Ұлыбританияда Харви есімді жеті жастағы бордер-колли 221 ойыншықтың атын біледі, иесінің бірінші бұйрығымен дәл тауып әкеле алады. Иттің бұл қабілеті ғалымдардың назарын аударып, оны елдегі ең ақылды иттердің бірі ретінде танытты, деп хабарлайды turkystan.kz dailymail.co.uk-ға сілтеме жасап.
Харвидің иесі Ирен Хьюлетт жаттықтыруды бір ғана ойыншықтан бастаған. Алғашқысы «Кішкентай қозы» деп аталған. Әдіс қарапайым болған – ойыншықты таныстыру, атауын бекіту және сол атау бойынша іздету. Уақыт өте келе жаңа ойыншықты үйренуге небәрі бес минут жеткілікті бола бастаған.
Иреннің айтуынша, Харви үшін бұл ойын емес, нағыз жұмыс. Бордер-колли – мал бағуға бейімделген тұқым, сондықтан олар тұрақты ақыл-ой жүктемесін қажет етеді. Алғашында ит бірнеше ойыншықтан кейін шатаса бастаған. Алайда төртінші ойыншықтан кейін ол тапсырманың мәнін түсініп, үйрену процесі күрт жеңілдеген.
Қазір Харвидің «қорында» әртүрлі ойыншықтар бар – күнделікті қолданылатындардан бастап мерекелік пішіндегі брюссель қырыққабаты немесе рождестволық пудингке дейін. Кейде ол бір дыбыстан басталатын атауларды шатастырып алуы мүмкін, бірақ ойыншықты аузына алған соң, пішіні мен сезіміне қарай тез бағдарланады.
Иесінің айтуынша, ең қиын мәселе – бір-біріне ұқсамайтын жаңа ойыншықтарды табу. Сол себепті кейбір ойыншықтарға нидерланд тіліндегі атаулар берілген.
Харвидің қабілеті ғылыми ортада да қызығушылық тудырып, ол ит интеллектін зерттейтін жобаларға қатысу үшін Будапешт пен Портсмут университеттеріне шақырылған. Ирен атақты америкалық бордер-колли Чейзердің тәжірибесінен шабыт алып, өз итінің мүмкіндігін сынап көруге шешім қабылдаған.
Қазір Харви сабырлы мінезімен және ойыншықтарға ұқыпты қарауымен ерекшеленеді. Иесі екінші ит асырауды жоспарламайды, бар назарын Харвимен жұмыс істеуге және оның «сөздік қорын» одан әрі кеңейтуге бағыттап отыр.