Қарағанды облысында «TURGYNDAR AMANATY» жобасы іске қосылды

Қарағанды облысында «TURGYNDAR AMANATY» жобасы іске қосылды
«AMANAT» партиясының баспасөз қызметі

Қала тұрғындарының жайлылығы, ең алдымен өз үйінің ауласынан басталады. Азаматтардың тұрғылықты жерін көркейту ісіне белсене қатысуы үшін «AMANAT» партиясы еліміз бойынша «TURGYNDAR AMANATY» жобасын іске қосуда. Бұл бастама қазақстандықтарға қолайлы әрі қауіпсіз ортаны бірлесе қалыптастыруға мүмкіндік береді.

         «TURGYNDAR AMANATY» жобасы қаланың тыныс-тіршілік ортасын заманауи, қауіпсіз әрі жайлы етуге бағытталған. Мұнда тұрғындар өз ауласын көркейту ісіне тікелей атсалыса алады. Жоба маңызды мақсатқа негізделген – тұрғындар мен Мүлік иелері бірлестігіне (МИБ) үй мен аула мәселелерін шешуде қолдау көрсету. Яғни инженерлік желілерді жаңарту, қызмет көрсету мен басқару сапасын арттыру, ортақ мүлікті жөндеу, шешімдер мен төлемдердің ашықтығын қамтамасыз ету, сондай-ақ меншік иелерінің құқықтық сауаттылығын арттыру сынды тұрғындардың жайлы әрі қауіпсіз өмір сүруіне бағытталған шараларды жүзеге асыру – жобаның басты назарында.

         Былтыр Астанада «TURGYNDAR AMANATY» жобасы пилоттық режимде іске қосылды. Жоба аясында 707 МИБ және ПИК төрағалары «OSIskills» семинарлары шеңберінде практикалық оқудан өтті. Оған коммуналдық қызметтер өкілдері қатысып, қолданыстағы заңнама бойынша түсіндірме берді. Қатысушылар ортақ мүлікті ашық әрі тиімді басқаруға қажетті дағдыларды меңгеріп, басқарушылық құзыреттерін арттырды.

Сонымен қатар көппәтерлі тұрғын үйлердің ауласында сенбіліктер ұйымдастырылып, ағаштар отырғызылды. Бұдан бөлек балаларға арналған ойын және спорт алаңдары пайдалануға беріліп, онда спорттық іс-шаралар өткізілді. Сондай-ақ бір мандатты округтерден сайланған мәслихат депутаттарының тұрғындармен есептік кездесулері ұйымдастырылды.

         Жобаны іске асыру арқылы елордада тұрғындар, МИБ пен ПИК, депутаттар және қалалық қызметтер арасында кешенді әрі тиімді өзара іс-қимыл моделі қалыптасты. Атқарылған жұмыстар тұрғындардың белсенділігін арттырып, қала тіршілігінде нақты өзгерістерге жол ашты, сондай-ақ басқару жүйесіне деген сенімді күшейтті. Бұл нәтижелер жобаның практикалық тиімділігін дәлелдеп, оны өңірлерге кезең-кезеңімен енгізу қажеттігін айқындады. Осылайша бастама Қарағанды облысында өз жалғасын тапты.

         Бүгін Қарағандыда «TURGYNDAR AMANATY» партиялық жобасы аясында алғашқы форум-семинар өтті. Іс-шараға Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев, «AMANAT» партиясының Хатшысы Александр Данилов, Парламент Мәжілісінің депутаттары, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшелері Бауржан Смағұлов пен Құдайберген Бексултанов, Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің өкілдері, Мүлік иелері бірлестіктері (МИБ) және өзге де азаматтар қатысты.

         Жиында сөз сөйлеген «AMANAT» партиясының Хатшысы Александр Данилов тұрғындар мен жауапты құрылымдар арасында тиімді диалог орната отырып, тұрғындардың жайлы өмір сүруіне нақты жағдай жасау және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы бастамаларын қолдау жобаның негізгі мақсаты екенін атап өтті.

         «TURGYNDAR AMANATY» жобасы тұрғындардың күнделікті өмірінде көрініс табатын нақты нәтижелерге бағытталған. Атап айтқанда, ауладағы тазалық пен тәртіп, жауапты органдармен ашық әрі түсінікті диалог, тұрғын үй мәселелерін оңтайлы шешуге жұмыстану, сондай-ақ тұрғындардың аула инфрақұрылымын жақсарту бойынша бастамаларын қолдау. Мұндай жобалар қала қолайлығын қамтамасыз етуге бағытталған тұрақты механизм ретінде маңызды. Олар әлеуметтік шиеленісті азайтып, адамдарға нақты шешім алуға көмектеседі», – деді ол.

        

         «AMANAT» партиясы «TURGYNDAR AMANATY» жобасын тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласына қатысты қоғамның жоғары сұранысын ескере отырып жүзеге асыруда. Партияның қоғамдық қабылдауларында азаматтар МИБ жұмысы, аулаларды абаттандыру, коммуналдық қызметтердің сапасы және үйлерді басқару мәселелері бойынша жиі өтініш-тілектерін білдіреді. Осы орайда партия заңнаманы түсіндіру, Мүлік иелері бірлестіктері төрағаларын және белсенді тұрғындарды оқыту мен қолдау ісін жүйелі түрде жүргізуде.

         Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев көппәтерлі тұрғын үйлерді басқару мәселесі азаматтардың тұрмысын қолайлы етуге тікелей ықпал ететінін атап өтіп, бұл ретте билік пен меншік иелері арасында тұрақты диалог орнату қажет екенін мәлімдеді.

         «Көппәтерлі тұрғын үйлерді басқару – ең алдымен тұрғындардың күнделікті жайлылығы мен тұрмыс сапасына қатысты мәселе. Біз тұрғындардың түсінікті ережелерге, ашық шешімдерге және өз ойларын жеткізу мүмкіндігіне деген сұранысын көріп отырмыз. Биліктің міндеті – осындай жүйенің тұрақты әрі меншік иелерінің мүддесіне сай қызмет етуін қамтамасыз ету. Облыс әкімдігі бұл бағытта жүйелі түрде жұмыс істеп, тұрғындармен диалог құрып, тиімді басқару форматына өтуге көмек көрсетуде», – деді Ермағанбет Бөлекпаев.

        

           Іс-шара барысында Қарағанды облысындағы энергия үнемдеу мәселесі және оның қазіргі ахуалы мен даму перспективасы, сондай-ақ «Тұрғын үй қатынастары туралы» заңға енгізілген негізгі өзгерістер талқыланды. Сондай-ақ МИБ-тің өзін-өзі басқару ісіндегі тиімділігіне, оның практикалық мүмкіндіктеріне және қолданыстағы цифрлық кедергілерге ерекше назар аударылды.

         Бұл бастама – «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасындағы міндеттемелерді іске асыру аясындағы жүйелі жұмыстың логикалық жалғасы. Былтыр Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселелері бойынша заңға қол қойды. Құжатты Мәжілістегі «AMANAT» партиясы фракциясының мүшелері әзірледі. Бұл заң МИБ төрағаларын, ТКШ саласының қызметкерлерін және көппәтерлі үйлердің тұрғындарын қолдау үшін қажетті нормативтік-құқықтық базаны қалыптастырды.

         «TURGYNDAR AMANATY» жобасын еліміздің барлық өңірінде кезең-кезеңімен іске қосу жоспарлануда. Жоба – көппәтерлі тұрғын үйлерді басқару ісінде жауапкершілік мәдениетін дамытудың және азаматтардың тұрмысын жақсартудың негізгі құралы. Оның ауқымын кеңейту аясында тұрғындармен кері байланысты күшейту, цифрлық шешімдерді енгізу, МИБ және ПИК төрағаларының мәртебесін арттыру, сондай-ақ өңірлерде тиімді тәжірибелерді енгізу мақсатында пилоттық режимде аудандық форумдарды өткізу көзделіп отыр.

 

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары