Кей жеміс-көкөністе болатын пигменттің жетіспеуі қызыл иек ауруына шалдықтыруы мүмкін

/
Кей жеміс-көкөністе болатын пигменттің жетіспеуі қызыл иек ауруына шалдықтыруы мүмкін
сурет: istockphoto.com

АҚШ ғалымдары ликопин деп аталатын табиғи пигменттің тапшылығы егде жастағы адамдарда ауыр пародонтит қаупін арттыратынын анықтады. Зерттеу нәтижелері The Journal of Nutrition, Health and Aging (JNHA) ғылыми журналында жарияланды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Ликопин – қызанақта, қызыл бұрышта және ашық түсті басқа да жеміс-көкөністерде кездесетін пигмент. Ол күшті антиоксидант ретінде белгілі: ағзадағы қабыну процестерінің дамуына ықпал ететін тотығу стрессін азайтып, жасушаларды еркін радикалдардан қорғайды. Бұған дейінгі ғылыми жұмыстар ликопиннің жүрек-қан тамырлары жүйесіне пайдалы әсері барын және кейбір созылмалы аурулардың қаупін төмендететінін көрсеткен.

Зерттеу барысында ғалымдар 2009-2014 жылдары жүргізілген АҚШ-тың Ұлттық денсаулық пен тамақтану зерттеуі (NHANES) аясында жиналған 65-79 жас аралығындағы 1 227 адамның деректерін талдады. Қатысушылардың шамамен жартысында қызыл иек ауруларының әртүрлі белгілері байқалған.

Ең ауыр диагноздардың бірі – пародонтит. Бұл тіс пен оны ұстап тұрған тіндердің, соның ішінде қызыл иек пен сүйек тінінің созылмалы қабынуы. Ауру асқынған жағдайда қызыл иек қанап, тістер босап, тіпті түсіп қалуы мүмкін. Сонымен қатар, пародонтит жүрек-қан тамырлары аурулары мен қант диабеті сияқты жүйелік дерттердің қаупін арттыруы ықтимал.

Қан талдауы қатысушылардың 78%-ында ликопин деңгейі төмен екенін көрсетті. Жас, жыныс, ұлт, білім деңгейі және темекі шегу сияқты факторларды ескергеннен кейін де, ликопинді жеткілікті мөлшерде тұтынатын адамдарда ауыр пародонтитке шалдығу ықтималдығы шамамен үш есе төмен болған.

Зерттеушілер бұл жұмыс бақылау сипатында екенін және тікелей себеп-салдар байланысын дәлелдемейтінін атап өтті. Дегенмен алынған деректер ликопинді қызыл иек саулығын сақтауда маңызды тағамдық фактор ретінде қарастыруға негіз береді және бұл бағытта қосымша зерттеулер қажет екенін көрсетеді.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары