ҚР Президентінің жанындағы Ұлттық ғылым академиясында «Конституцияны жүйелі жаңғыртудың ғылыми негіздері» атты дөңгелек үстел отырысы өтті. Алматыда өткен отырысқа Мәжіліс депутаттары, тіл мамандары мен сарапшылар қатысты, деп хабарлайды turkystan.kz.
Отырыс қатысушылары жаңа Конституциясының жобасын талқылап, онда қамтылған бағыттарды маңызына тоқталды.
Ұлттық ғылым академиясының президенті Ақылбек Күрішбаев жаңа конституциялық модельді дамудың зияткерлік картасы деп атады.
«Қазір біз мемлекетіміздің дамуындағы тарихи кезеңді бастан өткізудеміз. Еліміздің жаңа Конституциясының жобасы талқылануда. Бірінші болып Үкімет үйінде, күні кеше өз арамызда академиктермен, еліміздің жетекші ғалымдарының қатысуымен жаңа Ата Заңымыздың жобасын талқыладық.
Конституцияның жобасында адами капиталды, ғылым мен инновацияларды дамыту, алғаш рет мемлекет қызметінің стратегиялық бағыты ретінде анықталып отыр.
Бұл жаңа конституциялық модель – елдің болашағына бағыт, бағдар беретін дамудың зияткерлік картасы деуге болады», – дейді Ақылбек Күрішбаев.
Осы орайда отырысқа қатысқан мамандар конституциялық жаңғыруды тек құқықтық акт ретінде емес, білімді, инновацияны және сыни ойлауды бағалайтын жаңа қоғамдық келісімнің негізі ретінде түсінуге жол ашатынын баса айтты. Мұндай тәсіл Қазақстанның зияткерлік әлеуетін нығайтуға және болашақта бәсекеге қабілетті, білімге сүйенген мемлекет құруға бағытталған маңызды бағдар деп бағаланды.

Жиын соңында бір топ ғалым, оның ішінде Қазақстанның Еңбек Ерлері бар академиктер конституциялық реформаларға қатысты өз ұстанымын ашық білдіріп, қоғамдық пікірге үн қосты.
«Біз, Қазақстан Республикасының академиктері, ел болашағы үшін жауапкершілікті терең сезінетін ғылыми қауымдастық өкілдері ретінде, мемлекет дамуының тағдырлы кезеңінде өз ұстанымымызды ашық білдіруді азаматтық парызымыз деп санаймыз.
Ғылым – уақыттың тынысын дәл басатын, қоғам дамуының бағытын таразылайтын ақыл-ойдың алаңы. Ал Конституция – сол дамудың іргетасы, ұлттың ертеңіне бағыт беретін ең биік құқықтық өлшем.
Сондықтан елімізде қолға алынған конституциялық реформалар ғылыми тұрғыдан сараланып, қоғамдық санада байыппен қабылдануы тиіс деп санаймыз», – делінген үндеуде.

Ғалымдар мен сарапшылар өз ой-пікірлері мен ғылыми негізделген ұсыныстарын жолдап, реформалардың мазмұнын тереңдетуге атсалысқанын баса айтты. Ұлттық ғылым академиясының өкілдері жаңа Конституция жобасын әзірлеу жұмысына белсенді түрде, жауапкершілікпен қатысты. Соның нәтижесінде ұсынылып отырған жаңа Конституцияның орталық идеясы ретінде ғылым мен білім, мәдениет пен инновация айрықша айқындалып отыр.
«Жаңа Ата Заңның басты идеяларының бірі – Қазақстанның болашағы азаматтарының білімімен, ғылымымен, шығармашылығымен және жаңашыл ойымен айқындалатынын нақты бекіту.
Конституцияның Кіріспесінде мәдениет, білім, ғылым және инновация негізгі құндылықтар ретінде айқындалса, оның «Конституциялық құрылыс негіздері» бөлімінің 3-бабында адам капиталы мемлекеттің стратегиялық басымдығы ретінде танылды. Конституцияның 23-бабында сөз бостандығына, ғылыми, техникалық және көркем шығармашылық еркіндігіне кепілдік берілуде. Сондай-ақ, 33-бабында Азаматтардың ақысыз бастауыш және орта білім алу құқығы, жоғары білімге конкурс негізінде қол жеткізу мүмкіндігі сақталған.
Білім беру жүйесінің зайырлы сипаты нақты бекітіліп, мемлекеттік білім стандарттарының баршаға бірдей болатыны айқын көрсетілген. Бұл – қоғам болып, ел болып жұмылған еңбектің нәтижесі. Ұсынылып отырған Конституция жобасы Қазақстанның қалыптасқан мемлекеттік құрылымын, халықаралық беделін сақтай отырып, болашаққа сенімді қадам жасауға бағытталған.
Жалпы айтқанда, жаңа преамбулада өткен тарихи тамырымыз құндылық ретінде айқындалып, бүгінгі уақыттың негізгі қағидаттары нақты белгіленіп, болашаққа бағдар болатын ұстанымдар бекітіліп отыр.
Осы орайда, Ұлттық ғылым академиясының академиктері мен ғалымдары барша отандастарымызды Қазақстан халқына ұсынылған Конституция жобасын мұқият зерделеуге, оның мәні мен мазмұнын терең түсінуге шақырады. Қоғамда жүргізіліп жатқан түсіндіру жұмыстарын жандандырып, жалған ақпарат пен шындыққа жанаспайтын арандатушылық пікірлердің жетегінде кетпеуге үндейміз.
Біз жаңа Конституцияны қолдау арқылы Қазақстанның зияткерлік, әділетті әрі орнықты дамуына үлес қоса аламыз.
Баршаңызды ел тағдыры үшін маңызды тарихи таңдауда белсенділік танытып, жаңа Конституция жобасын қолдауға шақырамыз», – делінген үндеуде.