Тарихқа көз жүгіртсек, әйгілі Плутархтың «Ликург өмірі» еңбегінде Спартада жаңа туған нәрестелерді ақсақалдар тексергені, «әлсіз немесе кемістігі бар» балаларды Тайгет тауы маңындағы Апофета деген жерге тастағаны айтылады. Бұл – даулы аңыз. Себебі Плутарх бұл оқиғалардан 600-700 жыл кейін жазған, өзі Спартада өмір сүрмеген, ал Апофетада нәрестелердің жаппай сүйектері табылмаған. Десе де, айбынды Спартаға болашақ жауынгерлер керек болды, қатал іріктеу идеологиясы болған, физикалық күш пен әскери жарамдылық ең жоғарғы құндылық саналған, дейді ғалымдар. Дәл сол секілді Рим империясында құлдар мен гладиаторлар арасында жарақат алғандар «қоғамға жарамсыз» деп есептеліп, жиі шеттетілген. Ал бүгінгі қоғамда мұндай шеттету көрініс таба ма? Бұл сұраққа мамандар «иә» дейді. Спартадағыдай немесе Рим империясындағыдай көрініс таппаса да, адамдар бейсаналы (кейде саналы) түрде қоғамда мүгедектігі бар жандарды, ерекше адамдарды кемсіту, қоғамнан шеттету үрдісі байқалып келеді. Мұны ғылыми тілде – эйблизм дейді. Әңгіме осы туралы болмақ.
Евгениканы «эврика» санаған қоғам
XIX-XX ғасырларда Еуропа мен АҚШ-та Евгеника қозғалысы жүрді. Евгеника грекше eu – «жақсы», genos – «ұрпақ» дегенді білдірді. Бұл «адамзатты биологиялық жолмен жақсарту» идеясы еді. Мұндағы негізгі ой – қоғамдағы «жағымсыз қасиеттер», яғни ауру, мүгедектік, кедейлік, «ақыл кемдігі» тұқым қуалайды, сондықтан ондай адамдардың көбеюіне жол бермеу керек. Бұл топқа ақыл-есі кем деп танылғандар, психикалық ауруы бар адамдар, талма ауруы барлар, мүгедектігі бар адамдар, кедейлер, кейде этникалық азшылықтар да кірді. АҚШ-тағы евгеника заң деңгейінде 1907 жылы Индиана штатында, яғни мәжбүрлі стерилизация туралы алғашқы заң қабылданғанда басталды. Кейін мұны 30-дан астам штат іліп әкетті. Заң бойынша ақыл-есі кем деп танылған адамдар еріксіз стерилизацияланып, некеге тұруына тыйым салынды, интернаттарға жабылды. 1927 жылы АҚШ Жоғарғы соты: «Үш ұрпақ ақымақ жеткілікті» деп, мәжбүрлі стерилизацияны заңды деп таныды.
XIX ғасырдың соңы мен XX ғасырдың басында АҚШ-тың бірқатар қалаларында (Чикаго, Сан-Франциско, Нью-Йорк) «Ugly Laws» деп аталатын заңдар болған. Бұл заңдарға сәйкес сырт келбеті «қоғамдық моральға сай емес», физикалық ерекшелігі бар адамдардың қоғамдық орындарда жүруіне тыйым салынған. Мүгедектігі бар адамдарды көшеде көрінбеуі тиіс «ұят», «қорқынышты» құбылыс ретінде қарастырды. Бұл заңдар ХХ ғасырдың ортасына дейін жойылмаған.
Соғыстан кейінгі КСРО-да мүгедектігі бар адамдарды жаппай сегрегациялау жағдайлары белгілі. Мысалы, Мәскеу облысындағы Русиново сияқты тұтас елді мекендер жұмыс істеу және өмір сүру үшін соқыр және көру қабілеті төмен адамдарды жинау мақсатында құрылған.
Еуропадағы евгеникаға келсек, дерек көздерінше Швецияда 1935-1975 жылдар аралығында 63 000 адам стерилизацияланған деседі. Ұлыбританияда бұл толық заңдастырылмаса да, идея кең тараған. Ал Германияда нацистерге дейін евгеника тек академиялық деңгейде дамыды. Демек, нацистік Германия евгениканы ойлап тапқан жоқ, ол бар идеяны шектен тыс радикализациялады.
Нацистік Германия және T4 бағдарламасы
Жуырда режиссер Флориан Хенкель фон Доннерсмарктің «Работа без авторство» деген фильмін көру сәті бұйырды. Фильм Курт Барнерт деген жас суретішінің шығармашылығы мен өміріне негізделген. Оқиға уақыты нацистік Германияның дәуірлеп тұрған шағы. Идеологиясы екі иінімен демалып тұрған бұл кезеңде T4 бағдарламасы қабылданған еді. Нацистік идеологияда «арий нәсілі» – үстем, «өмірге лайықсыз өмір» (Lebensunwertes Leben) деген ұғым болды. Бұл санатқа мүгедектігі бар адамдар, психиатриялық пациенттер, туа біткен аурулары бар балалар кірді. Мүгедектік қоғамға зиян, адам – экономикалық жүк деп қаралды. Міне, осы идеология фильмде анық көрініс табады. Туындыда Курттың әпкесі Элизабет атты трагедиялық кейіпкер бар. Ол өнерге ерекше сезімтал, ойын ашық айтатын хас сұлудың өзі болатын. Оған шизофрения деген диагноз қойылады. Ақырында, дәрігер Зеванд оның ауруы тұқым қуаламау үшін оны бала туу мүмкіндігінен айырмақ болады. Сондағы Элизабеттің «менің бала туғым келеді, ана болғым келеді» деген жан шыңғырысы көрерменді бейжай қалдырмайды. Осылайша, оны газ камерасына жіберіп, өмірін үзеді. Ал Курт кейін өскен соң әпкесі баулыған өнерін шыңдап, суретшілік мамандықты таңдайды. Кейіннен жар тауып, үйленеді. Оның шығармашылығы фотореалистік туындылар болды. Ол өзінің қайынатасы мен өзінің бала кездегі әпкесі Элизабет Мэйдің суретін салады. Қайынатасы бұл суретті оқыс көріп, өз көзіне сенбейді. Суретте өзі «өлтірген» кезіндегі хас сұлу Элизабет тұрды. Ал өзі кезіндегі дәрігер Зеванд болатын. Иә, осындай қоғамды көз алдыңызға әкелген фильм сол кездегі идеологияның қаншалықты қатыгез екенін баяндайды.
T4 бағдарламасы 1933 жылы «Тұқым қуалайтын аурулардың алдын алу туралы заң» қабылданғанда басталған-тын. Заң аясында жүздеген мың адам еріксіз стерилизацияланып, шешімдерді дәрігерлер мен комиссиялар қабылдады. Медицина жазалаушы құралға айналды. Құрбандар саны ресми 70 000-нан асты, жалпы соғыс соңына дейін 200-300 мың адам құрбан болды делінеді. 1941 жылы ресми түрде тоқтатылғанымен, бірақ жасырын түрде 1945 жылға дейін жалғасты.
«Абайлап сөйле ауызыңа, Дұшпанның бірі – тіл деген»
Жоғарыдағы адамзат кешкен қасіретті тарихты бекерге қозғамадық. Себебі тарих адам баласына өткеннен сабақ алу үшін қажет. Біз өзара сөйлескенде «Қарасаңшы, көзің соқыр ма?», «Саңыраусың ба, меңірейіп неғып тұрсың?», «Ақылыңнан алжастың ба?», «Денің сау ма?», «Жындысың ба?» секілді тізе берсек осындай дене яки ақыл кемістігіне қатысты сөздерді жиі айтамыз. Яки болмаса «соқыр қоғам», «жынды жастар». Бұл кейбіріміздің күнделікті болмаса да арагідік сөз қолданысымыздағы айтылатын сөздер. Көп жағдайда мұндай сөздерді айтқан адамдар біреуді ренжітуді мақсат етпейді – көбіне олар өз сөздерінің зиян екенін мүлде аңғармайды. Мұның несі дұрыс емес дерсіз. Біз осы сөздеріміз арқылы деннің саулығы мен саулықсыздың аражігін ашып, қоғамды бөлектегендей болады екенбіз. Осылайша, мүгедектігі бар адамдар қоғамда дискриминация көріп жатады. Иә, аңдамай айтылған сөз қоғамда алалауды қалай өршітетінін бағамдай бермейміз. Қоғам үшін кейбір сөз бен сленг үйреншікті болып кеткені сонша, кейде оның белгілі бір топқа кері әсер ететінін түсінбейді.
Көбіне психофобиялық лексика психиатрия саласындағы нақты терминдер мен диагноздардың негізінде қалыптасады. «Даун», «аутист», «шизофреник» сияқты сөздер – соның айқын мысалы. Бұл сөздер контекстен тыс қолданылғанда, тек термин болып қала береді. Ал оларды психофобиялық лексикаға айналдыратын – дәл сол қолданылу контексті. Көбіне бұл сөздер қарсы тараптың әрекетін айыптау, біреудің іс-әрекетімен немесе пікірмен келіспеуді білдіру немесе «маңызды айырмашылықты» көрсету үшін пайдаланылады.
Психофобиялық лексика әр қолданылған сайын, ол қоғамдық санада қауіпті стереотипті бекітеді: агрессия, ойланбай қабылданған шешімдер, орынсыз әрекеттер мен қисынсыз тұжырымдар психикалық ерекшеліктермен байланысты деген түсінік қалыптасады. Нәтижесінде, психиатриялық тәжірибесі бар немесе интеллектуалдық мүгедектігі бар адамдар агрессивті, ақылсыз, тиімді қарым-қатынасқа және өз әрекетін талдауға қабілетсіз деген жалған түсінік пайда болады. Бұл – түбегейлі қате. Мысалы, «саңыраудың құлағына айтқандай» деген тіркес көпшілік санасында саңыраулықты қасақана елемеумен байланыстыратынын көрсетеді. Эйблистік тілден бас тартудың ең тиімді жолдарының бірі – мүгедектігі бар қауымдастықты түсіну, олармен әңгімелесу және олардың алаңдаушылықтарын тыңдау.
Мәселен, аяқ-қолы істен шыққан адамдарға қатысты «арбаға отырыңыз» деген сөздер айтылып қалып жатады. Ал арба – әуелден-ақ жүк тасу құралы. «Осы сәтте де мүгедектігі бар адам өзін адамдар үшін жүк, ауыртпалық деп біледі», – дейді мамандар. Ол сөздің орнына «Сізге қалай көмектесейін?» деген сынды көңілге тимес сөздермен ауыстырған абзал екен. Мамандар «арбаға таңылғандар», «арбадағылар» деген сөзден де аулақ болуға шақырады. Орындықта отырғандарды «орындыққа таңылғандар», «орындықтағылар» деп жалпылай атамайтыны секілді оның орнына басқа сөз алмастыру керек екенін айтады. Жұрт әуелі адамның арбасын, құлақ аппаратын, балдағын, протезін көрмей, яки затты емес, оны қолданатын адамды көре білуді алға тартады.
Инклюзивті тілдің негізгі қағидасы – алдымен – адам, содан кейін – ерекшелік. «Мүгедек» емес – мүгедектігі бар адам, «Аутист» емес – аутизмі бар адам, «Псих» емес – психиатриялық науқасы бар адам. Сондай-ақ «қалыпты», «толыққанды», «кемтар», «ақаулы» сияқты сөздерден аулақ болу қажет. Экспрессия үшін «жынды» немесе «псих» орнына қызықты, таңғаларлық, ерекше, түсініксіз, батыл, интригалық сияқты бейтарап сөздерді қолдануға болады.
Эйблизмді болдырмас үшін әр адам сөздік қорды бір талдап шығып, біреуді кемсітуші сөздер болса, оны алмастыруға әрекет ету керек. «Бұл – қоғам өмірін жақсартуға жасалған амал», – дейді мамандар. Бірдеңе демес бұрын нені меңзеп тұрғаныңды ойлану, тіркес мәніне үңілу керек.
Сонымен эйблизм дегеніміз не?
Алдымен соны нақтылап алайық. Ол – мүгедектігі бар немесе дамуында ерекшеліктері бар адамдарды алалау. Термин ағылшын тіліндегі able немесе able-bodied – «әрекетке қабілетті» сөзінен шыққан. Эйблизм – бұл әртүрлі аурулары, мүгедектігі және мүмкіндіктері шектеулі адамдарға қатысты кемсітушілік. Мұндай көзқарас стереотиптер мен әлеуметтік теңсіздікті тудырады. Ол «дені сау нормаға» сай келмейтін адам кез келген басқа адамға қарағанда құндылығы төмен деген пікірге негізделген. Эйблизм еңбекке орналастыруда, білім беруде, қарым-қатынаста және күнделікті өмірде кеңінен кездеседі.
«Британника» энциклопедиясының жазуынша, «эйблизм» ұғымы өткен ғасырдың 60-70-жылдары белсенділердің оны саяси контекстке енгізуінің нәтижесінде пайда болған. Алайда шын мәнінде мұндай кемсітушілік әрдайым болған. Мысалын жоғарыда келтірдік. Ал бүгінде мүгедектігі бар адамдар үшін қолайлы орта бар ма? Олар кемсітуден бөлек, қоғамда өздерін қораш сезінбей ме? Мәселен, YouTube-та «қолжетімді» деп саналатын ортаның шын мәнінде қозғалу мүмкіндігі шектеулі адамдар үшін қаншалықты қолжетімсіз екенін көрсететін көптеген тәжірибе бар. Тіпті, ірі қалалардың өзінде мүгедектер арбасымен немесе таяқпен жүру өте қиын. Пандустар көп жерде кездеспейді, бар болса да, қауіпсіз емес. Көтергіш құрылғылар не мүлде жоқ, не істемейді. Барлық жерде баспалдақтар, табалдырықтар, бордюрлер мен ойылған, бұзылған асфальт кездеседі. Көзі нашар көретін адамдар үшін тактильді плиткалар мен Брайль қарпімен жасалған жазулар жоқ. Қоғамдық орындардағы дыбыстық хабарландырулар жүгіртпе жолмен қайталанбайды. Бұл есту қабілеті төмен адамдардың өмірін әлдеқайда жеңілдетер еді.
Иә, мүгедектігі бар адамдар әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан қолайсыз жағдайларға жиі ұшырайды. Олардың білім алу деңгейі төмен, денсаулық көрсеткіштері нашар, жұмысқа орналасу мүмкіндігі аз, ал кедейлік деңгейі жоғары болады. Кедейлік те өз кезегінде мүгедектік қаупін арттыруы мүмкін: дұрыс тамақтанбау, білім мен медициналық қызметтерге жеткіліксіз қолжетімділік, қауіпті еңбек жағдайлары, ластанған қоршаған орта, таза ауыз су мен санитарияның жетіспеуі осыған себеп болады. Сонымен қатар мүгедектік кедейлік қаупін одан әрі күшейтеді – білімнің жетіспеуі, соның салдарынан шектеулі жұмыс мүмкіндіктері, төмен жалақы және мүгедектікке байланысты қосымша шығындар арқылы.
Мүгедектігі бар адамдардың қоғамға толық әлеуметтік және экономикалық тұрғыда кірігуіне кедергі келтіретін факторларға қолжетімсіз физикалық орта мен көлік, көмекші құрылғылар мен технологиялардың болмауы, бейімделмеген коммуникация құралдары, қызмет көрсету жүйесіндегі олқылықтар, сондай-ақ қоғамдағы кемсітушілік, теріс көзқарас пен стигма жатады.
Мүгедектігі бар адамдар тұратын отбасылар азық-түлік қауіпсіздігі жағынан анағұрлым осал болып келеді, себебі оларда экономикалық ресурстар шектеулі, кедейлік деңгейі жоғары, ал жұмысқа орналасу мүмкіндігі мүгедектігі жоқ адамдарға қарағанда төмен. Гуманитарлық дағдарыстар мен қақтығыстар жағдайында мүгедектігі бар адамдар зорлық-зомбылыққа, қанауға немесе жәбірлеуге жиі ұшырайды, сондай-ақ олардың өлім-жітім көрсеткіші екі-төрт есе жоғары.
Демек, эйблизм тек тіл арқылы ғана көрінбейді. Оның өзге де формалары бар. Мәселен, мүгедектердің құқықтары туралы заңдардың сақталмауы, мүгедектігі бар оқушыларды оқшаулау, қоғамдық ғимараттарды жобалауда қолжетімділіктің ескерілмеуі, қолжетімсіз сайттар, Брайль қарпінсіз қоғамдық мекемелер, мүгедектігі бар адамдарды «міндетті түрде түзету керек» деген идея, мазақ ету немесе мүгедектікті «ерекшелік» ретінде пайдалану.
Күнделікті эйблизмнің мысалдары: мүгедектікті БАҚ-та «рух беретін образ» ретінде көрсету, менталдық ерекшелігі бар адаммен бала сияқты сөйлесу, мүгедектігі бар кейіпкерді мүгедектігі жоқ актерге ойнату, жеке диагнозы туралы орынсыз сұрақтар, «нағыз» және «нағыз емес» мүгедектік туралы даулар, рұқсатсыз көмек көрсету.
Қазақ қоғамындағы эйблистік оқиғалар
Эйблизмнің бірі – паралимпиадаға деген көзқарас. Паралимпиада – мүмкіндігі шектеулі спортшылардың ең жоғары деңгейдегі жарысы. Соған қарамастан медиа назар Олимпиадамен салыстырғанда әлдеқайда төмен, кейбір елдерде параспортшыларға қаржыландыру аз, спортшылар «батыр», «ерекше рух иесі» ретінде ғана сипатталады. Бұл да эйблизмнің жұмсақ формасы – мүгедектігі бар адамдарды толыққанды кәсіби спортшы емес, тек «рух беруші символ» ретінде көру. Мәселен, Оңтүстікафрикалық жеңіл атлет Оскар Писториус екі аяғынан айырылған, бірақ Олимпиада мен Паралимпиадаға қатар қатысқан алғашқы спортшылардың бірі. Ол туралы медиада: «жартылай адам», «табиғат заңына қарсы» деген сөздер қолданылды. Бұл терминдер оның спорттық жетістігін емес, дене ерекшелігін басты нысанаға айналдырды. Бұл – тілдік және медиа эйблизмнің айқын мысалы.
Мұндай мысал біздің қазақ медиасында кездесіп қалып жатады. Мәселен, танымал тележүргізуші Динара Сәтжан өзінің авторлық бағдарламасына Парижде өткен Паралимпиада чемпионы Ақмарал Науатбекті қонаққа шақырады. Көзі нашарлауына байланысты параспортқа ауысқан Ақмарал Науатбекке Динара Сәтжан: «Ақмарал, Олимпиада әлде Паралимпиада чемпионы болуды армандадың ба?», – дейді. Спортшы әлбетте Олимпиада чемпионы болуды қалағанын айтты. Бірақ көзі нашар көруіне байланысты параспортқа ауысқанын жеткізді. Динара Сәтжан мұнымен де тоқтамай, көзі қанша пайызға көрмейтінін сұрады. Бұған әлеуметтік желіде көптеген оқырман наразылықтарын жеткізді. «Сау адам болса Паралимпиада чемпионы болуды қалайды деп ойлайсыз ба?» деген сауалдар қою арқылы тележурналистің кәсібилігіне сын айтты.
Әлеуметтік желіде Гүлнәр Оразалина атты блогердің мәлімдемесі ерекше баласы бар аналардың шамына тиіп, олар ұжымдық арыз беруге дейін барады. Ол ерекше балалардың өмірге келу себебі аналары жүргіш болғандықтан екенін айтқан. «Жүргіштердің жазасын алатын кезі келді. Осыған дейін де олар жайлы деректерді естіген едім. Қазір ерекше балалар мен аутизм көбейіп кетті. Әлемде екінші бала ауру болып туады. Оның барлығы сол «жүргіштіктің» кесірінен», – дейді блогер. Бұл мәлімдемеден кейін ерекше балалардың аналары өре түрегелді. Бұл мәселенің ушыққаны сонша Балалар құқығы жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева да іске араласты. «Маған ерекше қажетіліктері бар балаларға блогер тарапынан әлеуметтік желілерде айтылған қорлау фактісіне байланысты өтініштер түсіп жатыр. Дискриминацияға жол берілмейді. Қорлағаны үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылған. Бұл мәселеге құқықтық баға беру және процессуалдық шешім қабылдау үшін ІІМ-ге жүгіндім», деп жазды ол. Ақырында, блогер әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 20 АЕК (78 640 теңге) айыппұл салынды.
Тағы бір мысал. Жуырда ғана Алматы облысы әкімінің орынбасары болып тағайындалған Қанат Есболатовтың мүгедектігі бар жандарға қатысты айтқан сөзі желі жұртының ашуын туғызды. Бұл оқиға Талғар ауданында денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназаровамен кездесу кезінде болған. Кездесу соңында министрдің жеке қабылдауына жазылушылар көп болғандықтан, Есболатов тұрғындарды сабырға шақырып, «алдымен мүгедектерді қабылдауға жазайық, оларды онсыз да Құдай жазалаған...» деген сөз айтты. Шенеуніктің бұл айтқаны әлеуметтік желіде әбден сынға ұшырап, халық тарапынан қатты талқыланды. Пікірлерде Есболатов мүгедектігі бар жандарға қатысты терминологияны дұрыс қолданбағаны, сондай-ақ мемлекеттік қызметші ретінде әдептілік талаптарын сақтамағаны айтылды. Ақыры, облыс әкімінің бірінші орынбасары желіде кешірім сұрап, жазба жүктеген. «Орыс тілінде айтқан сөзімде қателік бар. Ойымды дұрыс жеткізбеппін. «Құдай үлкен сынақ берген» деп айтпақ болғанмын. Айтқан сөзім көпшіліктің көңіліне, тіпті намысына тигенін де түсіндім. Осы үшін шын ниетіммен кешірім сұраймын», – деп жазды ол.
Жуырда ғана әлеуметтік желі бетін шулатқан тағы бір эйблистік оқиға болды. Өзін коуч санайтын Бақытбай Сабырбек әлеуметтік желідегі парақшасында семинарларының бірінде ерекше баланың анасымен сөйлескен сәтінен видео жариялады. Кадрларда ол алдымен көпбалалы ананың жасын, кейінірек жеке өмірін сынап, орынсыз сөздер айтқан. Коуч әңгімені әйелдің жасын сұраудан бастайды. Әйел өзінің 38 жаста екенін айтқан кезде, Сабырбек: «Мама! Мен сізді шамамен 48 жаста шығар деп ойладым! Қатты шаршағансыз! 42 жаста болса да менімен шамалас көрінетін әйелдер отыр ғой. Алты баласы бар. Неге өзіңізге қарамайсыз?», – дейді ол. Әйел ерекше баланы тәрбиелеп отырғанын айтқан соң, коуч баланың дамуына қатысты сұрақ қояды: «Сіз қалай ойлайсыз, бұл бала неге дамымай жатыр?». Әйел ұзақ уақыттан бері бұл сұраққа жауап іздеп жүргенін, баласымен жылдар бойы ауруханада болғанын, барлық уақытын соған арнағанын айтты. Соның арқасында баласы оны тани бастап, құшақтайтынын, бірақ әлі сөйлеуді үйренбегенін жеткізді. Бұдан кейін Бақытбай Сабырбек ананың жеке өмірін сынға алып, жүктілік кезінде қиындықтар туралы ойлаған-ойламағанын, ер адамды қаншалықты «мойындамағанын» сұрайды. Әйел ол кезеңде бизнеспен айналысқанын, өзімшіл болып, жақындарынан алшақтағанын айтты. «Сіздің санаңызда барлық ер адам әлсіз, әкеңіз әлсіз, күйеуіңіз әлсіз, соның салдарынан бала да сондай болып шыққан. Ал бала әлсіз болғысы келе ме? Жоқ. Сондықтан ол ауырады, алға жылжымайды», – деді Бақытбай Сабырбек. Ақырында, ол ерекше баланың анасынан кешірім сұрап, сыйлық ретінде қажылыққа жолдама береді.
Мұндай оқиғалар қоғамда жиі кездеседі. Алмақтың салмағы барын ұмытпаған абзал.
Түйін:
Әлем халқының бір миллиардтан астамы, яғни шамамен 16%-ы мүгедек, ал мүгедектіктің таралу деңгейі дамушы елдерде жоғарырақ.
Қазақстан жағдайында да мүгедектігі бар адамдар саны өсу динамикасын көрсетуде. 2024 жылғы дерек бойынша елде 724,9 мың адам немесе халықтың 3,6%-ы мүгедек ретінде тіркелген. Елімізде қазір мүгедектігі бар балалар саны 117 мыңға жетті. Кейінгі жылдары бұл көрсеткіш те, ерекше баласы бар жандардың мәселесі де ұлғайып барады. Демек, осыншама көпшілік алдында аңдамай айтылған әр сөз мүгедектігі бар адамдарды қоғамнан күн сайын алыстатынын ұмытпаған жөн. Абзалы, неғұрлым қарапайым әрі тура тіл таңдау. Мысалы, «саңыраудың құлағына айтқандай» деудің орнына «елемеу» немесе «араласудан әдейі бас тарту» деуге болады.
«Абайлап сөйле аузыңа,
Дұшпанның бірі тіл деген.
Өзіңе жеңіл болғанмен,
Өзгеге ауыр зіл деген», – деп терме жолында айтылатындай өзгеге ауыр зіл болатын дүниеден қашық болайық.
Наурызбек САРША