Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі, Конституциялық реформа жөніндегі комиссия төрағасының орынбасары Аида Балаева реформалардың маңызын айрықша атап өтті, деп хабарлайды turkystan.kz.
«Осы күндері еліміз тарихи мезетті бастан кешуде. Мемлекет басшысының бірнеше жыл бұрын әділдік пен парасаттылыққа, заң мен тәртіпке сүйеніп бастаған ауқымды реформалары өзінің ең жоғарғы құқықтық мәртебесін алып, жаңғырудың жаңа белесіне аяқ басты. Әрине, оның басты әрі баламасыз кепілі бүгін сіз бен біз болып саралап, ертең бүкіл ел таңдау жасап, бүкіл ер бағасын беретін – Ата заң. Ел президенті ерекше атап өткендей, бұл – мән-маңызы жағынан да, саяси-құқықтық мазмұны тұрғысынан да жаңа құжат. Президентіміз тарихи шешімдердің заңды нәтижесі – осынау алмағайып заманның талабына берген лайықты жауабы. Дегенмен бұл мемлекетіміздің осы уақытқа дейінгі жүрген жолдың жоққа шығару емес, керісінше, дүбірлі дәуірлерден бүгінгі күнге дейінгі озық ойлар мен тәжірибені тиянақтап, кеткен кемшіліктерді түзеп, жеткен жетістікті жаңалаған саяси табыстың бірегей үлгісі. Бұл өзгерістің ең басты лейтмотиві де ел тәуелсіздігінің тұғырын біржола нығайтып, әлем санасатын саяси ұлттың қолына төлқұжатын беріп, жол ашу. Бұл терең ой «Біз – Қазақстанның біртұтас халқы» деп басталатын Конституцияның жаңа кіріспесінен-ақ жақсы көрініп тұр. Ендігі жерде біз адам мен азаматтың жеке құқықтары мен міндеттерін тұтас ұлттың өмірлік мүдделерімен ұштастырған, ешкімді тілі мен дініне, тегі мен дәстүріне қарап, алаламай, заңды бәрінен биік қоятын ережені алға тартамыз. Ең маңыздысы, ата заңның жаңа нормалары әділдік, заңдылық және қоғамдық келісім сияқты рухани тұғырлардың өзара байланысын тереңдете түседі. Сөз жоқ, бұл – мемлекет пен қоғам арасындағы сенімді одан ары күшейтетін қарымды қадам», – дейді Аида Балаева.
Аида Балаева Мемлекет басшысы ұсынған өзгерістер кезекті бір түзетулер емес екенін баса айтты.
«Осы орайда, атап өтетін тағы да бір ерекшелік, осынау аталған құндылықтар – болашақ сайлау жүйесінің жаңа форматтағы көрінісі. Әңгіме саяси партиялардың рөлі мен партиялық тізімнің орны туралы. Сайлаушы бұл ретте жеке азаматқа емес, ең лайықты деген тұлғалардың ортақ ойына, озық идеяларына дауыс береді. Бұл ел өміріне саяси бәсекеге сапалы сараптама, мазмұнды пікірталас сияқты қажетті дүниелерді әкеліп қана қоймайды. Ең бастысы, бұл саяси партияларды өз сайлаушыларының үміті мен мүддесін дәл түсінуге және елдің ортақ мақсатына қызмет ететін маңызды мәселелерді шешуге мүмкіндік береді. Сол арқылы олардың мемлекет пен азамат арасындағы шын мәніндегі алтын көпірге айналуын тездетеді.
Қорытындылай айтсақ, Мемлекет басшысы ұсынған өзгерістер – кезекті бір түзетулер емес, азаматтарымыздың мұң-мұқтажын ескеретін, әділдікті ту етіп, заң мен тәрптіпке негізделген ел дамуының ұзақмерзімді тың моделі», – дейді Аида Балаева.