240
Израиль түрмесіндегі палестиналықтар аштық жариялады
Израиль түрмесіндегі палестиналықтар аштық жариялады
Израильдегі түрмелерде жазасын өтеп жатқан 1 жарым мыңдай палестиналық аштық жариялап, Иордан өзенінің батыс жағалауы мен Газа секторында шерулер өтті, – деп хабарлайды 24.kz арнасы.
Израиль абақтысындағы наразылық акциясы қамаудағы қарсылық қозғалысы жетекшілерінің бірі Марван Баргутидің үндеуінен кейін басталған. Оған қатысушылар Израиль билігінен сотталғандардың құқықтарын сақтап, ондағы жағдайды жақсартуды талап етіп отыр.
Сонымен бірге, олар израильдіктердің қолданатын әкімшілік тұтқындау әдісін тоқтатуды сұрайды. Өйткені бұл күдіктіні соттың рұқсатынсыз шексіз уақытқа дейін ұстауға мүмкіндік береді.
Аталмыш наразылық шарасына байланысты Израиль Ішкі қауіпсіздік министрі күштік құрылымдардың басшыларымен кездесу өткізді. Онда акцияның салдарына дайындық, абақтыларға арнайы топтар жіберу секілді мәселелер талқыланды. Арнаның хабарлауынша, қазіргі уақытта Израиль түрмелерінде 7 мыңдай палестиналық отыр. Олардың дені қауіпсіздікке қатысты сотталғандар.