Конституциялық комиссия мамандар тарапынан келген ұсыныстар негізінде бірнеше нормаға түзетулер енгізген. Бұл туралы Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның оныншы отырысында Конституциялық Сот төрағасының орынбасары Бақыт Нұрмұханов мәлімдеді, деп хабарлайды turkystan.kz.
«Конституция жобасының мемлекеттік және орыс тіліндегі жетілдіру жұмысы үздіксіз жүріп жатыр. Жұмыс топтары құқықтық нормалардың тұжырымдарын оңтайландыру және олардың мазмұнын баршаға түсінікті ету мақсатында қажетті шаралар қабылдауда. Терминдік және семантикалық бірізділікті қамтамасыз етуге баса назар аударылып жатыр. Осылайша, Үкімет, Парламент, Президент әкімшілігі бөлімдерінің мамандары конституциялық коимссияның редакциялық терминология жұмыс тобы, халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы жаңа Ата заң мәтінінің жобасына жұмылдырылған лингвист-мамандар тарапынан берілген ұсыныстардың негізінде редакциялық, стилистикалық түзетулер жүргізілді», – дейді ол.
Оның айтуынша, мұндай түзетулер бірнеше нормаға енгізілген.
«Преамбулада «Ұлы даланың мыңжылдық тарихының сабақтастығын сақтап» деген «Ұлы даланың мыңдаған жылдық тарихының сабақтастығын сақтап» деп өзгертілді. Мәтін бойынша «неприкосновенность» деген термин сан рет кездеседі. Қазақ тілінде ол қол сұқпау, қол сұғылмаушылық деп алынып отыр. 9-бап нақтыланып, «тең» сөзі «қатар» деп ауыстырылды. 50 және 51-баптарда «өтініш» деген сөздер «мәлімдеме» деп алынды. Қазақ тіліндегі сөйлем құрау ерекшеліктерін ескере отырып, орыс тіліндегі «является» деген сөз сызықшамен ауыстырылды. Осылайша, қазақ тіліндегі «болып табылады» деген сөздер алынып тасталды. Мұндай өзгеріс бірнеше бапты қамтып отыр», – дейді ол.