Қазақстан Президенті мен Пәкістан Премьер-министрі мәдени орталықтар және «Достық» спорт кешенінің ашылу рәсіміне қатысты, деп хабарлайды turkystan.kz.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың мемлекеттік сапары аясында Исламабадта әл-Фараби, Қаныш Сәтпаев және Қожа Ахмет Ясауи атындағы мәдени-білім беру орталықтарының, сондай-ақ «Достық» спорт кешенінің ашылу салтанаты өтті.
Әл-Фараби орталығы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті мен «Каид-и-Азам» университеті (Quaid-i-Azam University) арасындағы ынтымақтастық шеңберінде ашылды. Ғимарат оқу-әдістемелік және ғылыми әдебиеттермен, сонымен бірге заманауи компьютерлік құрал-жабдықтармен, жиһазбен қамтылған. Орталық базасында қазақ тілі курстары ұйымдастырылмақ.

Қаныш Сәтпаев орталығы Қ. Сәтпаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университеті (Satbayev University) мен Пәкістан ұлттық ғылым және технология университеті арасындағы ғылым, білім беру, сондай-ақ технология салаларындағы екіжақты ынтымақтастықты дамыту жөніндегі уағдаластықтарға сәйкес жұмыс істейтін болады.
Қожа Ахмет Ясауи орталығы Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті мен Исламабад Халықаралық ислам университетінің келісімі бойынша ашылды.
«Достық» спорт орталығында тоғызқұмалақ және қазақ күресі бойынша пәкістандық федерациялар құру, Қазақстан шахмат академиясының, Qazaq batyry аралас жекпе-жегінің филиалдарын ашу, сондай-ақ екі елдің грэпплинг пен бокс федерациялары арасындағы ынтымақтастықты дамыту көзделіп отыр. Қос мемлекет пәкістандық жаттықтырушылар мен спортшыларды оқыту үшін бірлескен оқу-жаттығу жиындарын қолға алмақ.