БҰҰ дабыл қақты: әлем "су тапшылығы" дәуіріне қадам басты

/
БҰҰ дабыл қақты: әлем "су тапшылығы" дәуіріне қадам басты
сурет: istockphoto.com

Біріккен Ұлттар Ұйымы жаңа баяндамасында адамзат «жаһандық су банкроттығы» кезеңіне енгенін мәлімдеді. Ұйым сарапшылары су ресурстарын шамадан тыс пайдалану мен ластауды шұғыл тоқтатпаса, әлемдік су жүйесі кез келген сәтте істен шығуы мүмкін екенін ескертеді. Бұл туралы The Guardian жазды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Баяндамада атап өтілгендей, көптеген елдер ондаған жыл бойы суды табиғи түрде қайта қалпына келуінен әлдеқайда жылдам тұтынып келген. Соның салдарынан жер үсті су көздері ғана емес, жерасты су қабаттары да сарқылып, батпақты экожүйелер жойылып жатыр. Климаттың өзгеруі жағдайды одан әрі ушықтырып, мұздықтардың еруіне және экстремалды ауа райы құбылыстарының жиілеуіне әкелуде.

БҰҰ дерегіне сәйкес, бүгінде Жер халқының шамамен 75 пайызы су тапшылығын сезініп отырған елдерде тұрады. Ал екі миллиардқа жуық адам жерасты суларының азаюынан топырақтың шөгуі байқалатын аумақтарда өмір сүреді. 2010 жылдан бері суға қолжетімділікке байланысты қақтығыстар саны айтарлықтай артқан.

Сарапшылар ірі өзен жүйелерінің жағдайына да алаңдаулы. Мәселен, АҚШ-тағы Колорадо өзені кей кезеңдерде мұхитқа жетпей қалады. Үндістанның Ченнаи қаласы бірнеше рет «нөлдік күнге» жақындап, ауызсу іс жүзінде толық таусылған. 1990 жылдардың басынан бері әлемдегі ең ірі көлдердің шамамен жартысы айтарлықтай кішірейген.

Сонымен қатар, су қоры жеткілікті елдердің өзі тәуекел аймағында қалып отыр. Себебі олар су көп қажет ететін ауыл шаруашылығы өнімдерін импорттауға тәуелді. БҰҰ мәліметінше, тұщы судың шамамен 70 пайызы ауыл шаруашылығында пайдаланылады, ал әлемдік азық-түліктің жартысынан астамы су қоры тұрақсыз немесе азайып бара жатқан өңірлерде өндіріледі.

Баяндама авторлары су ресурстарын басқару тәсілдерін түбегейлі қайта қарауға шақырады. Бұл – су тапшылығынан зардап шегіп отырған қауымдастықтарды қолдау, ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіпті трансформациялау және суды үнемдейтін технологияларды кеңінен енгізу деген сөз. Сарапшылардың пікірінше, мұндай қадамдар жасалмаса, су дағдарысы жаһандық тұрақтылыққа тікелей қауіп төндіруі мүмкін.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары