Ұлттық ұлан Шымкентте 6506 әскери бөлімінің мерзімді қызметтегі әскери қызметшісінің қайтыс болу фактісі бойынша мәлімдеме жасады, деп хабарлайды turkystan.kz.
Ұлттық ұланның баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, мерзімді қызметке Жамбыл облысының қорғаныс істері жөніндегі Департаментінен шақыртылған әскери қызметші әскерге келген алғашқы күндерінен бастап бірнеше рет медициналық қызметкерлерге жүгінген. Есепте тұрған және Шымкент қаласының медициналық мекемелерінде тексеруден өткен.
"2026 жылғы 6 қаңтарда мерзімді қызметтегі әскери қызметшінің жүрегі кенеттен тоқтады. Жүргізілген реанимациялық іс-шараларға қарамастан, ол қалалық ауруханада көз жұмды.
Алдын ала диагноз — «жедел лейкоз».
Аталған факт бойынша әскери-тергеу басқармасы қылмыстық іс қозғады.
Жағдай Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің орынбасары Ұлттық ұланның Бас қолбасшысының жеке бақылауында", – делінген жазбада.