Ұйқы қанбауы мен обструктивті апноэ ересектер арасында пародонтит пен басқа да қызыл иек қабынуларының қаупін арттыруы мүмкін. Мұндай қорытындыға Үндістандағы Амрита университетінің ғалымдары келді. Зерттеу нәтижелері Frontiers in Oral Health журналында жарияланған, деп хабарлайды turkystan.kz.
Ғалымдар 52 зерттеуді қамтыған 13 жүйелі шолу мен метаанализді талдаған. Көптеген еңбектерде ұйқы сапасының төмендігі, оның қысқа болуы немесе ұйқы бұзылыстары қызыл иек ауруларының жиілеуімен байланысты екені көрсетілген. Әсіресе апноэ және созылмалы ұйқысыздықпен ауыратын адамдарда бұл байланыс айқынырақ байқалған.
Соның ішінде, ең қатты байланыс пародонтит пен ұйқының арасында байқалған. Бұл – тістерді қоршап тұрған тіндердің біртіндеп бұзылуы. Пародонтқа қызыл иек, тіс түбірін ұстап тұратын байламдар және тіс орналасқан жақ сүйегінің бөлігі жатады. Емделмеген жағдайда пародонтит сүйек тінін де зақымдап, тістердің босап, түсіп қалуына әкелуі мүмкін.
Дегенмен зерттеулердің көбі бақылау сипатында болған. Сондықтан темекі шегу, күйзеліс, артық салмақ немесе созылмалы аурулар сияқты қосымша факторлардың ықпалын толық жоққа шығару мүмкін емес. Яғни, ұйқы бұзылысы қызыл иек ауруының тікелей себебі деп нақты айтуға әзірге ерте.
Соған қарамастан зерттеушілер ұйқы ауыз қуысының саулығында маңызды рөл атқаруы ықтимал екенін айтады. Ұйқы бұзылыстары мен қызыл иек ауруларын біріктіретін ортақ механизм созылмалы қабыну болуы мүмкін. Мамандардың айтуынша, қауіп деңгейі әр зерттеуде әртүрлі бағаланғанымен, бір нәрсе анық: сапалы ұйқы тек миға емес, тіске де қажет.