"Қазгидромет" РМК баспасөз қызметі сенбіге арналған ауа райы болжамын жариялады, деп хабарлайды turkystan.kz.
Метеорологтардың мәліметінше, Қазақстанның шығысында қалың қар жауады. Ал елдің оңтүстік-шығысында, таулы аймақтарда жаңбыр аралас қар түседі.
"Тек республиканың батысы мен солтүстік-батысында антициклон жотасының ықпалынан жауын-шашынсыз ауа райы болуы мүмкін", – делінген "Қазгидромет" РМК баспасөз қызметінің хабарламасында.
Сондай-ақ бүкіл Қазақстан аумағында желдің күшеюі, боран, тұман және көктайғақ құбылыстары болжанып отыр.
Дауылды жел туралы да ескерту жасалды.
"Елдің оңтүстік-батысында, Жамбыл облысының таулы аудандарында, Түркістан облысының таулы асуларында, Абай облысының орталығында, сондай-ақ Жетісу облысындағы Алакөл көлдері маңында желдің жылдамдығы кей уақытта секундына 30 метрге дейін және одан да жоғары болуы мүмкін", – деп хабарлады "Қазгидромет" РМК баспасөз қызметі.
Бұдан бөлек, Маңғыстау облысының солтүстік-шығыс бөлігінде тұратындарға қатты аязға дайын болуы жөнінде ескерту жасалды.