Президент шикізатқа тәуелділікті доғаруды тапсырды

Президент шикізатқа тәуелділікті доғаруды тапсырды

Өңдеу саласын дамытамыз деп, шикізат өндіру ісіне зиян келтірмеу жағын ойлау керек. Үкіметтің саясаты ақылға қонымды, байыпты болуға тиіс. Бұл туралы Президент Үкіметтің кеңейтілген отырысында айтты, деп хабарлайды turkystan.kz.

«Жаңа инвестициялар ең алдымен еліміздегі заманауи өнеркәсіптің негізін қалыптастыруға бағытталуы керек. Бұл салада біраз жетістікке жеттік. Былтыр өңдеу өнеркәсібі тұрақты дамып, 6,4 пайызға өсті. Бірақ өңделген тауар экспорты 2,7 пайызға төмендеді. Бұған жалпы экспорттың 4,2 пайызға азайғаны да әсер етті. Өнеркәсіп саясатының басты кемшіліктері дәл осы тұста анық байқалды. Бұл салада шикізат өндірушілердің үлесі әлі де басым. Бірақ бұл оларға кедергі жасауға болады деген сөз емес, керісінше, оларға көмегімізді әлдеқайда күшейтуіміз қажет. Сонымен қатар өңдеу өнеркәсібіне баса назар аудару керек. Өңдеу өнеркәсібіндегі өнімнің 40 пайыздан астамы металлургияға тиесілі. Ал металлургия секторында экспортқа шығарылатын тауардың жартысынан көбі – төмен деңгейде өңделген өнімдер. Соның салдарынан, шикізатты сыртқа шығарамыз да, одан жасалған дайын өнімді басқа елдерден сатып аламыз. Парадокс. Мұндай тәжірибені доғару керек. Шикізат экспорттағаннан гөрі, одан дайын өнім өндіріп, сыртқа шығару әлдеқайда пайдалы. Әрине, бұл оңай міндет емес. Бірақ үлгілі кәсіпорындар бар, мысалы, Qarmet. Қанша қиындыққа тап болса да, ондағы өндірістік және әлеуметтік процестерде оң өзгерістер орын алып жатыр. Бұл мәселеде «артық қылам деп, тыртық қылуға да» болмайды. Өңдеу саласын дамытамыз деп, шикізат өндіру ісіне зиян келтірмеу жағын ойлау керек. Үкіметтің саясаты ақылға қонымды, байыпты болуға тиіс», – дейді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сондай-ақ Мемлекет басшысы Үкіметке елдегі мұнай өңдеу зауыттарын жедел жаңғыртуды тапсырды.

«Еліміздің импортқа тәуелділігі туралы айтқанда мұнай саласындағы күрделі ахуалға тоқталмай кетуге болмайды. Қазақстанда жылына шамамен 100 миллион тонна мұнай өндіріледі, бірақ елімізде соның тек 18 миллион тоннасы ғана қайта өңделеді. Соның салдарынан біз мұнай өндіруші ел болсақ та, жыл өткен сайын дизель отыны бойынша тапшылық пайда болып жатыр, авиациялық керосин бойынша да импортқа тәуелді болып отырмыз. Сондықтан отынға деген сұраныстың жоғары екенін ескере отырып, елімізде жұмыс істеп тұрған мұнай өңдеу зауыттарын жаңғырту керек. Бұл жұмысты жедел орындау қажет. Аталған қадам бір жылда өңделетін мұнай көлемін 9 миллион тоннаға арттыруға мүмкіндік береді (18,4 миллион тоннадан 27,4 миллион тоннаға дейін). Бұл – министрліктің мәліметі. Үкімет жаңа мұнай өңдеу зауытының құрылысына қатысты байыпты шешім қабылдауы қажет. Ең алдымен, мұнай өңдеу зауытына шикізат қайдан жеткізілетінін, қандай өнімді және қанша көлемде өндіретінін дұрыс есептеу керек. Бұл жобаны іске асыруға (егер жүзеге асса) жеке инвестор тарту керек болады. Бүгінде мұндай ірі жобаны тек мемлекет қаржысына салу өте тиімсіз», – дейді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары