Жамбыл облысында жалған адвокат пен оның сыбайласы ұсталды

/
Жамбыл облысында жалған адвокат пен оның сыбайласы ұсталды
polisia.kz

Жамбыл облысында өзін адвокат ретінде таныстырған 39 жастағы күдікті ұсталды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Өткен жылдың соңында жалған адвокатқа 31 жастағы жергілікті тұрғын туысының мүддесін қорғау үшін заң көмегіне жүгінген.

Сенімге кірген күдікті білікті заңгерлік қолдау көрсетемін деп уәде беріп, 1 200 000 теңге көлемінде алдын ала төлем алған.

Кейін түрлі сылтауларды алға тартып, туындаған мәселелерді белгілі бір лауазымды тұлғалар арқылы шешу қажеттігін айтып, жәбірленушіден қосымша қаражат талап еткен.

Осылайша алаяқтың қолына түскен жалпы сома 4,5 миллион теңгені құрады. Алайда уәде етілген нәтиже болмаған, ал "адвокат" жәбірленушімен байланысын біртіндеп үзген.

Жәбірленушінің полицияға арыздануынан кейін полиция қызметкерлері жедел іс-шаралар жүргізіп, Жамбыл облысы Шу қаласында екі күдіктіні қолға түсірді.

Тергеу барысында 45 жастағы күдікті жалған адвокаттың сыбайласы ретінде ақшалай аударымдарды өз есепшотына қабылдап отырғаны анықталды.

Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде. Ұсталған азаматтардың осыған ұқсас басқа да қылмыстарға қатысы бары тексеріліп жатыр.

 

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары