Ұлттық ұланда әскери психологтарға арналған семинар-тренинг өтті

Ұлттық ұланда әскери психологтарға арналған семинар-тренинг өтті
Ұлттық ұлан

Астана қаласында ҚР ІІМ Ұлттық ұланының 5573 әскери бөлімінде әскери психологтарға арналған семинар-тренинг ұйымдастырылды. Іс-шара әскери қызметшілердің психологиялық тұрақтылығын арттыруға және қызмет барысында туындайтын күйзелістердің алдын алуға бағытталды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Семинар ҚР Ішкі істер министрлігінің «Психологиялық қызметтердің, күштік құрылымдар мен әскери қызметшілердің қызметін психотерапевтік сүйемелдеу» бағдарламасы аясында өтті. Ол «Әлеуметтік психотерапевтер, кеңесшілер және психотехнологтар халықаралық қауымдастығы» мен Ұлттық ұлан Бас қолбасшылығы арасындағы меморандум негізінде ұйымдастырылды.
Онда әскери қызметшілердің психологиялық дағдарыстарды еңсеруі, эмоционалдық күйіп кетудің алдын алу, ішкі ресурстарды қалпына келтіру және стресс жағдайларынан шығу жолдары кеңінен қарастырылды. Қатысушылар нақты қызметтік жағдайларға негізделген заманауи психотерапиялық әдістермен және практикалық жаттығулармен танысты.
Семинар-тренингті психология ғылымдарының докторы, профессор, халықаралық деңгейдегі маман Владимир Савкин жүргізді. Ол күштік құрылымдарда қызмет атқаратын мамандармен жұмыс істеуде тиімділігін дәлелдеген әдістерді ұсынып, тәжірибелік сабақтар өткізді.
5573 әскери бөлімінің психологы лейтенант Салтанат Адилова психологиялық дайындықтың маңыздылығына тоқталды:

– Әскери қызметшілер жоғары жауапкершілік пен тұрақты психоэмоциялық қысым жағдайында қызмет етеді. Психологиялық дайындық – жауынгерлік қабілетті сақтаудың маңызды бөлігі, – деді ол.


Үш күндік жиын соңында қорытынды отырыс өтті. Онда қатысушыларға Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары генерал-майор Қайрат Үмбетов сертификаттар табыстады. Сонымен қатар Бас қолбасшының кеңесшісі майор Әлібек Абдилов сөз сөйлеп, әскери қызметтегі психологиялық тұрақтылықтың маңызын атап өтті.
Айта кетейік, мұндай іс-шаралар әскери қызметшілердің тек физикалық емес, психологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған. Себебі мықты әскер дегеніміз – ең алдымен ішкі тепе-теңдігін сақтай алған сарбаз.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары