Қарнымыз ашқанда неге ашушаң болып кетеміз?

/
Қарнымыз ашқанда неге ашушаң болып кетеміз?
сурет: istockphoto.com

Аштықтан ашушаң болып кету – көпшілікке таныс жағдай. Соған қарамастан, аштықтың дені сау адамдардың көңіл күйіне қалай әсер ететіні ұзақ уақыт бойы ғылыми тұрғыда аз зерттелген. Психологтардың жаңа зерттеуі ашушаңдықтың себебі тек қандағы қант деңгейімен ғана байланысты емес екенін көрсетті. Бұл туралы The Conversation порталы жазды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Экспериментке 90 дені сау ересек адам қатысқан. Олар бір ай бойы қандағы глюкоза деңгейін үздіксіз өлшейтін датчиктер тағып жүрген: мұндай құрылғылар әдетте қант диабетімен ауыратын адамдарға қолданылады. Құрылғы бірнеше минут сайын қандағы қант мөлшерін тіркеп отырған. Сонымен қатар қатысушылар күніне екі ретке дейін смартфон арқылы өздерінің көңіл күйі мен аштық деңгейін 0-ден 100-ге дейінгі шкала бойынша бағалаған.

Зерттеу нәтижесі тосын болды. Көңіл күйдің нашарлауы қандағы глюкозаның нақты төмендеуімен емес, адамның өзін аш сезінуімен байланысты болып шықты. Яғни адамдар ағзадағы энергия азайған сәтте емес, аш екенін түсінген кезде ашулана бастаған.

Сонымен бірге ғалымдар маңызды жеке айырмашылықты анықтады. Өз ағзасының сигналдарын яғни энергия деңгейін, тоюды, шаршауды жақсырақ сезе алатын адамдарда көңіл күйдің күрт өзгеруі сирек байқалған. Психологияда бұл қабілет интероцепция деп аталады, яғни ағзаның ішкі сигналдарын сезіну.

Нейробиология тұрғысынан аштық гипоталамус нейрондарының энергия тапшылығын тіркеуінен басталады. Ал аштықты саналы түрде сезіну ми қыртысындағы аралшық аймақтың қатысуымен қалыптасады. Бұл аймақ денелік сезімдермен қатар эмоцияларға да жауап береді. Дәл осы жерде физиологиялық процесс пен эмоция өзара түйіседі.

Зерттеушілердің айтуынша, интероцепциясы жақсы дамыған адамдар аштықты өзгелерден кем сезбейді, бірақ оған эмоционалдық тұрғыда жақсырақ жауап қайтара алады. Бұл маңызды, өйткені аштықтан туындайтын ашушаңдық қарым-қатынасты нашарлатып, өзін-өзі бақылауды әлсіретіп, импульсивті шешімдерге, мысалы, шамадан тыс тамақтануға немесе пайдалы емес тағамды таңдауға әкелуі мүмкін.

Ғалымдар әсіресе балалардың қарны ашқанда ашулануға осал екенін атап өтеді. Оларға ағза сигналдарын тану қиын, ал назарлары сыртқы факторларға оңай бөлінеді. Дегенмен, тығыз жұмыс кестесі, стресс пен цифрлық алаңдатулар жағдайында ересектер де энергия деңгейі төмендей бастаған сәтті жиі байқамай қалады.

Авторлардың пікірінше, қарапайым шаралар, соның ішінде тұрақты тамақтану режимі, физикалық белсенділік және дене сезімдеріне мұқият болу аштықтан туындайтын ашушаңдықты азайта алады. Ағзаның қажеттіліктерін жақсы сезіну адамға тек физикалық емес, психологиялық тұрғыдан да тепе-теңдікті сақтауға көмектеседі.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары