Кімдерге жастықсыз ұйықтау керек?

/
Кімдерге жастықсыз ұйықтау керек?
сурет: istockphoto.com

British Journal of Ophthalmology журналында жарияланған алдын ала зерттеу нәтижесіне сәйкес, глаукомамен ауыратын адамдарға жастықсыз ұйықтау пайдалы болуы мүмкін. Бұл көз ішіндегі қысымды төмендетуге көмектеседі, деп хабарлайды turkystan.kz.

Глаукома көру жүйкесін зақымдап, көрсоқыр қылуы мүмкін. Дүниежүзінде глаукома қайтымсыз көру қабілетін жоғалтудың басты себептерінің бірі саналады.

Бұрыннан белгілі болғандай, көз ішіндегі қысым дене қалпына байланысты өзгеріп отырады. Ұйқы кезінде адамның тік қалыптан көлденең қалыпқа ауысуы қысымның түнде көтерілуіне әсер етеді. Ал жастық бұл жағдайды одан әрі ушықтыруы мүмкін. Бас жоғары көтерілген кезде мойын бүгіліп, бастан қанды әкететін яремді көктамыр қысылуы ықтимал. Бұл көз ішіндегі сұйықтықтың табиғи ағынын қиындатады.

Осыны нақтылау үшін қытайлық ғалымдар глаукоманың әртүрлі түрімен ауыратын 144 ересек науқасты зерттеген. Қатысушылар зертхана жағдайында арқасымен жатып, жастықсыз немесе бір не екі стандартты жастықпен ұйықтаған. Жастықтар басты 20–35 градусқа көтеретіндей етіп орналастырылған. Ұйқы барысында әр адамның көз ішіндегі қысымы төрт рет өлшенген.

Нәтижесінде қатысушылардың 67%-ында жастық қолданған кезде көз ішіндегі қысым айтарлықтай жоғарылағаны анықталған. Жалпы алғанда, жастықпен жатқанда қысым жастықсыз жатқанға қарағанда тұрақты түрде жоғары болып шыққан.

Сонымен қатар, екі жастық қолданылған жағдайда көздің ұсақ қан тамырларындағы қан айналымын сипаттайтын перфузиялық қысым төмендеген. Бұл көз тіндеріне оттегі мен қоректік заттардың жеткізілуі азайғанын білдіреді.

Ғалымдар сондай-ақ 20 дені сау еріктінің яремді көктамырындағы қан ағысын тексерген. Жастық қолданылғанда көктамыр саңылауы тарылып, қан жылдамырақ ағып отырғаны анықталған.

Зерттеу авторлары алынған деректер алдын ала екенін және қосымша зерттеулер қажет екенін атап өтеді. Дегенмен, олардың пікірінше, жастық мойынның бүгілуіне себеп болып, көктамырды қысып, көз ішіндегі сұйықтықтың ағуын бұзуы мүмкін. Сондықтан глаукомасы бар науқастарға жастықсыз ұйықтау пайдалы болуы ықтимал.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары