Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев жаңа Конституция ел Президенті бастамашылық еткен ауқымды жаңғырулардың жалғасы екенін айтып, қоғамды Мемлекет басшысының айналасына топтасуға шақырды, деп хабарлайды turkystan.kz.
Палата Спикері төрағалық еткен дөңгелек үстелде жаңа Конституция жобасының негізгі мәні талқыланды. Іс-шараға ғылыми және талдау орталықтарының өкілдері, Сенат жанындағы Сарапшылар клубы мен Taldau Community мүшелері және сенаторлар қатысты.
«Конституциялық реформа – Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың еліміздегі саяси жүйені терең және жүйелі жаңғыртуға бағытталған бастамаларының заңды әрі дәйекті жалғасы. Жаңа Конституция жобасының негізі заң мен тәртіп қағидатына, азаматтардың мүдделері мен құқықтарына, сондай-ақ, табиғатты қорғауға жауапкершілікпен қарауға және орнықты даму бағдарына табан тірейді. Бұл – бекітілген нақты конституциялық нормалар арқылы Әділетті Қазақстан идеясын жүзеге асырудың айқын көрінісі», – деді Мәулен Әшімбаев.
Сонымен қатар Сенат Төрағасы құжатты қоғамдық талқылаудың деңгейіне және Конституциялық комиссия жұмысы ашық әрі жария түрде жүргізіліп жатқанына назар аударды.
«Іс жүзінде жаңа Конституция кең ауқымды қоғамдық талқылау барысында қалыптасуда. Бүгінгі дөңгелек үстел – осы ауқымды әрі жауапты диалогтың бір бөлігі», – деді Мәулен Әшімбаев.
Дөңгелек үстел барысында Конституциялық комиссияның мүшелері – сенаторлар және сарапшылар жаңа Конституцияның жобасы жөнінде өз пікірлерін білдірді.