Парижде қазақ тілін насихаттап жүрген француз қыз

Парижде қазақ тілін насихаттап жүрген француз қыз

Threads желісінде алдымен қазақша, сосын оның аудармасын француз тілінде жариялап жүрген француз қызына тамсанбаған адам кемде-кем. Парижде тұратын Элиз Пакето 5 жыл бұрын YouTube-та кездейсоқ көріп қалған видеолар легі арқылы қазақ мәдениетіне қызыға бастаған. Содан соң Париждегі қазақ киносының апталығына жиі барып, қызығушылығы одан бетер арта түскен. Қазір ол Париждегі қазақ мәдени орталығында қазақша үйреніп жүр. Алдағы уақытта қазақ тілін жетік меңгеріп, француздарға қазақша сабақ бергісі келетін Элизге хабарласып, аз-кем әңгімелескен едік.

– Threads желісіне алғаш жүк­те­ген, Парижде қазақ тілін әр сенбі сайын үйренетініңіз жайлы ви­деоңыз бес жүзден астам лайк жи­на­ған екен. 

– Парижде тұратын қазақ достарым Фран­циядағы өмір туралы блог жүр­гі­зе­ді. Ол бірде маған Қазақстанда Threads же­лісі танымал екенін айтты. Оған дейін TikTok-қа жиі салатын едім. Сөй­тіп, былтыр қазан айында бір уақытта Instagram мен Threads-та парақша ашып, қазақша қалай үйреніп жүргенім­ді баяндай бастадым.

– Бастапқыда сізді Димаш Құ­дай­бергеннің Франциядағы жан­күй­ері болар деп ойласам, қателе­сіп­пін. Қазақ тілін үйренуге құштар болуыңызға Димаштың еш қатысы жоқ екен. Расында солай ма?

– Иә. 2019 жылы YouTube-ты «ақ­та­рып» отырғанда Қазақстанда тұратын аме­рикалық қыздың видеосын кез­дей­соқ көріп қалдым. Ол онда өз өмірін ға­на емес, елдегі ерекшеліктер туралы да баяндап жүрді. Онда жиі естілетін бей­таныс тіл мен музыкаға қызыға бас­тадым. Мен Қазақстанның қайда орна­ласқанын білемін, алайда тілі, діні, дәстүрі қандай екенінен бейхабар едім. Маған бәрі, бәрі қызық көрінді. Кейін Қазақстан, Орталық Азия, Жібек жолы тура­лы кітаптар оқи бастадым. Сол ара­лықта қазақ тілін үйренуім керек екенін тү­сіндім, алайда дүниежүзі бойынша пан­демия басталып кетті. Тек әріптерді ғана жаттап алдым. Өз бетімше үйренгім келген еді, алайда қазақ тілін үйден шық­пай-ақ үйретуге мүмкіндік беретін ре­сурс табу мүмкін емес. Қазақ тіліне қы­зыққалы бері ұғынғаным, егер сен орыс­ша білсең, қазақша үйрететін көп ре­сурс таба аласың. Ал ағылшын немесе французтілділерге қазақшаны онлайн үй­ренуге болатын материалдар жоқтың қа­сы. Мен Парижге оқуға түскен соң ға­на қазақ тілін қайта үйренуді қолға ал­­дым. Бірде мұнда қазақ киносының фес­­тиваліне бардым. Сол жерде Париж­де қазақ мәдени орталығы бар екенін біл­дім. Сөйтіп, сол орталықпен тығыз бай­ланыс орнатып, көп іс-шараға атса­лыса бастадық. 
Шынымды айтсам, басында Димаш­тың жанкүйерлері оның есімін айтып жүр­генін естігенімде, оны адам аты емес, әлемнің бір бұрышындағы ло­ка­ция атауы болар деп ойладым (күліп). Мен оны кеш таныдым. Әндерін тың­дай­мын. Париждегі оның көп жан­күйері­нің дені – үлкен кісілер. Олар әлем­нің басқа елдеріндегі комьюи­ни­ти­мен тығыз байланысы бар үлкен қауым­дас­тық екен. Мен Қазақстанды кез­дей­соқ блог арқылы таныдым. Біз мұнда өте­тін қазақ киносының фестива­ль­деріне жыл сайын барамыз. Маған онда көрсетілген дүниелер ұнап қалды. Мен секілді кино арқылы қазақ мәдениетіне қызыққандар жетіп артылады. Қазақ киносы арқылы қазақ тіліне қызығу­шы­лы­ғым ауды. Қазақ тілі – расында әдемі тіл. Оны тезірек жетік меңгергім келеді. Де­се де, бұл ресурс аздығынан мүмкін бол­май тұр. Сол үшін Threads желісін қуат­ты құрал ретінде көп қолданамын. Он­да қазақша көп пост оқимын. Сөйтіп, көп жаңа сөздерді түртіп алып, кейін қай­талаймын. Кейін қазақ достарыммен сөй­лесемін, онлайн араласатындармен қа­зақша жазысамын.

– Өзіңіз Францияның қай айма­ғы­нансыз?

– Мен Францияның оңтүстігінде ор­наласқан Прованс аймағында ту­дым. Мен өскен жақта университет жоқ бол­ғандықтан, жоғары білімімді Париж­де жетілдіргім келді. Мұнда сапа ме­неджері мамандығын игердім. Жал­пы, маған түрлі мәдениет пен тіл үйрен­ген ұнайды. Неміс тілін білемін, одан бө­лек, кәріс, қытай тілдерін үйреніп жүр­мін. Орысша сәл білемін. Себебі қа­зақ­ша түсіну үшін орыс тіліндегі сөз­дер­ді жаттауға тура келді. Одан бөлек, спорт­ты жаным сүйеді. Таэквондодан қара белбеу иегерімін.  
Мектепте Қазақстанның КСРО құ­ра­­­мына кірген елдер тобында болғанын, кейін ол мемлекеттердің тәуелсіздік ал­­­ғ­анын оқыдық. Бар болғаны осы. Десе де, көпшілік ол елдердің бөлек тілі мен ді­лі, дәстүрі барынан бейхабар болды. Сұрастырғанымда, расында, олар қазақ тілі, қазақ мәдениеті өз алдына бөлек әлем екенін білмеген. Менде де сондай тү­­­сінік болған. Алайда Париж бәрін өз­гертті. Парижде қазақ мәдениетін на­сихаттайтын көп ивентке барамын. Наурызды айрықша атап өтеміз. Ара-тұра бәріміз жиналып, сурет саламыз. Был­тыр ЮНЕСКО-ның бас пәтерінде тұң­ғыш рет қазақ пен қырғыз ақын­дарының арасындағы айтысты тама­ша­ладым. Сонымен қатар бас пәтерде өткен ««Менің атым – Қожа» («Je m’appelle Koja») кітабының тұсау­ке­серіне бардым. Концерттерге, ұлттық би кешіне де жиі барамын. Айтпақшы, Қазақстандағы жұрт­шылық Парижде қазақ мәде­ние­тіне қатысты көп ивент өткізілетінін біл­мейді екен. Мысалы, Парижде ор­натылған Абай мүсіні туралы жазба са­лып едім, көпшілік мұны білмейтін бо­лып шықты. Ақынның 180 жыл­ды­ғына орай өткен іс-шарада французша бір-екі туындысын оқығаным бар.

– Жеке парақшаңыздан былтыр Ақтауға барғаныңызды байқап қал­дым. Қазақстанға бірінші рет бар­ған сіз неліктен алдымен Ақтауға бару­ды ұйғардыңыз?

– Иә, былтыр қараша айында Ақ­тау­ға жол түсті. Ол уақытта Астанаға бар­ма­ғаным жақсы болған екен (күліп). Се­бебі ол мезгілде бас қалаларыңызда күн қатты суық деп естіген едім. Ақтауға дос­тарым шақырды. Өзім де Бозжыраға қатты барғым келген-тін. Көпшілік қара­ша айы Ақтауды аралауға керемет мез­гіл деп айтты. Келесі жолы Алматы, Аста­наға барсам деймін. Каспий теңі­зі жағалауын аралап, әде­мі­лі­гіне тамсанып қайттым. Атқа мін­дім. Бозжыраға табаным тиді. Ма­ған Қазақстанды бірден зама­науи қаласы емес, ауыл-аймағы ар­қы­­­­­лы тану қызық болды. Мысалы, Па­рижге барсаң заманауи ғимараттар мен мультимәдениеттен көз алмайсың. Ал егер шынайы Францияны көргіңіз кел­се, ауыл-аймақтарына барғаныңыз аб­зал. Шағын қалаларға барсаңыз, Пари­ж­­де­гі көргеніңізден едәуір айырмашылық пен жергілікті дәстүрдің белгілерін көп кө­ресіз. Ақтау да сол секілді. Қазақ хал­қы­ның көп дәстүріне қанығып қайттым. Он­дағы тұрғын үйлер мен ғимараттар өзінше әдемі. Тағамдары да дәмді. 

– Threads-те «Француз болсам да, қа­­­зақтың дәстүрлі ұлттық киімін ерекше бағалаймын және үлкен құр­метпен қараймын. Бұл киімдер – Қазақстанның мәдениеті, тарихы мен болмысын дәріптейтін асыл мұра» деген жазбаңызға 60-тан ас­там қолданушы пікір қалдырған. Ақ­тауға барғаныңызда ұлттық киім­нің түр-түрін көрген боларсыз?

– Иә, мен тіпті ол жақтан қыз-келін­шек­тер киетін ұлттық киім мен зер­гер­лік бұйымдар сатып алдым. Парижде өте­тін қазақ ивенттеріне киіп барамын. Был­тыр Наурызда мәдени орталықтағы ұлт­тық киімді киген едім. Сол киім үл­гісі мен әшекейлер ұнап қалды. Маған әдемі жарасатын секілді. Енді мұндай іс-шараларға киетін өз киімімнің бары қандай жақсы еді. 

– Әлеуметтік желіде өзіңіз қазақ­ша үйреніп қана қоймай, француз тілін үйренгісі келетін отандас­тары­мызға да көмектесіп жүрсіз. Парақ­шаңыз арқылы француз тілін үй­рен­гісі келетіндер көп шығар?

– Негізі, бастапқыда желіге ағыл­шын­ша, қазақша аралас видео жүктегім кел­ген. Сосын қазақтарға, әсіресе, фран­цуз тілін үйреніп жүргендерге де кіші­гі­рім көмегім болсын деген ой келді. Ақы­рында, бұл форматтың екі жаққа да тиім­ді екеніне көзім жетті. Мен ол пос­ты­ма реакция таныту арқылы қазақ­ша үй­ренемін, ал қазақтар менің ана тілім­нің ережесін ұғынып, жаңа сөздерді жаттай алады. 

– Қазақшаңызға риза болған көп­шілік сізде еш акцент байқал­май­тынын көп жазыпты. Расында да, акцентсіз, тамаша сөйлейсіз.

– Мен дыбысталу жағына көп мән бере­­мін, тиісінше көп жұмыс істеймін. Де­генмен бізге, француздарға сіздердегі қ, ғ секілді төл дыбыстарын айту оңайы­рақ. Себебі ол дыбыстар бізде де бар. Қа­зақтарға да французша сөйлеу оңайы­рақ. Менің көп қазақ танысым біздің тіл­де акцентсіз, керемет сөйлейді.

– Threads-тегі парақшаңыздан «Өті­немін, маған «р» әрпін айтудың барлық құпиясын айтыңыздаршы» де­ген тағы бір жазбаңызды көріп қал­дым.

– Иә (күліп). Жаттығу жасап, дұрыс ды­быстауға барымды салып жүрмін. Бір­неше адам ол әріпті дұрыс дыбыс­таудың қыр-сырын қазақша жазыпты. Бізде р әрпі болғанымен біз оны ғ деп ай­та­мыз. Мысалы, mersi (қазақша – ал­ғыс) деген сөз меғси деп естіледі. 

– Қазір қазақ тілін Париждегі мәдени орталықта үйреніп жүрсіз бе? Сабақ аптасына қанша рет өте­ді?

– Иә, аптасына бір рет сабаққа бара­мын. Десе де, сабақпен шектеліп қалмай, өз бетіммен көп үйренуге тырысамын. Duolingo қосымшасына қазақ тілінің кіріктірілмегені өкінішті-ақ. Жоғарыда айтып өткенімдей, әлем тілдерін үйрету үшін жасақталған көп мобильді қосым­шаға қазақ тілі енгізілмеген. Оларда тіпті, қолданыс аясы тар тілдер де бар, бірақ қазақша жоқ. Көп танысым «Мына қосымша пайдалы» деп бірнешеуін қол­дануға кеңес берді. Алайда онда қазақ тілі орысша үйретіледі. Қазақшаны қа­лай үйрену керектігі туралы орысша ма­териалдар жетерлік. Түрікше де бар. Алай­да өзге тілдерде жоқтың қасы. Мен қа­зақ тілін орысша үйренгім келмейді. YouTube-та қазақ тілінің ережелерін ағылшынша түсіндіретін бір ғана канал бар. Ол көбіне базалық сөйлемдерді жақ­сы түсіндіреді. Мен тіл үйренуге ба­рып жүрген орталықта Абай институты құрастырған бір ғана кітап бар. Деген­мен, оның ішінде көп қате бар екен. Мұ­ғаліміміз мұны жиі байқап, бізді түзеп отырады. Қазақ тілін ағылшынша үй­рететін кітаптар мен қосымшалар көп болса игі еді. Есесіне, қазақ мәде­ние­тіне қызығатын ағылшынтілді ұлттар тез үйреніп алады. 

– Алдағы мақсат қандай? Қазақ тілін толық меңгеріп алған соң, не істемек ойыңыз бар?

– Күндердің бір күнінде қазақша еркін сөйлеймін деген сенімім бар. Шынымен қазақтар секілді «зуылдап» сөй­лескім келеді. Содан соң қазақтарға француз тілін үйреткім келеді. Алдағы уақытта қазақша-французша үйрететін ресурс жасақтап шығарсам тіптен жақ­сы болар еді. Менің көмегіммен көп фран­цуз қазақша, бірнеше қазақ біздің тілді үйреніп алса, керемет емес пе?! Франция мен Қазақстан арасында мә­де­ни көпір болғым келетінін үнемі айта­мын. 
Бір қызығы, былтыр Ақтауға барға­ным­да жергілікті тұрғындар менің бет-әлпетіме қарап орысша сөйлей жөнел­геніне таңғалдым. Мен олармен ағыл­шынша, қазақша сөйлесуге тырыссам да, олар менің орыс емес екенімді білсе де, маған орысша жауап қатады. Ақтауда бас қалалармен салыстырғанда қазақ­тілді орта, дәстүрге берік екенін жиі ести­тінмін. Десе де, менімен орысша әңгі­ме өрбітуге тырысқандарына аң-таң болдым. Киноны толығымен қазақша көр­гім келеді. Қазақша әнді де аудар­масыз тыңдасам деймін. 

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан 
Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары