Ақтөбеде бұрын мас күйінде көлік жүргізгені үшін жеті жылға жүргізуші куәлігінен айырылған ер адам тағы да тәртіп сақшыларының қолына түсті. Бұл жолы оған қылмыстық жауапкершілікке тартылу қаупі төніп тұр, деп хабарлайды turkystan.kz.
Polisia.kz мәліметінше, оқиға Ақтөбе қаласының Жаңақоныс тұрғын алабында болған. Аумақты патрульдеу кезінде полиция қызметкерлері ВАЗ маркалы автокөлікті тоқтатқан.
Құжаттарын тексеру барысында жүргізушінің әрекеті тәртіп сақшыларының күдігін тудырған. Осыдан кейін ер адам медициналық куәландырудан өткізілген. Тексеру нәтижесінде оның алкогольдік масаң күйде көлік басқарғаны анықталды.
Бұған дейін де мас күйінде көлік жүргізген
Полиция жүргізген қосымша тексеру кезінде жүргізушінің бұрын да осындай құқықбұзушылық жасағаны белгілі болды.
"Тексеру барысында жүргізушінің 2019 жылы мас күйінде көлік басқарғаны үшін жауапкершілікке тартылып, жеті жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айырылғаны анықталды", – деп хабарлады полиция.
Осылайша, бұрынғы жазасына қарамастан, ер адам қайтадан алкогольдік масаң күйде рөлге отырған. Оқиғадан кейін автокөлік арнайы айып тұрағына жеткізіліп, жүргізуші уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Енді бес жылға дейін сотталуы мүмкін
Құқық қорғау органдарының мәліметінше, мас күйінде көлік басқару дерегі бойынша ер адамға қылмыстық жауапкершілік қарастырылған.
"Көлік құралын мас күйінде қайта басқарғаны үшін ер адам бес жылға дейін бас бостандығынан айырылуы және көлік құралын басқару құқығынан өмір бойына айырылуы мүмкін", – деп түсіндірді полиция өкілдері.
Қазіргі уақытта аталған дерек бойынша тиісті процессуалдық шаралар жүргізіліп жатыр. Ер адамның кінәсі мен оған тағайындалатын нақты жаза сот шешімімен анықталады.