Президенттік орталықта жаңа Конституция жобасына қатысты сараптамалық талқылау өтті

Президенттік орталықта жаңа Конституция жобасына қатысты сараптамалық талқылау өтті

ҚР ПІБ Президенттік орталығында «Әділетті Қазақстанның Конституциясы» тақырыбында сараптамалық кездесу өтті, деп хабарлайды turkystan.kz.

Іс-шараның мақсаты – елдің қоғамдық-саяси және экономикалық дамуының өзекті мәселелері контекстінде елдің жаңа Негізгі заңы жобасының негізгі ережелеріне сараптамалық талдау жүргізу.

Кездесуді ұйымдастырушылар – ҚР Президенттік орталығы және Мемлекет тарихы институты.

Жаңа Конституцияның жобасы қоғамда кең ауқымды резонанс тудырып, қызу талқылау нысанына айналды. Негізгі заңға енгізілген өзгерістер Конституцияның барлық бөлімдерін және 77 бабын қамтып, мәтіннің 80 пайыздан астамын құрайды. Жоба конституциялық жаңғыртудың терең негіздерін айқындап, оның аясында Негізгі заңның мазмұны мен тұжырымдамалық тәсілдері түбегейлі өзгеруде.

Конституция жобасы биліктің жаңа архитектурасын қалыптастырып, қоғамды одан әрі демократияландыруға жағдай жасайды. Мемлекеттің жаңа моделінің айрықша ерекшелігі – Парламенттің, сот жүйесінің және азаматтық қоғамның рөлін күшейтуге, сондай-ақ билік тармақтары арасындағы өкілеттіктерді неғұрлым теңгерімді бөлуге бағытталуында.

«Ұлттық құрылтайдың V отырысы барысында Мемлекет басшысы институционалдық дамудың жаңа кезеңін айқындайтын, жаһандық тұрақсыздық пен жалпы белгісіздік жағдайында мемлекеттік институттарды нығайтуға, қоғамның қатысуын арттыруға және мемлекеттік басқарудың тиімділігін көтеруге бағытталған кешенді жолдауларды жария етті. Жаңа Конституция жобасында айқындалған мемлекеттің жаңа моделінің басты ерекшелігі – Парламенттің, сот жүйесінің және азаматтық қоғамның рөлін күшейту, сондай-ақ адамды және оның құқықтарын мемлекеттің ең жоғары құндылығы ретінде бекіту. Бұл Қазақстан қоғамын жаңғырту үдерісіндегі маңызды межелі кезең болып табылады және Президент Қ.К.Тоқаев жариялаған Әділетті Қазақстанды қалыптастыруға бағытталған стратегиялық бағыттың логикалық жалғасы саналады», – деп атап өтті ҚР Президенті орталығының директоры Бақытжан Темірболат өз құттықтау сөзінде.

Мәжіліс депутаты Ерлан Саировтың айтуынша, Қазақстан өзінің саяси дамуының сапалық жаңа кезеңіне қадам басты. Елде жүзеге асырылып жатқан консенсус реформаларын бағалау кезінде соңғы онжылдықта әлемде болған ауқымды геосаяси өзгерістерді ескеру қажет.

«Күрделі халықаралық ахуалда мемлекеттің біртұтас құрылымын және президенттік басқару формасын сақтау Қазақстан үшін стратегиялық маңызға ие. Орталықтандырылған және тиімді басқару жүйесі елдің тұрақтылығын және территориялық тұтастығын қамтамасыз етеді», — дейді ол.

Өз кезегінде парламентарий Ажар Сағандықова жаңа редакциядағы Негізгі заң жобасында мемлекетті жүйенің орталығы ретінде қараудан адамды оның басты мәні ретінде айқындайтын түбегейлі бетбұрыс жасалғанын атап өтті. Бұл ұстаным құжаттың құрылымынан, преамбуласынан, бөлімдердің қайта қаралуынан, сондай-ақ құқықтар мен бостандықтардың кепілдіктерін күшейтуден көрініс тапқан. Бүгінде Конституция жобасында дәл осы кепілдіктерге ерекше мән беріліп отыр. Атап айтқанда, адамның мемлекетпен алғашқы өзара іс-қимылынан бастап процессуалдық құқықтарының қамтамасыз етілуі, жеке өмірі мен дербес деректерін, оның ішінде цифрлық ортада қорғау, адвокатураның рөлін нығайту және құқықтарды қорғаудың түсінікті әрі тиімді тетіктерін бекіту көзделген.

«Бүгінде жаңа Конституция жобасын қоғамдық талқылау үдерісіне азаматтардың белсенді қатысуын елдегі саяси жаңғыртудың негізгі көрсеткіштерінің бірі ретінде қарастыруға болады. Осы орайда азаматтық белсенділіктің артуы конституциялық реформаның қоғамдық легитимділігін нығайтуға ықпал етіп қана қоймай, азаматтардың саяси-құқықтық санасының өсуіне де әсер етеді. Әртүрлі қауымдастықтар мен кәсіби топтардың ұсыныстары Конституция жобасының сапасын арттыруға және оны қоғамның нақты қажеттіліктеріне бейімдеуге мүмкіндік береді. Нәтижесінде бұл үдеріс «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының іс жүзінде жүзеге асырылып жатқанын айқын көрсетеді», – деді Мемлекет тарихы институтының директоры Нұрбек Пүсірманов.

Сараптамалық кездесу барысында сондай-ақ Қазақстан Республикасы Заңнама және құқықтық ақпарат институтының Конституциялық құқық және мемлекеттік басқару бөлімінің басшысы Сабигүл Бекішева, Экономикалық зерттеулер институтының Тұрақты даму мақсаттары жөніндегі хатшылығының директоры Бақытгүл Хамбар, Еуразиялық интеграция институты Ғылыми-теориялық талдау және әдіснамалық қамтамасыз ету департаментінің басшысы Арман Ешмұратов, Астана қаласы Қоғамдық кеңесінің мүшесі, заң ғылымдарының докторы, профессор Есберген Алауханов сөз сөйледі.

Іс-шараға ғылыми қауымдастық өкілдері, даму институттары мен азаматтық қоғам өкілдері, жетекші қазақстандық сарапшылар, сондай-ақ Парламент депутаттары, V Ұлттық құрылтайдың қатысушылары қатарынан шамамен 70 адам қатысты.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары