Жамбыл облысында мүгедектігі бар адамдарды жұмыспен қамту және әлеуметтік қолдау көрсету бағытында жүйелі жұмыс жүргізілуде. Бұл ретте, 2-4 пайыздық квотаның сақталуына және жұмыс орындарында қолжетімді орта құруға ерекше назар аударылып отыр, деп хабарлайды turkystan.kz.
«Кедергісіз келешек» партиялық жобасы аясында «AMANAT» партиясы Жамбыл облыстық филиалы жанындағы жұмыс тобы Тараз қаласындағы әлеуметтік нысандарға мониторинг жүргізді. Мұндағы мақсат – мүгедектігі бар адамдарға арналған квота талаптарының сақталуын және қолжетімділік жағдайын тексеру.

Мониторинг жүргізу барысында жұмыс тобы 400-ден астам адам еңбек ететін №2 қалалық емхананы аралады. Онда мүгедектігі бар 7 қызметкер жұмыс істейді. Тексеру нәтижесінде инфрақұрылымдық қолжетімділікке қатысты бірқатар кемшілік анықталды. Мекеме басшылығына осы олқылықтарды жою бойынша нақты ұсыныстар беріліп, оның бір бөлігі жедел орындалды. Сондай-ақ жұмыс тобы Тараз қаласындағы әуежай жағдаймен танысты. Онда мүгедектігі бар адамдардың кедергісіз қозғалуына қажет лайықты жағдай жасалған және квота талаптары толық сақталуда.
Сонымен қатар Жамбыл политехникалық жоғары колледжінде де мониторинг жүргізілді. Бұл оқу орнында мүгедектігі бар 6 азамат жұмыс істейді. Білім беру ордасында квота талаптары орындалып отыр. Жұмыс тобының мүшесі, облыстық мәслихат депутаты Анар Бексұлтанованың айтуынша, мүгедектігі бар адамдарды жұмыспен қамту және қолжетімді орта құру мәселесіне тұрақты назар аудару қажет.
«AMANAT» партиясының «Кедергісіз келешек» жобасы аясында біз мүгедектігі бар азаматтарды жұмыспен қамту бойынша квотаның сақталуын зерделедік. Көп мекемеде квота орындалып отыр. Алайда инфрақұрылымдық қолжетімділік мәселесі әлі де сақталуда. Бұл жұмыс тұрақты бақылауда болады. Ал тиісті ұйымдарға нақты ұсыныстар жолданады», – деді Анар Бексұлтанова.

Айта кетейік, «AMANAT» партиясының басым бағытының бірі – ел азаматтарын жұмыспен қамту. Бұл ретте, мүгедектігі бар азаматтарға тең мүмкіндікті қамтамасыз етуге, олардың әлеуметтік интеграциясына және лайықты еңбек жағдайы жасалуына ерекше көңіл бөлінеді. Бұл бағытта атқарылып жатқан жұмыс әркез партияның тұрақты бақылауында.