«Бір-ақ ауыз сөзім қалсын артымда...»

«Бір-ақ ауыз сөзім қалсын артымда...»

Біз бәрін айналамызбен өлшейтін болдық. Біздің барлық сәтіміз тек бәсекелестіктен, «көштен қалмау» мен «кеш қалмаудан» тұратын күйге түстік. Қайда асығамыз, неге сонша жанталасамыз, сонда қайда барамыз деген бір ой кейде жылт еткенімен, оны да кезекті бір ағыс – озбасаң да, «өзгелердің өкшесін басу», тым құрыса соларша өмір сүру ұмыттырады. Осы бір алақұйын керуенге ілесіп, зымырандай зырлаған уақытпен жарысып, қос өкпемізді қолымызға алып, «бақытты болудың» көптеген теориясына ынтығып күн кешу дағдыға айналды.

Осындай сәтте ойыңды жинақтар өлең оқығың келеді. Ақын Аман Кә­летаевтың уақыт пен өмір жайлы тол­ғаныстан туған жырлары топтас­ты­рылған «Арманымды аялашы, жалған-ай...» деген кітабын парақтап отырғанда төмендегі жыр жолдарына жолықтық. 
Ұлы көшке, білмеймін, қосылам ба?
Әлде адасып жүрем бе осы маңда?
Әлде менің тынысым бітерсің деп,
Зауал, шіркін, тұра ма тосып алда?
«Ұлы мекен» атты өлең бірден осы­лай басталыпты. Жоғарыда айтқа­ны­мыз­дай, бәріміздің ойымыз «ұлы көшке» қо­сылу ғой. Ақынның ұлы көш деп отыр­ғаны – уақыттың, өмірдің үздіксіз тас­қыны екенін ескерсек, сол көшке қо­сылу үшін жан алысып, жан беріскен беймаза күйбең тірлігіміз бірден жанды картинаға айналып шыға келеді. Ал екінші мағынасынан қарар болса, қазақ үшін «ұлы көш» ұғымының астары әл­деқайда кең. Ұлы көш – дәуірге қадам басу, топтан қалмау, алдыңғы лектен адас­пау. Көшпелі өмірдің ырғағын көзі­мен көрген жан үшін әр мезеттің ішкі ритмі – өзіндік көші болады.
Ал өлеңдегі «меннің» сөзі – тұтас за­мана лебін шайқап, ойыңдағы сұрақ­тар­ды қайта оятады. «Ұлы көшке қосы­лу» әркімге-ақ мақсат көрінгенімен, оны іске асыру барша пенденің маңдайына жазыла бермесі анық. Бірақ бұл жердегі түйткіл – адамның ұлы көш деп нені қа­былдауына байланысты. Осы өлеңді қа­рапайым өмір туралы, оның өтпелі еке­ні жайындағы жыр деп ойласаңыз, қа­телесесіз. Өйткені ақын бірден өмір ту­ралы толғанысқа ерік бергенімен, соңғы түйінінде тақырыпты мүлдем басқа арнаға бұрады. 
Сары жұрт боп қалыпты-ау кеше ғана
Қаз қаңқылдап, мал өріп жатқан да­ла.
Бұл екі жолдан оқырман лири­ка­лық «меннің» жеке адамның емес, оның туған жері – атамекенінің, уа­қыт ағы­нын­да босап қалған кеңіс­тік­тің суретін сал­ғанын көреді. Қазақ да­ласының бір қиы­рында өзінің өскен елі, жері, бала­лық бақытты шағы өткен ор­та­сы көңіл түпкірінен еш көтеріл­мейді. 
Мұны екі түрлі мағынада тәпсірлеуге бо­лады: біріншісі, ақынның өзінің кін­дік қаны тамған мекені жайында тол­ға­нысы болса, екіншісі, сары жұрт – адам­ның бала кезінде көрген ортасының мез­гіл мен мезет көшінде бұрынғы сұлу, бақуатты қалпынан өзгеретіндігі. Яғни, адам өмірі мен уақыт бір-біріне пара-пар өлшемде тең деуімізге болады. Сіз­дің бала кездегі, жастық шақтағы, егде тартқандағы табиғатқа сеніміңіз, та­би­ғатты түйсінуіңіз бен түсінуіңіз әрқилы бо­лады. Қаңқылдаған қаз, жайнаған өзен-көл, өріс толы мал – бәрі де өткен күн­нің таңғажайып елесін көз ал­дыңыз­­ға әкелгенімен, бүгінгі күннің танымымен қарасаңыз, әлдебір жүдеулік байқалады. Адам баласының мұндай «өгей сезімі» – оның туған жер, өскен ор­таға сезімінің өзгерісінен емес, уақыт дауы­лының сан тарау екпінінде танымы мен көзқарасының есейетінінде. Адам – туған жерінің топырағынан жаралға­ны­мен, сол өлкенің арман-аңсарымен ғана ғұ­мыр кешпейді. Оның көрері де, көр­мегі де «жаттыққа» бейімделуге құштар. Сол бейімделу оны көп адастырады, көп өт­келектен өткізеді. Сондықтан да ақын өзі­нің туған жерінің жүдеу қалпын көріп құлазиды. Себебі пенде баласы әр­қа­шан алғашқы тәй-тәй басқан ша­ғын, табаны жерге алғаш тиген сәтін еске алуға құмар. Сондықтан ақынның бұл жырынан туған жерінің ыстық құ­шағын сәбидей пәк аңсармен сүюге құш­тар екені менмұндалап тұр. Мұны өлеңнің соңғы шумағынан байқаймыз. 
Еңіреу тағдырыма өкінбеймін,
Мен бүгін қорғаны жоқ жетімдеймін.
Ұлы мекен, тұрса екен туың биік,
Одан басқа өмірден не тілеймін?!
Аман Кәлетаев саналы ғұмырын өзі­нің туған жерінде өткізген ақын. «Те­біреніс», «Іңкәр дүние», «Туған жерім – тұ­марым» және «Арманымды аялашы, жал­ған-ай..» кітаптары жарық көрген. Осы кітаптарды оқысаңыз, екі өлеңінің бірі туған жер туралы толғаныстарға құ­рыл­ған, туған жеріне деген шексіз сүйіс­пеншілікке, кейде шерге толы хам­саларға кезігесіз. Өйткені, туған жер – қазақ үшін түп қазық. Адам өмірге ке­лер­де туған жерінің топырағы «бұрқ ете­ді» деген ескі таным бар. Өмірден өтер жеріңнің де топырағы белгі береді деп те қарайды. Қайда туып, қайда өле­тінің әуел баста «пешенеңе» жа­зыл­ған. Мұны біздің дүниетанымда «жазмыш» деп атайды. Ақынның өлеңдерінде жаз­мыштың алар орны ерекше дер едік. Ол өз тағдырын туған жерінің тағдыры, соның мұңы мен қайғысы деп түсінеді. «Се­нің тағдырың – менің өмір жолым» де­ген ойға әр өлеңінде жетелеп отырады. Аман Кәлетаев жырларының негізгі фи­лософиясы – туған жерге адалдық, оның дамуы мен көркеюіне қызмет ету. Ақын бұл ойларын жадағай байламдармен, ди­дактикалық тұжырымдармен бей­не­ле­­­мейді. Керісінше, оның сұлулығына, та­рихына, киелі ұстындарына, асқақ­ты­ғы­на тамсана отырып, бүгінгі келбеті мен болашақ тағдырына алаң көңіл бо­лады. 
Өмір – ұзақ та қысқа керуен жол. Шы­ғыс философтары адам осы жолды ту­ған жеріне оралу үшін басып өтеді деп тұ­жырымдайды. Бейсаналы түрде. Рас, адам біткен туған жерінен қиянға сам­ғап кетпеуі мүмкін, тіпті өзінің кіндік қа­ны тамған өлкесінде өмір сүріп жатуы да кәдік, бірақ ол өзінің балалық шақ­та­ғы, санасы сау, мына жалғанның қы­зыл-жасыл дүниесімен, дүрмегімен ал­дан­баған уыз қиялындағы елесті із­дей­тін көрінеді. Ал шығандап алысқа кет­кендер де өз топырағын ұмытса да, жан дү­ниесіндегі уілді ұмыта алмай өмір сүруі бек мүмкін. «Ұлы мекен, тұрса екен туың биік» деп толғанып, «Одан басқа өмір­ден не тілеймін?!» деуі де осы пайым­ның бір түйіні болса керек. 
Ақын туған жерінің барлық бояуын, тау мен тасын, өзен мен көлін жыр­ла­ған­да, жүрегі жылып, көңілі босайтыны қай­ран қалдырады. Тура талай жылдан кейін атамекеніне оралғандай әсермен тебіренеді. Шөліркеген жанның ал­ды­нан шарамен су ұсынғандай шынайы се­зімді ақтарады. Төмендегі жырға зер са­ла оқысаңыз, біздің бұл айтқа­ны­мыз­дың әсірелеусіз екенін қапысыз аң­дай­сыз.
Замана заңын бұза алман,
Табиғат өзі – төреші.
Жаз өтіп, күтті күз алдан,
Көлбеңдеп бұлттың елесі.

Қысым да жетер қатулы,
Қылаулап көктен қар ұшқын.
Тірлікке ғашық ақынды,
Сағына күтер таныс шың.

Кіндігім сонда байлаулы,
Туған жер, сенсіз күн қараң.
Толғантқан асыл ойларды,
Өлең ғып өрді бұл балаң.

Ғашықпын гүлге, көктемге,
Туған жер, тәңірім боп келдің.
Көз жұмып ертең кетсем де, 
Жусаның болып көктермін.
Бар-жоғы төрт шумақтан тұратын бұл өлең жоғарыдағы сөзіміздің дәлелі десек болады. Мұнда да туған жерге өзінің кіндігінің байлаулы екенін ашық айтып, «жусаның болып көктермін» деп тебіренеді. Ақынның бұл өлеңі өзінің туған жерді жырлау миссиясындағы айрықша туындының бірі. 
Егер бұл өлең тек табиғатты жыр­лау, туған жерге ерен махаббат десек, онда қателескен болар едік. Өлең­нің бастап­қы шумақтары өзінің иірі­мі­мен, жырлау, көркемдік тәсілдерді бөлек құру мәнерімен ерекше. Әйткенмен, егер «көз жұмып ертең кетсем де, жусаның болып көктермін» деген соңғы екі жол бол­маса, бұл жырды «айрықша» деп ата­маған болар едік. Бізге соңғы түйін ерек­ше ой салды. Діни пәлсапаларда ада­м­ның екінші өмірі боларын жиі ай­тып жатады. Бұл таным бізге де жат емес. Пенде бейсаналы түрде туған жер­ге оралуды армандап ғұмыр кешері шын болса, онда жусан боп көктеуден артық арман болмауға тиіс. Жусан – қазақ үшін ең қастерлі өсімдіктің бірі. «Бір қозы туса, бір түп жусан артық шығады» деп жа­тамыз. Ақын жусан арқылы, онда да оның көктеуі туралы айта отырып, өлең­нің өн-бойына киелілік дарытып отыр. Алдыңғы екі шумақ – мезгілдің өз­герісі, жаз, күз, қыс деген маусым ай­на­лымы арқылы өмірдің өтпелілігін ойға салса, үшінші шумақта «туған жер» деп толғанады. Кіндік қаны тамған же­рін пір тұтады. Ал соңғы шумақта ақын гүлге, көктемге – сұлулыққа ға­шық жан ретінде көрініп, туған жерін «тәңірге» теңейді. Содан кейін іле-шала «жусан бо­лып көктеуді» армандайды. Бұл өлең­нің құрылымындағы құпия жад деуі­мізге болады. Мұны ақын әдейі сара­лап қолдануы мүмкін емес. Өлең – синкретті өнер. Ол ұзақ толғаныстардан, өмір жай­лы көзқарастардан, ой-пайымдар­дан тумайды, солардың ақын жанына әсер еткен ең бір сәулелі сәттерінен бүр ашады. Сондықтан да бұл өлеңде «осы­ны айтайын» деген байлам жоқ, мұндағы ой мен сөздің бәрі табиғи туғандығында. Бұл біздің поэзиядағы көп кездесе бер­мейтін ерекшелік. Егер осы ойды айту үшін айтылса, онда ол поэзиялық қуа­тынан айырылып, дидактикалық тұ­­жы­рымға бейімделіп кетеді. Жоға­ры­дағы өлеңнің қуаты да осында: табиғат өзгерісінен басталып, туған жерге табан тіреп, өмір мен өлім арасындағы шека­ра­ға келіп түйінделуінде.
Мұндай жырлар әдетте оқырманға қарапайым ойлар тізбегі болып көрінуі мүм­кін, ал түп тереңіндегі мөлдір ойды ар­шып алсаңыз, оның құпиясына үңіл­сеңіз, алдыңыздан мүлде басқа кеңістік – Адам мен Туған жер деген ұғым аясын­дағы бірегей бүтіндік ашылады. 
Ауыл құрып кете ме де сескенем,
Терең тамыр ешқашан да өшпеген.
Қай бұрышта, қай қиырда жүрсем де,
Ауылыма сағынышпен беттегем, – дейді өзінің «Жусан иісі» өлеңінде. Ав­тордың жусан сөзін өлеңде жиі қолда-натынын байқаймыз. Бұл да сол таны-мындағы ұлттық бояудың поэзия болып көктеуінен деп тұжырар едік. Жу­санды жырлаған ақын қазақта өте көп. Бірақ оны бейсаналы стихиясына айнал-дырған некен-саяқ. Аман Кәлетаев үшін жусан туған жердің негізгі сим­волы секілді. Ал туған жер – ақын үшін ата-мекен, отан ұғымдарының баламасы. Шын­дығына келсек, өзі өмір бойы ауы­лында, қаржы саласында табан аудармай ең­бек еткен адамның ауылдың жай-күйін терең түсінбеуі мүмкін емес. Ақын үшін ауыл тәуап етер киелі жер, қара­шаңырақ секілді. Оны ауыл туралы әр өлеңінде әр қырынан безбендейді. 
Автор өлеңдерінде Алтай, Тар­ба­ға­тай тауларын, киелі де қастерлі Шығыс­ты мақтанышпен жырлайды. Ол үшін Шығыс – тек күн шығатын жер емес, Шы­ғыс – барша жаратылыстың түп­қай­нары. Шығысты сүю, оның әр бітік тасы мен тауына, жусаны мен изеніне таңыр­қау – өмірдің мәнін терең түсінудің жо­лы. Қазақтың тағы бір әйдік ақыны Омар­ғазы Айтанұлы «Менің Шығысым» деген дастан жазғаны есімізде. Ал Мағ­жан Жұмабаев болса, «Күннен туған­ды­ғын» ерекше стихия санаған. Аман Кә­ле­таевтың да Шығысқа арнаған бірнеше жыры бар.  Ақын Шығыстың сұлу та­биғатын ғана емес, оның заманалар кө­­шінен үзілмеген сан тарау аңызын өзі­нің жыр шумақтарымен қайта тіріл­туге құлшынғаны аңдалады. Ол шы­ғыс­тың сұлулығын – Тәңірдің бізге берген сыйы деп ұғады.
Автор өлеңдерінен Абай, Қасым, Мұқағали, Жұмекен ақындарға ерекше ден қоятынын байқаймыз. Әсіресе, Мұқағалидың тұтас поэзиясын жата-жас­тана оқып, жатқа білгендей көрінеді. Бұл – әдеби дәстүрдің жалғасуы. Ұлттық әде­биет – тек өзіңдік сара жол жасаумен көр­кеймейді, керісінше, өзіңе дейінгі бай әдеби дәстүрді үнемі жаңғыртып, оның артықшылығын өз мәнеріңе, көр­кемдік танымыңа бейімдеу арқылы да­миды. Оның кейбір өлеңдеріндегі ұйқас құру, ойды тұжырымдау дағдыларынан алдыңғы толқындағы ірі ақындарға дәс­түрлі құрмет аңдалып тұрады.
Ұйықтап кетсем қайтадан оятпаңдар,
Өлеңімді бітпеген аяқтаңдар.
Қарсы алады ертеңнің ертегісі,
Қарсы алады, сенемін, мені ақ таңдар!
Ақын бір өлеңінде осылай ағынан жары­лыпты. Мұндай шумақтар оқыр­манын таппай тұрмайды. Оқырманын елік­тіретін, ойландыратын тапқыр тір­кестер мен ойлар көп ұшырасады.
Өмір деген қасіреттен тұрады,
Өмір деген – жақсылықтың бұлағы.
Таусылмайды, таусылмайды өлгенше,
Ақылдының бұл өмірге сұрағы, – дейді тағы бір жырында. Өзі философиялық-та­нымдық еңбектерді көп ақтарған ақын­ның мұндай ой-толғамдары жиі ке­зі­геді. Өмірінің жиырма жылдан ар­тық уақытын ауру азабымен өткізсе де, тағ­дырға мойып, нәлет жаудырып, өкі­ніш­ке бой алдырғанын жырларынан бай­қамайсыз. Үнемі қайсарлыққа, өмір­дің қасіреті мен қайғысын қуаныш-шат­тығы арқылы да бағалауға шақырып оты­рады. Ол өте оптимист. Түңілуден гөрі, өмірден, айналадан, әр сәттік мезет­тен мән іздеуге бейім. Өлеңдерін оқы­саңыз, отансүйгіштік пен қажыр мен қайраттың лебі еседі.
Қанатым бар қыранмын, томағамды ал,
Көкке самғап кетейін, о, адамдар!
Ғаламдағы ғажапқа тәнті болса,
Адамды ақымаққа санамаңдар.
Мұндай қайсарлық ақынның өмір, заман, қоғам хақындағы жырларында өте көп. Рухты жырлардың легін көп кезіктіресіз. 
Ақын Аман Кәлетаев биыл тірі болса, 80 жастың бедеріне шығар еді. Бар ғұмырын туған жеріне қызмет етумен өткізген һәм сол туған жерін тоқтаусыз жырлаған жанның үмітке толы өлеңдерін оқып отырып, ішкі ыждағаты мен туабітті болмысына қылау түсірмей өткенін байқадық. 
Бір-ақ ауыз сөзім қалсын артымда,
Сүрдім деймін сонда ғұмыр саналы..., – дейді өзі де. Саналы да сұлу ғұмыр сүр­ген, Шығыс философтары айтқандай, т­уған жеріне өмірінің мазмұн-мәні ар­қылы шын мәнінде орала алған адамда арман бар ма?! Бәріміз «туған жерге оралу» жолында жүрміз. Бірақ қай қиыр­да адасып қаларымызды кім біл­сін?!
 

Тоқтарәлі ТАҢЖАРЫҚ

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары