­ген өнімдерде нутриенттер мүлдем қалмайды десе де бо­лады. 
Сонымен қатар біз ата-бабаларымызға қарағанда әлдеқайда көп стресске түсеміз. Ал стресс кезінде ағза магний, В тобындағы дәрумендер мен С дәруменін орасан зор жыл­дамдықпен «жағып» жібереді. Тамақ­тан келетін мөлшер бұл «өртті» сөндіруге жетпей қалады. Дәрумен қабылдауға тағы бір себеп – географиялық факторлар. Мы­салы, Қазақстанның көп аймақтарында күн сәулесі жеткілікті болғанымен, D дәру­менінің тапшылығы өте жоғары. Сон­дай-ақ, теңізден алыс орналасқандықтан, та­мақ­тан жеткілікті йод алу мүмкін емес. 
Иә, біз тоқпыз, бірақ жасушаларымыз аш. Мұны нутрициологияда «жасырын аш­тық» деп атайды. Адамның асқазаны тоқ болғанымен, жасушаларына микроэ­ле­менттер жетіспейді. Ағза калорияны жеткілікті мөлшерде алғанымен, сол ка­лорияны энергияға ай­нал­ды­ратын фер­менттік реак­ция­лар үшін қажетті кофак­тор­ларды (минералдарды) таба алмай­ды. Ал бүгінде бір адам орта­ша статис­ти­калық фи­зио­логиялық мұқтажды­ғын өтеу үшін күніне 5 келі алма немесе 2 келі сәбіз жеуі керек. Бірақ бұл мүм­кін емес қой. Мұн­дай кө­лемдегі жеміс, көкөніс ас қоры­ту жүйесіне де, қант тең­геріміне де ауыр салмақ. Сондай-ақ созыл­ма­лы стресс, ұйқының бұзылуы жә­не экология ағзадағы дәрумен­дер­дің (әсіресе магний мен С дәру­мені) тез жойылуына алып келеді. Не істемек керек? Аурудың алдын алу емдеу­ден арзан. Ағзадағы тапшылықты ерте ­бас­­тан толтыру болашақта созылмалы ау­ру­ларды болдырмайды. Осы тұста сапа­лы дәрумен­дер адамға көмекке келеді. Бұл жерде мә­се­ле тек қабылдауда емес, сол қос­­­паның ағ­­заға сіңімділігі мен био­хи­миялық таза­лығында болып отыр. Яғни, са­палы ББҚ – шикізаты таза, сертифи­катталған және ағзаға сіңім­ді химиялық формадағы өнім.

Тамақ дәруменді алмастыра ма?

Ресейде Владимир Дадали деген атақ­ты биохимик, химия ғылымдары­ның докторы В.Соколовский атындағы биологиялық және жалпы химия кафедра­сы­ның профессоры бар. Жасы 88-де. Әлі күнге дейін биологиялық белсенді қос­па­лардың рецептурасын әзірлеумен ай­на­лы­сады. Профессордың айтуынша, бүгінде та­б­иғи, құнарлы тағам деген ұғым жоқ. 
– Мырыш тапшылығын алайық. Санкт-Петербургтегі ТЖМ-нің мықты зерт­ханасы 10 мың адамға зерттеу жүргіз­ді. Н­әтижесі қатысушылардың 100 пайы­зында толықтай мырыш тапшылығы бар екенін көрсеткен. Бұл – ер адамдардың денсаулығы үшін маңызды. Ал дәрігерлер «дәрумендеріңізді жай ғана қосымша ре­тінде іше беріңіз» дейді. Оларға витаминдер жай ғана сағыз сияқты көрінеді. Бірақ да­­мыған әлем елдері бұл мәселені әлде­қашан ББҚ ар­қылы шешіп қойған. Мен Лос-Андже­лес­тегі халықаралық көрмелер­ге 8 жыл қа­тарынан бардым. Ол жақта та­биғи қоспа­лар мен байытылған өнімдер­дің өндірісі зор ауқымда дамыған. Тіпті айналасы теңіз, минералға бай Жапо­ния­ның өзі қос­паларды жаппай қолданады. Тек бізде ғана ББҚ-ға қарсы орынсыз үгіт-насихат жүргізіледі, – дейді. 
Мойындау керек, адамдарда басқа амал жоқ. Не ауыл шаруашылығын толық­тай өз­герту керек, не сапалы ББҚ ішу керек. Бірақ халық саны өсіп, жерді демалдырмай, қарқынды пайдаланып жатқанда, өнімнің құнарын арттыру мүмкін емес. Тіпті қара топырақтың өзі қазір минералдардан жұ­тап қалған.
– Біздің басты қателігіміз – мәселеге бір жақты қарауымыз. Темір жетпесе, «тек темір іш», қалқанша безі ауырса, «тек йод іш» дейміз. Бұл – қате. Ағзадағы барлық биохимиялық процестер көп сатылы. Сондықтан әр сатыға өзіндік компонент керек. Сапалы өнім – ұзақ өмірдің кепілі. Француздардың ұзақ жасауы тек қызыл шараптан емес, сапалы ас ішіп, ағзаға қа­жетті флавоноидтар мен ресвератролды кешенді түрде алуында. Біз де осы бағытта жұмыс істеуіміз керек. Дәрумендер біреудің қалтасын қампайту емес, бүгінде денсау­лық сақтаудың жалғыз амалы. Дәрі­гер­лердің «дәрумендер бауырға зиян» деуі мүлдем қате. Керісінше, бауырдың дұрыс жұмыс істеуі үшін дәрумендер мен ми­нерал­дар өте қажет. Мәселе оның таза­лы­ғын­да. Егер дәрумен жертөледе емес, жо­ғары технологиялық зауытта жасалса, ол ағзаға қажетті қорек, – дейді Владимир Дадали. 

Артық қылам деп тыртық болмас үшін...

Мамандар ББҚ-ны өз бетінше ішуге болмайтынын ескертеді. Жарна­ма­ға, маркетингке, таныстарыңыздың айт­қа­нына сеніп дәрумен іше беруге бол­майды. Сіздің өз бетіңізше ішкен био­ло­гиялық қоспаларыңызға ағзаңыз «мұқ­таж» бол­мауы мүмкін. Бір немесе бірнеше дәрумен­нің ағзаға шамадан тыс түсуінен туын­дай­тын жедел немесе созылмалы улану жағ­дайын гипервитаминоз деп атайды. Егер бұрын бұл сирек кездесетін па­тология болса, қазіргі дәрумендерді өз бе­тінше «та­ғайындау» тренді бұл мәселе­нінің өзекті екенін көрсетіп отыр. 
Адамдардың дәрумендерге құмартуы­ның бір себебі маркетингтік қысым. Фар­мацевтикалық компаниялар мульти­дәру­мендерді «сиқырлы таблетка» ретінде жар­намалайды. «Табиғи» және «пайдалы» деген сөздер «қауіпсіз» дегенді білдірмейді. Кез келген дәруменді қабылдау алдында оның ағзадағы деңгейін тексеру – зама­науи медицинаның алтын стандарты. Мысал ретінде «күн дәруменінің» көлең­келі жағын талдап көрелік. Соңғы жыл­дары D дәруменін қабылдау жаппай сипат алды. Көп адам оны терапиялық доза­лардан (500–1000 IU) бірнеше есе көп мөл­шерде (10 000–50 000 IU) бақылаусыз ішуде. 
Жақында Journal of the American Medical Association журналында D дәру­менінің өте жоғары дозаларына қа­тыс­ты зерттеулер шықты. Нәтижесінде, 3 жыл бойы күніне 10 000 IU доза ішкен адам­дарда сүйек қатаймаған, керісінше кейбір жағдайларда сүйек массасының азаюы байқалған. «Неғұрлым көп ішсем, сүйегім соғұрлым мықты болады» деген тү­сінік ғылыми тұрғыдан қате екені анық­талды. 
Ал British Medical Journal басы­лы­мында жарияланған мета-анализдер кальций қоспаларының қаупін көрсетті. Кальций қоспаларын (тағамнан тыс, бөлек ББҚ ретінде) ішетін адамдарда инфаркт алу қаупі 30 пайыздан жоғары. Өйткені тағамдағы кальций баяу сіңеді, ал ББҚ түріндегі кальций қандағы мөлшерін күрт арттырып, тамырлардың «әктенуіне» (кальцинация) әкеледі.
Биологиялық қоспалар тарихындағы ең танымал әрі адам шошырлық зерттеу­лердің бірі туралы айта кетсек. Ғалымдар бета-каротин (А дәруменінің алғышарты) антиоксидант ретінде темекі шегетіндерді өкпе обырынан қорғайды деп болжаған. Алайда зерттеу мерзімінен бұрын тоқта­тылды. Өйткені бета-каротин қоспасын ішкен топта өкпе обырына шалдығу және өлім көрсеткіші қоспа ішпегендерге қара­ғанда 28 пайызға артық болып шыққан. Яғни, жасанды антиоксиданттардың жоғары дозасы ағзаның табиғи қорғаныс тетігін бұзып, керісінше мутацияны жыл­дамдатуы мүмкін. 
Биологиялық қоспалар сиқырлы таяқ­ша емес, бірақ сауатты қолдан­са, сапалы өмір сүрудің құралы. Ол дұрыс тамақтану мен спортты алмастыра алмай­ды, тек оны толықтыратынын естен шы­ғар­мағанымыз жөн.

Назерке КЕҢЕС, 
«Шипагер» медици­налық орталығының жалпы тәжірибелік дәрігері:

Дәрумендерді тек дәрігердің тағайындауымен ішу керек

– ББҚ ағзада нақты бір дәрумен­нің жетіспеушілігі ана­лиздермен дәлелденген жағдайда ғана пайдалы болады. Сонымен қатар тағайын­далатын био­логиялық қоспа халықаралық стандарттардан өткен, тиім­ділігі дәлел­денген және жанама әсерлері жоқтығы анық­талған болуға тиіс. ББҚ-ны тек дәрі­гердің тағайын­дауы­мен, дәлелді медицина қағидаттарына сүйене отырып қа­былдау қажет.
Ал ешқандай анализ тапсырмай, жай ғана жарнамаға сеніп, бірнеше қоспаны рет­сіз араластырып ішу ағзаға өте қауіпті. Бұл жағдайда ең бірінші бауыр мен бүй­рек зардап шегеді. Бауыр заттарды қорыту үшін орасан зор энергия жұмсайды, со­ның сал­дарынан қазір жас балаларда да, ере­сектерде де токсикалық (дәрілік) ге­патит жиі кездесіп жатыр. Сондай-ақ, қорытыл­ма­ған артық дәрумендер бүйректе ка­льци­нат түрінде жиналуына алып келеді.
Кейбір дәрумендерді бірге ішуге болмайды. Дәрігер ғана қай дәруменді қай уа­қыт­та ішу керек екенін және қайсыларын араластырмау керектігін (мысалы, бір ай­да бір түрін, келесі айда басқа түрін) дұрыс схе­мамен түсіндіре алады. 
Қазір ББҚ саудасы үлкен бизнеске ай­нал­ды. Instagram мен WhatsApp-та тарай­тын жарнамаларға сеніп, балалардан «құрт шығарады» немесе «иммунитет кө­тереді» деген желеумен тексерілмеген заттарды беру өте қауіпті. Тіпті, жүрек жет­­­кіліксіздігі мен өлім жағдайлары да кездеседі. Сон­дықтан ББҚ ішпес бұрын жал­пы қан анализін және биохимиялық талдауды тапсыру керек. Бауыр мен бүйректің бұл пре­паратты көтере алатын қабілетін зерт­теу маңызды.
Бірде 3-4 жасар баланың анасы тұмау­дан тез жазылсын деп С дәруменін 3 000 мг мөлшерде бергенін айтты. Бұл – ересек адам үшін де өте көп мөлшер. Мұндай дозада ас­кор­бин қышқылы сіңбейді, керісінше бүйрек­ке тас болып жиналады. Дәруменді «дәрі» ре­тінде ішкеннен гөрі лимон, апельсин сияқ­ты табиғи өнімдерден алған әлдеқай­да пайдалы. 
Маған да түрлі компаниялардан «нау­қастарға бізді жарнамалап, қосымша та­быс табыңыз» деген ұсыныстар түсті. Бірақ мен одан бас тарттым. Мен үшін адам­ның ден­саулығы мен дәрігерлік беделім кез келген ақ­шадан жоғары. Дәлел­денбеген заттарға жауапкершілік алу – дәрігерге жат нәрсе.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары