Қарқынды дамитын қалаларға арналған жаңа конституциялық норманың маңызы зор – Құралай Садықова

Қарқынды дамитын қалаларға арналған жаңа конституциялық норманың маңызы зор – Құралай Садықова

ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы Басқару институтының директоры Құралай Садықова жаңа конституциялық норманың, инвестиция мен даму үшін жаңа құқықтық мүмкіндіктің маңызын атап өтті, соның ішінде қарқынды, деп хабарлайды turkystan.kz.

«Түбегейлі конституциялық реформа аясында елдің құқықтық жүйесіне енгізілген ең басты жаңалықтардың бірі – қолданыстағы құқық пен құқықтық актілер иерархиясын бекітетін 5-бапқа қаржы саласына қатысты арнаулы құқықтық режим институтын конституциялық деңгейде енгізу. Мұндай арнаулы құқықтық режимнің немесе «қарқынды дамитын қала» арнаулы құқықтық режимінің белгіленуінің негізгі мақсаты – өңірлердің қарқынды экономикалық дамуына серпін беру.

Конституциялық норма инвестициялық тартымдылықты арттыру және қаржы қызметінің дамуына ықпал ететін кешенді институционалды құрылымдарды қалыптастыруға негіз болады. Бұл – экономикалық модернизация құралдарын конституциялық деңгейде бекітудің маңызды қадамы. Қазақстандағы аталған режимнің жоспарланған элементтеріне мысал ретінде Астана халықаралық қаржы орталығының (AIFC) қызметін көрсетуге болады, ол ерекше құқықтық және реттеуші режим негізінде жұмыс істеп, шетелдік бизнес пен инновациялық қаржы қызметтері үшін либералды жағдайларды қамтамасыз етеді», – дейді Құралай Садықова.

Маман жаңа конституциялық норма мемлекет аумағында белгілі бір территорияда арнайы құқықтық мәртебесі бар қалаларды құруға құқықтық мүмкіндік беретінін баса айтады.

«Бұл қалалар әлеуметтік-экономикалық дамуды жеделдетуге бағытталған. Мысалы, «Алатау» қаласының (Alatau City) ерекше юрисдикциядағы арнайы мәртебеге ие болу мүмкіндігі. Мұндай қалалар инвестицияларды шоғырландырып, өзіндік қаржылық моделді қалыптастыруға, инновациялық инфрақұрылымды дамытуға және басқарудың жаңа формаларын сынақтан өткізуге арналған, бұл өз кезегінде және экономиканы әртараптандыруды жеделдетеді.

Экономикалық дамуды конституциялық деңгейде қамтамасыз ету стратегиялық маңызды аумақтар мен экономикалық секторларды жедел дамытуға құқықтық негіз береді. Арнаулы құқықтық режимдердің конституциялық деңгейде бекітілуі инвесторлар мен экономикалық субъектілер үшін құқықтық айқынсыздықты азайтып, мемлекеттік саясаттың болжамдылығын күшейтеді», – дейді Құралай Қажымұқанқызы.

Сонымен қатар ол азаматтар мен бизнес өкілдерімен қарым-қатынас шектерін анықтайтын құқықтық базаны қалыптастыру қажеттігін атап өтті.

«Қарқынды дамитын қалалардың» ерекше мәртебесі пилоттық аумақтарда уникалды мемлекеттік басқару механизмдерін енгізуге мүмкіндік беріп, кейін басқа өңірлерге тарату мүмкіндігі бар. Мұндай институционалды икемділік – мемлекеттік басқаруды жаңғырту мен жаһандық нарық талаптарына бейімделудің маңызды құралы.

Ұсынылып отырған норма мемлекеттің унитарлық құрылымына қайшы келмейтінін және конституциялық заңмен бекітілген әкімшілік-аумақтық бөліністі өзгертуді қарастырмайтынын, мемлекеттің аумаққа толық бақылауды жүзеге асыруды сақтап қалатынын айта кеткен жөн. Аталған режимді енгізу мемлекеттік органдардың өкілеттіліктерін, азаматтар мен бизнес өкілдерімен қарым-қатынас шектерін анықтайтын құқықтық базаны қалыптастыру қажеттілігін алға тартады. Мемлекеттің унитарлық құрылымы мен территориялық тұтастығының сақталуы экономикалық басқарудағы икемділік пен мемлекеттік құрылымның тұтастығы арасындағы теңгерімді қамтамасыз етеді», – дейді маман.

 

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары