Түркияда 14 футболшы қамауға алынды

/
Түркияда 14 футболшы қамауға алынды
сурет: istockphoto.com

Стамбул прокуратурасы заңсыз бәс тігу ісі бойынша 29 адамды, соның ішінде 14 кәсіби футболшыны қамауға алды. Тергеу материалдарына сәйкес, кейбір ойыншылар өз командаларына қарсы бәс тіккен деп күдікке ілінген, деп хабарлайды turkystan.kz.

TRT Haber таратқан ақпаратқа қарағанда, күдіктілер қатарында «Галатасарай» клубының бұрынғы бас директоры Эрден Тимур, сондай-ақ қаржылық операциялары күмән тудырған және ставкаларға арналған арнайы есепшоты болған өзге тұлғалар бар. Қазіргі уақытта 24 адам ұсталған, тағы бірі өзге қылмыс үшін қамауда отыр.

Қазанның аяғында Түркия футбол федерациясының (TFF) президенті Ибрагим Хаджиосманоглу 149 төрешінің матчтарға ставка жасағаны үшін уақытша шеттетілгенін мәлімдеген. Олардың жазасы сегіз айдан он екі айға дейін созылады, кейін өмір бойына дисквалификациялануы мүмкін.

Қарашада Хаджиосманоглу жанжалдың экономикалық салдарына да тоқталды. Оның айтуынша, заңсыз ставкалар арқылы Түркиядан шетелге 52 млрд доллар шығарылған. Бұл көрсеткіш футбол мәселесінің спорттан әлдеқашан шығып, қаржы және ұлттық қауіпсіздік деңгейіндегі проблемаға айналғанын аңғартады.

Кадрлық шығындар қаупіне байланысты TFF Халықаралық футбол федерациясымен (ФИФА) келіссөз бастап, қысқы трансферлік терезені 15 күнге ұзартуды сұраған. Бұл қадам клубтардың ықтимал дисквалификациялардан кейін құрамын қайта жасақтауына мүмкіндік беруі тиіс.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары