Ғарышкерлердің миы өзгеретіні анықталды

/
Ғарышкерлердің миы өзгеретіні анықталды
сурет: istockphoto.com

Америкалық ғалымдар жүргізген зерттеу ғарышта ұзақ уақыт болу адам миының пішініне әсер ететінін көрсетті. Әсіресе тепе-теңдік пен кеңістікте бағдарлануға жауап беретін аймақтар қатты өзгеріске ұшырайды. Ғалымдардың айтуынша, мұндай өзгерістер орбитада бір жыл болғаннан кейін-ақ айқын байқалады, деп хабарлайды turkystan.kz nautil.us-ке сілтеме жасап.

АҚШ-тағы зерттеушілер 26 астронавттың магниттік-резонанстық томография (МРТ) суреттерін талдаған. Нәтижесінде, ми бас сүйектің артқы қабырғасы бойымен жоғары қарай ығысып, аздап еңкейетіні анықталған. Бұл өзгерістер теңселу, жүрек айну және кеңістіктік дезориентация сияқты белгілердің пайда болуына әкелуі мүмкін.

Ең елеулі өзгерістер орбитада кемінде бір жыл болған астронавттардың миынан байқалған. Ал ғарышта бірнеше аптадан алты айға дейін ғана болған адамдарда ауытқулар шамалы деңгейде қалған.

Зерттеу авторлары ми орналасуының өзгерісін дәл бағалау үшін ұшуға дейінгі және кейінгі МРТ суреттерін салыстырғанын атап өтеді. «Ми артқа және жоғары қарай жылжып, белгілі бір бұрышпен еңкейеді. Бұл өзгерістер ғарыштағы болу уақытына тікелей байланысты», – делінген зерттеу мәтінінде.

Сонымен қатар ғалымдар сүйек пен бұлшықет массасының азаюын, сондай-ақ ағзадағы сұйықтықтың қайта бөлінуін де тіркеген. Бұл факторлар ғарыштағы ұзақ миссиялар кезінде адам денсаулығына түсетін жүктеменің әлі де толық зерттелмегенін көрсетеді.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары